Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ауылдың ахуалы алаңдатады

Ауылдың ахуалы алаңдатады
Ашық дереккөз
Қалада өмір сүріп, еңбек етіп жүрсек те ауылда туған азаматтардың жағдайы үнемі толғандырады. Себептері өте көп. Ең бастысы, ел халқының азық-түлік қауіпсіздігі агроөнеркәсіп кешенінің дамуына тәуелді.

 Әлемдік бәсекелестік үдерістері күшейіп, экономикалық барьерлер азайып, әлемдік ортақ шаруашылықта еңбек пен нарық бөлінісінің ықпалы өскен заманда өзін-өзі азық-түлікпен толыққанды қамтамасыз етіп, ауылшаруашылық өнімдерінің экспортымен айналысатын мемлекеттер зор пайдаға кенелуде. Президент әлемдік нарыққа Қазақстан сапалы өңделген ауыл өнімдерімен ғана шыға алатындығын орынды ескертеді. Осы мақсатты іске асыру бағытында өз ұсыныстарын, тапсырмаларын берді. Ауылды дамытудың жаңа міндеттерін орындау – Үкімет пен жергілікті басқару органдарының маңызды экономикалық міндеті. Ауылшаруашылығын дамытпайынша, әділетті Қазақстанды қалыптастыру тіптен мүмкін емес.

Себебі қазіргі күнде ел халқының 40 пайызы қалада тұрады. Қазақстан халқының үштен бірінен астамы ауылда тұрғанымен 30 жылда ауыл көркейіп, ауыл экономикасы айтарлықтай дамыды деп айта алмаймыз. Халыққа қажетті сүт, май, ірімшік, шұжық өнімдерінің қомақты бөлшегі импортталады. Мысалы, ішкі тұтынушылыққа қажет сүттің 15 пайызы, ірімшіктің 51 пайызы сырттан әкелінеді. Мұнай, газ сатудан түскен ақшаға еліміз азық-түлік өнімдерін сатып алуға мәжбүр. Ел табысының қомақты бөлігін дамуға емес, тамаққа жұмсап келеді. Рас, нан өнімдері жеткілікті, бидай мен ұнды көп мөлшерде экспортқа шығарып келеміз. Алайда ұннан жасалатын макарон дайын өнімдерін экспорттау әлдеқайда тиімді екендігін ел билігі мен бизнесмендер ескермей келеді.

Дүкендерде отандық өнімдердің үлес салмағы аз. Азық-түліктің басым бөлшегі – импорттық өнімдер. Халықтың 40 пайызы тұратын ауыл елдің азық-түлік қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз ете алмай отыр. Министрлер кабинеті мен Ауылшаруашылығы министрлігі ауыл экономикасын нарықтық талаптарға сай реформалар жүйесін іске асыра алмады. Қазақстан әр жылда КСРО астығының 30 пайызын, жүнінің 28 пайызын дайындап, зор жетістікке жеткен болатын. Өткен жылғы Жолдауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылшаруашылығын дамытуға ерекше назар аударып, агроөнеркәсіп кешенінің алдына нақты міндеттер қойды. Ауылдың өңделген өнімін 70 пайызға көтеруді межелейді. Өнімді тұрақты, сапалы ұсынып отыратын ірі компанияларды қолдау жоспарлануда.

Жылыжайларды, суқоймаларды көбейту, сүт-тауар фермаларының әлеуетін арттыру, ауылшаруашылық техникасын жаңарту, ауылдағы шағын бизнесті қолдау, ауылға заманауи технологиялар тарту, аграрлық ғылымды өндіріспен байланыстыру, суды аз тұтынатын дақылдарды көбірек егу, аграрлық сала өнімдерін сатуды, сақтауды ретке қою сияқты келелі де маңызды міндеттерді шешуді Президент экономиканы жаңартудың ілкімді жолдары ретінде көрсетеді. Аталған міндеттер іске асса, сөз жоқ, елімізде ауылшаруашылығының екінші тынысы ашылады. Осы міндеттерге қосымша, яғни ауылды дамытудың кейбір міндеттеріне тоқталып өтсек дейміз. Әділетті Қазақстанда осы уақытқа дейін орын алып келген ауыл экономикасына «екінші орын» беруді тоқтататын мезгіл жетті. Сапалы ауылшаруашылық өнімдерімен әлемдік нарықта мұнайдан да көп пайда таба алатынымыз белгілі.

Үкімет осы бағытта нақты шараларды жүзеге асыруға міндетті. Ол үшін «болашағы жоқ ауылдар» деген желеумен мыңдаған шағын елді мекенді құртқан байтақ Қазақ жерінің әрбір нүктесінде ауылдар тұруы және қуатты өмір сүруі міндетті. Қаңырап бос қалған жерлерге көз алартушылар, оларды сатуға, жалға беруге қызығушылар көбеюде. Әрбір елді мекен өзіне қарасты жеріне ие болып, «айранын ұрттап, қойын құрттап» отырғаны мемлекетке де, халыққа да пайдасы зор. Жердің егесі халық, жер халықпен көгеріп, өз жемісін береді. Халық мекендемесе, жердің әлеуетін қалай пайдаланамыз? Сондықтан «болашағы жоқ ауылдар» деген желеумен сайын даланы иесіз қоюға болмайды.

Ауыл адамы өз жерін игерсін, малын өсірсін, астық ексін, оны сатып пайда тапсын деген ұстаным мемлекеттік ұстанымға айналса, құба-құп. Мойынқұмның құмында қазақ миллиондап мал өсіргенін ұмытпағанымыз абзал. Әрине, шаруаларды қолдау қажет. Бастапқы жылдары қолдау көрген ауыл еңбекшісі біртіндеп қуат алып, шаруашылығын дөңгелетіп әкетері сөзсіз.Екінші өзекті мәселе – елдегі урбанизациялану деңгейінің күшеюі. Ауыл халқының қалаға үдере көшу үдерісі тоқтамай тұр. Көп ауылдарда жастар қалмауда немесе азаю үстінде. Қалада жұмыс орындары тапшы. Қалаға келген ауылдықтардың көбінде үйі жоқ.

Қара жұмыс істеп, таксилетіп, базарда ұсақ-түйек сатып, біршама жас қор болып жүр. Ауылда жұмыс болса, табыс болса, қалада қаңғып, жұмыс іздеп сандалудың не керегі бар? Еліміздегі стихиялы жағдайда өрістеп, ауылды күйретіп жатқан урбанизациялау үдерістеріне қарсы мемлекеттік кешенді шараларды жасау тағдырлық міндеттер қатарында деп білеміз.Ауылда өскен, ауылшаруашылығын білетін мамандар туған жерін өркендетуге күш салуға тиіс. «Дипломмен – ауылға!» сияқты қажетті, пайдалы шараларды қолдай беруге тиіспіз. Ауылшаруашылығы кооперативтерін, МТС-тер құру, артельдер ұйымдастыру, сияқты әрбір өңір өзіне сәйкес келетін ұжымдық шаруашылықтар формаларын табуы тиімді.

Себебі ірі мал бордақылау алаңдарын, суқоймаларды, астық өңдеу кәсіпорындарын және тағы да басқаларын салу, ұстап тұру бір-екі фермердің қолынан келмейді. Бай-қуатты фермерлер шаруашылығының саны өсе бергені жақсы.Дегенмен агроөнеркәсіп кешенін көтеріп әкетуге олар қауқарсыз. Сондықтан ауылда ұжымдық агрофермалар шешуші рөл атқарады деген ойдамыз. Ірі агрофермалар табысты болуы үшін оған жұмыс істейтін барлық шаруалар адал, әділетті табыстарын алып отыратын жағдай жасалуы керек. Сонда ғана жастар ауылда тоқтайды, өз болашағын ауыл экономикасымен байланыстырады. Ауылда іске аспай, пайда әкелмей жатқан дүние өте көп.

Мысалы, әрбір отбасы кемінде 2-3 қой, 1 ірі қара малды сояды. Етін сатады, жейді. Терісі іске жарамай, қоқысқа лақтырылады. Табиғи таза өнімнен ешқандай пайда болмай қалады. Қой, ешкінің жүні де солай, пайдаға аспауда. Себебі Қазақстанның жеңіл өнеркәсібі ауылшаруашылығымен бірге терең дағдарысқа ұшыраған. Тері, жүн, сүйектерді өңдеп, нарыққа ұсына алатын цехтар, фабрикалар жұмыс істемей тұр. Шикізат жеткілікті. Алайда оны пайда көзіне айналдыратын жеңіл өнеркәсіп саласы болмай тұр. Миллиондаған теріні бір жылда жинауға болады. Әлемдік нарыққа тон, етік, бас киім, тағы басқа тігетін тері дайындауға әбден мүмкіндік бар. Жүннен түсетін пайда да шаш етектен.

Тіптен мал мүйізі, сүйектері тамаша табиғи өнімдер қатарында. Ал қазір ауылдықтар әр қойдан 50-60 мың ғана пайда көреді. Жүні мен терісі іске асса, бұл пайда 30-40 пайызға артуы мүмкін. Өкінішке қарай, олай болмай тұр, пайдалы дүние рәсуә болуда. Кеңестік кезеңде шешілген осы мәселені шұғыл шешу күн тәртібінде деп білеміз. Тері мен жүнді өңдеу қосымша жұмыс орындарын ауылда, аудан орталықтарында ашуға мүмкіндік берер еді. Ауылды дамытудың жолы – ауыл халқының материалдық әл-ауқатын арттырумен қатар, оның әлеуметтік инфрақұрылымын дамыту. Қазір көптеген ауылда аурухана тұрмақ, фельдшерлік пункттер сирек.

Дәрігер іздеп ауыл халқы ірі елді мекендер мен аудан орталықтарына сабылады. Басты байлық денсаулық десек, Үкімет қаржыны аямай, әр ауылда дәрігері бар фельдшерлік пункттер, ауруханалар ашуға міндетті. Ауыл мектептерінде бала саны аз болса да шығыннан қорықпай, 5-10 баланы оқытатын шағын комплектілі мектептерді жаппай, оқуды жалғастыру керек. Кітапхана мен интернет жұмыс істеп тұруы да қажетті. Сонда ғана ауыл өркендейді.

Халық ауылда тұруға дайын болады. Қарап отырсақ, әділетті Қазақстанға түбегейлі жаңа аграрлық саясат керек. Ол саясаттың мақсаты – елді табиғи шикізаттарды сатушы, басым державалардың шикізат базасы емес, оларға аграрлық саланың сапалы өнімдерін сататын мемлекетке айналдыру болуы керек. Жаңа аграрлық саясатты шындыққа айналдыру оңай шаруа емес. Ол үшін мемлекеттілік ғылыми негізделген реформалар іске асырылуы керек. Қазақстан экологиясының таза астығымен, етімен, сүт-майымен, қымыз-құртымен, қызыл ірімшігімен әлемдік нарықтан өз орнын алады деген үміт зор.

Сайын Борбасов,

саяси ғылымдар докторы, профессор

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар