АЛАТАУДАЙ ӨР ТҰЛҒА
Жамбыл ауданында Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, академик Қаратай Тұрысовтың 90 жылдығына арналған облыстық конференция өтті.
Танымдық басқосуға Қ.Тұрысовтың туысы Әлімқұл Мәміталыұлы мен көзі көрген жақындары және аудан тұрғындары қатысты.
Конференцияға қатысушылар азаматтың қайраткерлік қасиеттері мен адами болмысы жайында естеліктерімен бөлісті. Тарих ғылымдарының кандидаты Бақыт Мырзабеков мемлекет және қоғам қайраткері жайындағы деректерді айтып, елі үшін туған тұлғаларды кейінгі ұрпаққа насихаттау қажеттігін жеткізді.
Жиында оқушылар Қаратай Тұрысовқа арнауларын арнап, ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсеткен біртуар азаматты барынша насихат етті.
1934 жылы 2 ақпанда Жамбыл ауданының Жасөркен ауылында туылған Қаратай аға – өмірдің барлық өткелінен өткен қайсар қайраткер. Ол алғашында 6 жастан ауылдағы мектепте дәріс алып, 1950 жылы 16 жасында облыс орталығындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектеп-интернатын күміс медальмен тәмамдап, сол жылы Мәскеу геология барлау институтының студенті атанды. Кейіннен Мәскеу қаласында Жоғары партия мектебін, КСРО Министрлер кеңесі жанындағы халық шаруашылығы академиясын бітірді.
Алатаудай өр тұлға Қаратай аға Тұрысұлы хақында естеліктер таусылмаса керек. Артында бізге мұра болып өмірлік өнегесі, орамды ойлары мен есті сөздері қалды.
Ол аштықтың орнын арманмен, жоқтықтың орнын таудай талаппен, жетімдіктің орнын жасымас жігермен толтырған, көлеңкелі ойлардан аулақ, көлгірсу мен көсемсуді білмеген, жөн-жосықпен ғана жүрген аңғарымпаз адам еді.
Кезінде еліміздің кенді аймақтарының геологиялық картасын жасауға үлес қосып, «Қазақстанның құрметті кен барлаушысы» атағын алған, ел басқару қызметін ұзақ уақыт атқарып, өмірінің соңғы жылдарында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қаржы және бюджет комитетінің төрағасы болып, заң шығару ісінде өз қолтаңбасын қалдырған қайраткердің есімі ел жадында мәңгі сақталмақ.
Все реакции:
54Nurym Syrǵabaı, Ақжігіт Жетпісбай и ещё 52