Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Арманым – туған жерде ән кешін өткізу»

«Арманым – туған жерде ән кешін өткізу»
Ашық дереккөз
Құт дарыған киелі Қордай өңірі – ежелден өнерге бай өлке. «Боз даланың бозторғайы атанған әнші-композитор Кенен Әзірбаевтің ізін жалғаған өнер саңлақтары бүгінде арамызда баршылық. Солардың бірі – талантымен талайды мойындатып үлгерген әнші Меруерт Мүсірәлі. Жуырда Меруерт Жақсыбекқызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Меруерт ханым, ең алдымен өзіңіз жайлы аз-кем айтып өтсеңіз. – Мен 1985 жылы Әлжан ана ауылында қарапайым отбасында дүниеге келгенмін. Ата-анамның, туыстарымның қамқорлығына, үлкен сүйіспеншілігіне бөленіп өстім. Үйдің жалғыз қызымын, ағам және өзімнен кейін інім бар. Ауылда Т.Рысқұлов атындағы мектепте оқыдым, кейін Қордай ауылына көшіп, 11-сыныпты Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда оқып бітірдім. Қазіргі таңда Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында аға оқытушымын. Қазақ өнерінің қарашаңырағында еңбек етіп жүргеніме 15 жыл болды. – Өнер жолына қалай келдіңіз? – Бала кезімнен ән айтып, өнерге бүйірім тартып тұратын. Мектепте домбырадан сабақ беретін Динара есімді ұстазымыз болатын. Сол апайымызға қарап қатты қызығатынмын.

Біздің үйде ағама деп алып қойған кішкентай домбыра төрімізде ілулі тұратын. Сол көзіме түскен соң әкемнен рұқсат сұрап, домбырамды қолыма ала үйірмеге бардым. Өнер жолына ең алғашқы қадамым осылай басталды. Ол кезде мен 7-8 жас шамасында болсам керек. Сонымен, домбыра үйірмесіне екі жылдай барып, кейін әкем мені Қордайдағы Мұқан Төлебаев атындағы музыкалық мектепке, Қалибек Бұтабаев ағайдың домбыра сыныбына берді. Негізі ол мектепте 5 жыл оқуым керек еді, бірақ барлық бағдарламаларды 4 жылда бітіріп шықтым. 2002 жылы мектепті тәмамдағаннан кейін Қырғызстандағы жоғары оқу орындарының бірінде «Филология» мамандығы бойынша білім алуым керек болатын.

Тағдыр шығар, бәлкім, сол жылы жазда Ардақ Бәлтаев ағам үйге қонаққа келді. Ол уақытта Ардақ аға Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжінің 2-курс студенті еді. Маған ол: «Неге сен ән айтпайсың? Құдай берген даусың бар ғой», – деді. Біраз ойланып, өнер ордасы Алматыға жол тарттым. Басында әкем: «Еңбегің текке кететін болды, тіл маманы болуға әбден дайындалдың ғой», – деп қарсы болды. «Егер грантқа түссең, оқи бер, ал түсе алмасаң, Қырғызстанда оқисың», – деп кесіп айтты.

Сөйтіп, Алла сәтін салып Жүсіпбек Елебеков атындағы колледжге грантқа оқуға түстім. Колледжді бітіргеннен кейін 2005 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті атандым. Қазір есімдері елге танымал Мөлдір Әуелбекова, Динара Сұлтан қыздарыңызбен бірге оқып, студенттік шақтың қызығын бірге көрдік. – Үлгі алар ұстаздарыңыз кім? Өнердегі жетістіктеріңізге шолу жасасақ. – Ж.Елебеков атындағы колледжде талай шәкірт тәрбиелеген, ҚР Еңбек сіңірген әртісі болған, өкінішке қарай, қазір ортамызда жоқ Люция Төлешова сыныбында оқыдым.

2003 жылы Люция Қажығалиқызы мені Астанада өткен «Шабыт» халықаралық вокалистер конкурсына жіберген болатын. Шыны керек, үлкен байқауға шығып көрмеген менде қалай болады екен, әнімді ойдағыдай айта аламын ба деген уайым көп болды. Осы орайда ұстазымның маған деген сенімі, қолдауы көңіліме үлкен медет берді.

Расында, 80 адамның ішінде үздік деп танылып, бірінші орынды иелендім. Алғашқы үлкен жеңісімнен кейін өзіме деген сенімділігім артып, қанатым қатая бастады, өнерге деген құлшынысым да күшейе түсті. Сонымен қатар 2008 жылы Қарағанды қаласында өткен республикалық вокалистер байқауында бас жүлде ұтып алған болатынмын. Өнер академиясының 3-курсында оқып жүргенімде «Ақсарай» мюзикл театрына вокалист болуға ұсыныс түсті.

Аталмыш театрда менің құрбым жұмыс істейтін. Олар өздеріне эстрада, джаз, блюз бағытында ән орындайтын әнші іздеп жүрген екен. Кастинг өтіп, мені жұмысқа қабылдады. Кастингте мені ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Болат Атабаев деген кісі тыңдап, бағасын берді.

Сол театрда 2008-2012 жылдар аралығында жұмыс істедім. Кейін Болат Атабаев ағамыз Германиядағы театр академиясына жұмысқа кетті. Біз 2013 жылы сол кісінің шақыртуымен «Ақсарай» мюзикл театры болып Еуропаға гастрольдік іссапарға шықтық. Германия, Франция, Бельгия, Голландия мемлекеттерін араладық. 2014 жылы Болат ағайымыздың ұйытқы болуымен сонау Алжирге театр фестиваліне барып келген болатынбыз.

Шетелге шығып, біздің көп нәрсеге көзіміз ашылды. Айтпағым, менің өнерде үлгі тұтар екі ұстазым бар. Бірі – даусыма қатысты нюанстардың бәрін реттеген, менің талғамымды өсірген өнердегі анам Люция Қажығалиқызы болса, екіншісі – өнердегі әкем болған кісі Болат Манашұлы. Екеуі де өте мықты мамандар, ондай кісілерден тәлім алу мен үшін үлкен бақыт.

Болат Атабаев менің өнерге деген көзқарасымды өзгерткен адам. Жалпы әннің құдіреті, халық әндерін орындауда оны сезіне білуді үйретіп, дүниенің артынан қуып кетпей, жеке тұлға болып қалыптасуымызға септігін тигізді. – Осы жерде сәл кідіре тұрып, өткенге шегінсек. «Бақытсыз-ақ бақытты болып жүрген» балалық шағыңыз қалай өтті? Кішкентай Меруерт қандай болды? – Балалық шағым өте қызықты өтті. Үйде жалғыз қыз болсам да ата-анам тым еркелетіп жіберген жоқ.

Анам қаталдау кісі, тәртіпті жақсы көреді, өте еңбекқор, батыл. Ал әкем балалары үшін, туған-туыс үшін ештеңесін аямайтын өте қамқор адам, алып бәйтеректей үлкен әулетіміздің ақылшы тірегі, арқасүйері дей аламын. – «Егер әнші болмағанымда осы істің басын шалар едім» деп қандай мамандықты айтар едіңіз? – Әнші болмағанда ағылшын, қытай, араб тілдерінің маманы болатын едім. Дегенмен Алланың қалауымен өнер жолына түстім. Еш өкініш жоқ, өйткені мен өзімді өнер жолында сеземін, көремін. – Еңбектің жануы үшін ұстаздың өзіндік оқыту тәсілі болуы керек.

Сіз ұстаз ретінде қандай әдіс-тәсілді ұстанасыз? «Менің шәкіртім» деп мақтанатын оқушыларыңыз бар ма? – Өнер жолы өте қатал. Барлығына бірдей үлкен сахнаны бағындыру бұйыра бермейді. Ол үшін талмай еңбектену қажет, бәйгеде жүйрік болу керек деп үнемі шәкірттеріме айтып отырамын. Талапшыл ұстазбын, дегенмен оқушыларымның көңіл күйіне көп қараймын, өнер адамдарының жаны нәзік болады ғой. Сондықтан оның ашылып, өзін көрсете білуі үшін көңіл күйі де дұрыс болуы керек. Сол себепті оқушыларыммен көбірек сөйлесуге тырысамын. Адамгершілік, еңбек, кітап оқу туралы жиі ой бөлісеміз.

Оқитын бала мен оқымайтын бала көрініп тұрады. Аллаға шүкір, мақтанышпен айтатын шәкірттерім көп. Бірнеше халықаралық конкурстың лауреаты, «Қазақстан дауысы» жобасының қатысушысы Алмагүл Батталиева деген қызым бар.

Биыл 4-курсты аяқтайды. Осы 4 жылда 10-нан астам байқауға қатысып, біреуінен орынсыз қайтқан емес. Бексұлтан Кенішқалиев деген студентім болды, ол «Славян базары» байқауында 3-орын алып, еліміздің атын шығарған. Сонымен қатар Жұпар Садақбаева, Гүлайхан Рысбай, Біржан Жүнісбеков, Айдос Әлқуат, Нұрболат Еренгаипов деген дарынды оқушыларды оқыттым. Қазір Ләззат Сұлтанова деген шәкіртім бар, ол қыз баршаңызға белгілі «Кешью» тобының құрамында ән айтады.

– Сіз гастрольмен, байқаулармен Қазақстанды аралап, шетелге де көп шығыпсыз. Есте қаларлық қызық оқиғалардың бірімен бөліссеңіз... – «Ақсарай» театрымен Германияға гастрольдік іссапармен барған кезіміз. Бір күні Болат Атабаев ағамыз бізге жалғыз актриса ойнайтын театрға барамыз деді. Яғни бір әртіс бірнеше рөлді сомдайтын театр. Бізге қызық, қалай түрлі рөлді жалғыз адам ғана сомдайды деп аң-таңбыз. Сонымен, Кельн қаласынан 3-4 сағаттық жерге «электричкамен» жеттік. Театр дегені кәдімгі пәтер екен.

Актрисаның үйіне кірдік. Іші бос, бірнеше бөлмесі бар. Әр бөлмеге 5-6 адамнан отырдық. Бір бөлмеде ағайымыз бен жігіттер отырды, екіншісіне біз қыздармен отырдық, үшінші бөлмеде тағы жартымыз жайғастық. Сөйтіп, әлгі актриса әр бөлмеге кіргенде әртүрлі рөлді сомдап шығады. Енді неміс актрисаның өнеріне ерекше тамсандық, психология жағынан да көп ой салады екен. Керемет есте қаларлық сәт болған.

– Туған жеріңізде ән кешін беру ойыңызда бар ма? – Менің ойымша, өнер адамы авторлық кешін беру үшін іштей пісіп, сол ойға келу керек. Әрине, жүрегімнің түбінде туған жерімде ән кешін өткізсем деген арманым бар. Оған атүсті қарамай, үлкен жауапкершілікпен келу керек деп есептеймін. Тыңдарман рухани демалып қайтатындай ерекше концерт өткізсем деймін. Қазір оқытушылыққа көп көңіл бөліп, әншілік бағыт екінші орынға шығып қалған секілді.

Бірақ алда не күтіп тұрғаны бір Аллаға ғана аян ғой. – Өткен жыл сіз үшін несімен есте қалды? Биылға жаңа жоспар құрып үлгердіңіз бе? – Өткен жыл мен үшін өте жемісті жыл болды. Докторантураның 1-курсын жақсы аяқтап, 2-курсқа көштім. Қарағандыда «Жұлдыз-2023» Х республикалық эстрадалық орындаушылар байқауында қазылар алқасының құрамында болдым, сонысымен есте қалды.

Одан бөлек сіңлім тұрмысқа шықты, інім шаңырақ көтерді, үй алды, сондай туған-туысқандарым үшін де жағымды жаңалықтарға толы жыл болды. Биылғы жылға жоспар бар, әрине. Наурыз-сәуір айларында Түркияның Стамбул қаласына оқуға кетемін. Келген соң мені біраз күтіп қалған үш әнім бар, соларды жарыққа шығаруым керек.

Жалпы осы жылды әншілік жолымды жетілдіруге арнамақпын. Шыны керек, мен көп концерттерге бара бермеймін. Биыл өзіме ұнаған кештерге белсенді қатысып, көп еңбектену ойымда бар. Сабақпен бірге әншілікті алып жүру оңай емес, бірақ алға ұмтылғым келеді.

Денсаулыққа көбірек мән беріп, спортпен шұғылдану, әкем мен анамды шетелге демалысқа алып бару, білімімді одан әрі жетілдіру – осы жылғы мақсатым. Адам өмір бақи жаңа білім алумен, ізденумен өтуі керек деп ойлаймын. – Керемет, барлық жоспарыңыз сәтті іске ассын! Сізге шығармашылық табыс тілейміз. Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Сәуле Мұхадинқызы,

журналист, Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар