Дәулескер күйші мұрасы дәріптелді
Жуырда Сарысу аудандық кітапханасының ұйымдастыруымен ақын, жыршы-жырау, дүлдүл күйші М.Шәутіұлының туғанына 115 жыл толу мерейтойына арналған «Дарынды ақын, дәулескер күйші» атты әдеби-сазды кеш өтті.
Кештің мақсаты – күйші, ақын Мәді Шәутіұлының күмбірлеген күйлері мен әдемі жыр-өлеңдерін халқымыздың асыл қазынасына енгізу, бай әдеби мұрасын ұрпақ игілігіне жарату. Жас ұрпақты өнерді, әдебиетті сүюге, қастерлеуге баулу.
Іс-шара күйшінің өмірі мен шығармашылығына А.Жанжолованың тоқталуымен басталды. Теледидардан Маралтай Райымбекұлының «Таңшолпан» телебағдарламасындағы берген сұхбатынан үзінді көрсетілді. Айтыс ақындары мен жыршы, термешілердің халықаралық одағының мүшесі Талғат Хусайынов. Мәді күйшіге арнау жырын тарту етті. Зерттеуші, ғалым Құдайберген Мәмбетов Мәді күйші жайында тағылымды естеліктерімен бөлісіп, өзінің күйшіге арнап шығарған кітабының жазылу желісіне, шығу тарихына тоқталды. Аудандық билер кеңесінің төрағасы Серік Аппазов, аудандық билер кеңесінің мүшесі Марқаш Мизанбаев, Жаңатас қалалық билер кеңесінің мүшесі Асылбек Қасымбеков, ҚР Журналистер одағының мүшесі Диханбай Ақділда, Игілік ауылының алқа билер төрағасы Мұсахан Наширбаев, алқа би мүшелері Рыстан Жанбеков, Жұмабай Назаров, Қонысбай Қошаев Мәді күйші туралы тағылымды әңгімелер айтып, тебіреніп еске алды.
Әдеби-сазды кеште «Өнер» мектебінің қызметкерлері күйші рухының мәңгі өлмейтінін, халықтың есінде мәңгі сақталатынын айта келе, Мәді күйшінің «Зар қосбасар» күйін Жаңатас қалалық өнер мектебінің ұстаздары Ақниет Қаюп, «Қоңыр» күйін Нұрбол Өмірбек, кітапхана оқырманы Бақдәулет Құттыбай Құрманғазының «Адай» күйін орындап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Ақын Маралтай Райымбекұлының «Дәуірдің үні» атты Мәді туралы естелігіне кітапхана қызметкері Жансая Рахымжанова, Асқар Мырзахметовтің «Тағдырлы тұлға» атты естелігіне кітапхана қызметкері Нәзипа Иса тоқталып өтті.
Мәді Шәутіұлының «Төрт өгіз» өлеңін Шынар Қаспақова, «Көңіл күйі» өлеңін Балкерім Қойлыбаева оқыды. «Дәуірдің үні» атты виртуалды кітап көрмесіне Шынар Қаспақова библиографиялық шолу жасады. Облыстық мәслихат депутаты, Сарысу аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айтбала Жолмаханова қорытынды сөз сөйлеп, келген қонақтарға жылы лебізін білдірді.
«AR-AI»-ақпарат
Келесі мақала