Тарих пәнін оқытуда педагогтардың тәжірибелік және пәндік құзыреттіліктерін арттыру, тәжірибе алмасуына жағдай жасау мақсатында өткен іс-шара барысында педагогтар Тараз қаласындағы Керімбай атындағы №12 мектеп-гимназияның 9-11-сыныптарына ашық сабақтар ұйымдастырды.
Ашық сабақ кезінде тарих сабақтарында белсенді оқу әдістерін қолдану, пәнді оқытуда құндылыққа бағдарланған білім беру, заманауи әдістемелер мен педагогикалық технологиялар, білім берудің сапасын арттыруда ақпараттық-коммуникативтік технологияларды пайдаланудың, білім алушылардың оқу сауаттылығын арттырудың тиімді жолдары талқыланды.
Іс-шараның тәжірибелік кезеңінде Тараз қаласы мен Меркі, Қордай, Т.Рысқұлов, Сарысу, Шу аудандарының педагогтары «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы негіздері» пәндерінен «Ақ Орда – Қазақ хандығының негізі», «Германдық әлеуметтік-нарықтық шаруашылық ерекшеліктері қандай?», «ХІХ ғасырдағы қазақ ағартушыларының қоғамдық-саяси көзқарастары», «Қазақ хандығы: мемлекеттің саяси институттары», «Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің жариялануы» тақырыптарында 9,10,11-сынып оқушыларына ашық сабақтар өткізіп, іс-тәжірибелерімен бөлісті. Облыстық ашық сабақтарға облыс аудандары мен Тараз қаласының тарих пәні мұғалімдері, «1000 мектеп» жобасына енген мектептердің пән мұғалімдері – барлығы 50 педагог қатысты.
Айжан Өзбекова