Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жер сілкінісіне қатысты ақпараттың бәрі ақиқат емес

Жер сілкінісіне қатысты ақпараттың бәрі ақиқат емес
Ашық дереккөз
Соңғы жылдары жиілеп кеткен сейсмикалық жағдайларға байланысты әлеуметтік желіде, ғаламторда түрлі материалдар жарық көріп келеді. Расында, олардың біразы зерттеу еңбектері болса, басым бөлігі фейк пен дақпыртқа толы. Өткен жылғы Түркия мен Сирия жерінде болған қасіретке толы зілзаланың әсері әлі де болса ел санасын үрей кейпінде кезіп жүр. Ал жуырда ғана Алматыда болған жер сілкінісі елдің есінде біразға дейін сақталары сөзсіз. Үйлердің шайқалып, алматылықтарды әбігерге салғаны өз алдына бөлек әңгіме, ал дәл сол сәтте жедел тараған кей жалған ақпараттардың жұрттың үрейін одан әрі ұшырғаны да ұмытылар емес.

Алматылықтарды алаңдатқан жағдай

Қаңтардың 22-сінен 23-іне қараған түні Сейсмология институты мен ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында магнитудасы 6,7 балдық жер сілкінісін тіркеді. Сейсмикалық толқындарды Алматы тұрғындары да сезді. Яғни оңтүстік астанаға МSК-64 шкаласы бойынша 5 балдық дүмпулер жетті. Жер сілкінісі айтарлықтай сезілді және тұрғындардың көбін көшеге жүгіріп шығуға итермеледі. Алғашқы дүмпулерден соң-ақ мессенджерлерде үрейге толы хабарламалар тарай бастады.

Осы ретте ең кең тараған фейктерді талдап көрсек. «WhatsApp» мессенджерінде «Тыныштық сақтаңыздар, алты балл. Қаланың жоғары жағында бәрі жарылды. Қала бойынша төтенше жағдай жарияланды. Әл-Фараби маңында екі көлік құлады. Түнде тағы да дүмпу болады. Жапониядағыдай 13 балға дейін жетеді» деген мазмұнда аудиохабарлама тарады. Анығында, бұл хабарламада келтірілген ақпараттың бәрі – жалған. Алматыда алты емес, бес балл тіркелді. Қаланың жоғары жағы «жарылған жоқ», ал екі көлік туралы ақпаратты ресми дөреккөздер растамады.

Төтенше жағдайлар жарияланған жоқ және 13 балдық жер сілкінісі болатыны да айтылған жоқ. Жалпы жер сілкінісінің ең жоғары күші 12 балға дейін ғана жететінін біле жүргендеріңіз жөн. Мессенджерлерде келесі дүмпулердің қарқыны мен уақыты болжанған осыған ұқсас басқа да хабарламалар тарады. Жойқын жер сілкінісі туралы да айтылды. Алайда 23 қаңтарда түнде болған дүмпулер анағұрлым әлсіз болды.

Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жатақханаларының бірінің төртінші қабаты құлап қалғаны, төрт студенттің үйінді астында қалғаны туралы хабарлама тарады. Дәлел ретінде жатақхана ғимаратының бір бөлігі, бір топ адам мен жедел жәрдем көлігі бар фото келтірілді. Жартысы қираған ғимарат бар тағы бір фото да тарады. Алайда ақпарат жалған болып шықты. Журналистер ақпаратқа толық фактчек жасап, жатақхананың қирамағанын нақтылады (студенттер тек қабырғалардың жарықшақтанғанын хабарлаған). Жедел жәрдем бар фото расымен жатақхана маңында түсірілген.

Алайда куәгерлердің сөзінше, медицина қызметкерлері онда бірнеше студенттің халі нашарлаған кезде барған. Жартылай қираған үй фотосының Қазақстанға тіпті қатысы жоқ. Сурет өткен жылғы наурызда Ресей әскері Украинаның Запорожье ауданына шабуыл жасаған соң түсірілген. Яғни фотода – Украина қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірі. ҚазҰУ-дың жатақханасы туралы ақпаратпен қатар ғимараттың қирандысы бейнеленген басқа да сурет тарады. Бірақ бұл суреттің жатақхана туралы фейкке қатысы бар ма, не бөлек тарады ма, ол жағы белгісіз. Кәсіби фотоаппаратпен түсірілгенге ұқсайтын фотоның сапасы да бірден көзге түседі. Фото бойынша нақтылау әрекеттері суреттің 2023 жылғы қарашада Астрахань қаласында, бес қабатты үйдің екі подъезі құлағанда түсірілгені анықталды.

Елді дүрліктіргендер айыппұл арқалады

Алматыда болған жер сілкінісі кезінде жалған ақпарат таратқан екі адамға жаза берілді. Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады. Қазіргі уақытта жер сілкінгенде фейк ақпарат таратқан 18 және 29 жастағы әйел анықталды. Олардың әрқайсысы 36 920 теңге айыппұл төлейді. «Аталған тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 456-2-бабының 3-бөлігі (онлайн-платформаларды пайдаланушылардың қоғамдық тәртіптің, азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерінің не қоғамның немесе мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерінің бұзылуына жағдай жасайтын жалған ақпаратты орналастыруы, таратуы, егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса) бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл түрінде жаза қолданумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда», делінген қалалық прокуратура сайтында. Орын алған жер сілкінісі аясында әртүрлі әлеуметтік желілерде және мессенджер чаттарында табиғи апаттың салдары туралы көпе-көрінеу жалған хабарламаларды орналастыру фактілері орын алды, бұл өз кезегінде азаматтар арасында дүрбелең және кең қоғамдық резонанс тудырды.

Айдың гравитациясы Жер сілкінісіне әсер етпейді

Қоғамда және интернет кеңістігінде жер сілкінісі көбіне түнде болады деген пікір жиі айтылады. Көптеген қолданушы мен баспасөз құралы мұны Айдың ықпалымен байланыстырады. Бірден айтарымыз, түнде жер сілкінісінің көп болатыны туралы теория – миф. Геологтар мен сейсмологтардың пікірінше, жер сілкінісі тәуліктің әртүрлі уақытында тура сол ықтималдықпен болуы мүмкін. Яғни жер сілкінісі көбіне таңертең болады деген кең тараған пікір де қате. Десе де журналистер қауымын Ай гравитациясының ықпалы туралы аргумент қызықтырғаны рас және біразы оны толығырақ зерттеп, оның сейсмикалық жағдайға әсерін анықтап көруге тырысты.

Ғылыми әдебиетте Ай мен Күннің гравитациялық күшінен пайда болған теңіз және жер деңгейінің көтерілуінің жер сілкінісінің пайда болуына ықпалы және бұл құбылыстардың арасында корреляциясы туралы зерттеулер кездеседі. Алайда әзірге нақты байланыс анықталған жоқ. Бүгінгі таңда ғылыми әлемде бұл мәселеге қатысты нақты консенсус жоқ, бірақ ол белсенді зерттеліп жатыр және болашақта мұндай дәлел табылып қалуы мүмкін екенін де жоққа шығармаймыз.

Алайда мәселе алғашқы себебі емес, ықпалы туралы болып отырғанын да айта кету керек. Ай мен Күннің гравитациялық тартылыс күші теңіздің көтерілуіне немесе тартылуына, жердің көтерілуіне алып келетіні белгілі. Жердің қозғалуы – Ай мен Күннің гравитациялық күшінен пайда болған күштердің әсерімен Жердің деформациялануы (биіктік деңгейінің өзгеруі). Ұлыбритания геологиялық қызметінің жазуынша, бұл деформацияның алдын алуға болады. Күштер қолданылмайтын кезде объект (жер денесі) алғашқы формасына қайта оралады. Жер қозғалыстарының нәтижесінде пайда болған қысым тектоникалық плиталардың қозғалысына қарағанда аз. Жер бетіне теңіздің көтерілуі де әсер етеді.

Көктемгі ағын деп аталатын ең ірілері Жер, Күн мен Ай бір қатарға тізілгенде пайда болады, яғни Ай толғанда олардың гравитациялық күштері бірігеді. Ай мен Күннің гравитациясынан пайда болатын теңіздің көтерілуі және жердің жоғарылауы сейсмикалық жағдайға әсер ете ме? Ұлыбритания геологиялық қызметтерінің дерегінше, Жердің жоғарылуы мен жер сілкінісі арасындағы байланысты тапқан да, таппаған да зерттеулер бар. АҚШ геологиялық қызметі де бұл туралы жазады. Олар 2004 жылы «Science» журналында жарияланған зерттеуді мысалға келтіреді. Онда Ай толғанда жер мен теңіздің биік нүктелерінде континент шеттерінің және жерасты субдукция зоналарының өзгеру ықтималдылығы барын, алайда оның өте төмен деңгейде екенін айтады.

Осы қызметтің дерегінше, Маммот-Лейкс секілді жанартау аймақтарындағы афтершоктардың жиілігі мен жер деңгейінің бір күндік көтерілу корреляциясы арасында аз да болса статистикалық көрсеткіш бары хабарланған. Деңгейдің көтерілуі мен жер сілкінісінің пайда болуы немесе магнитудасы арасындағы байланыс туралы «Earth and Planetary Science Letters» (Metivier et al., 2009), «Nature Geoscience» (Ide et al., 2016), «Nature Communications» (Scholz et al., 2019), «Geodesy and Geodynamics» (Yan et al., 2023) журналдарындағы зерттеулерде бар.

Сарапшылар жер қыртысының жарылған жері қирауға жақын кезде болатын жер сілкіністеріне назар аударады: деңгейдің кішігірім болсын көтерілуі мұндай жағдайда арнасына толып тұрған судың шыққанындай болады. Алайда жер сілкіністерінің жер мен теңіз деңгейінің өзгерісіне ықпалы туралы дәлел жеткіліксіз. Мұны «Geoscience and Society» (Dryhurst et al., 2022) журналында жарияланған зерттеу анық көрсетеді: онда Жер саласындағы 164 сарапшының жер сілкініс фактілері мен фикциялары туралы пікірі берілген.

«Жер сілкінісі жер мен теңіз деңгейінің белгілі бір өзгерісінде болады» деген тұжырымға 1-7 балл аралығында жауап беруді сұрағанда, сарапшылардың бағалауы консенсустан алыс болып шыққан. Бұл жерде 1 – өтірік, 7 – шындық деген мәнді білдіреді. Әрі 1 және 2 деген балды таңдаған сарапшылар 6 және 7 балл деген жауапты таңдағандардан екі есе көп болып шықты. Басқа жауаптармен салыстырсақ, сұрақтың жауабы анықталмады деген мамандар екінші орынға жайғасқан – 13,9 пайыз (22 адам).

Ж.Бақытбекұлы 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар