ЖАСТАР ҚҰРАНДЫ ЖАТҚА ОҚЫП ЖАРЫСТЫ
Мұратбек Мәдібековтің кісілік келбеті мен кеңдігін, көшелілігін аудан, алыс-жақын ағайын жақсы біледі. Ұрпақ өрбітіп, ата атанған шақта қолдағы шаруасын балаларына табыс етіп, бірыңғай ізгілік жолын таңдап, қайырымдылықпен айналысады. Ниет білдіріп, үш рет қажылыққа барған қарияның көзі тірісінде тигізген шапағатын, көрсеткен көмегін көпшілік ұмыта қойған жоқ. «Орнында бар оңалар» деген. Ардақты әкенің өмірден озғанына жыл жақындағанда артында қалған ұрпақтары марқұмның аманатына адалдық танытып, сауапты шара өткізуді ұйғарыпты.
Аудандық «Қажы би» мешітінің қолдауымен Балалар жылына орай жасөспірімдер арасында Мұратбек Мәдібеков қажыны еске алуға арналған облыстық Құран жарысы ұйымдастырылды. Шарапатты шараға өңіріміздің әр аймағынан 17 жасқа дейінгі 15 үміткер қатысты.
Жас қарилар жарысының ашылу салтанатында сөз алған Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстағы өкілі, «һибатулла Тарази» мешітінің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев: «Құранды жаттау жасқа қарамайды. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Біздердің ең жақсымыз – Құранды үйреніп, өзгелерге үйрету», деген. 30 пара Құранның 2 парасын жаттап келіп отырған үміткерлерімізге тілеулестік танытайық», десе, Мұратбек Мәдібектің ұлы Мырзабек ардақты әкенің өмір жолына тоқталып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Сауабы мол шараға Бейбіт Мырзагелдиев, ауданның бас имамы Жалғасбай Жұбатханов және «Һибатулла Тарази» мешіті жанындағы қарилар дайындау орталығының ұстазы, қари Бірлік Аманкелді қазылық жасап, жарысқа қатысушылардың Құранды жеткізу мақамына, жылдамдығына, қатесіз оқылуына баса назар аударды.
Құран жарысы барысында жастардың тыңғылықты дайындығымен қатар, іштей толқыныстары да көрініс беріп жатты. Екі параны жаттап, жеткізе білу кім-кімге де оңай емес. Жарыс талабы бойынша қазылар мүшесі бір аятты бастаса, үміткер оны жалғастыруы шарт. Десе де олардың арасынан сынақтан сүрінбей, қабілетімен ерекшеленген жастар аз болған жоқ.
Жарыстың бас жүлдесін иеленген «һибатулла Тарази» мешіті жанындағы қарилар даярлау орталығының шәкірті Рамазан Әбдіқадырға Умра қажылығына жолдама берілсе, 1-орынға лайық деп танылған тараздық Сейітқали Оспановқа 300 мың теңгенің сертификаты табыс етілді. Ал 2-орыннан көрінген байзақтық Әбілла Құрманбек 200 мың теңгенің, 3-орын бұйырған меркілік Бақдәулет Әділет 100 мың теңгенің сертификатын алды.
Сонымен қатар Құран жарысына қатысқан барлық үміткерге қаржылай ынталандыру сыйлықтары берілді.
Нарбол ҚАШАҒАН, Талас ауданы
Келесі мақала