Басқосуды Тараз қалалық мәслихатының депутаты, «Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Бердалиев құттықтау сөзбен ашып, Ауған соғысының тарихы жайлы баяндады. Сондай-ақ өзінің Желтоқсан көтерілісі кезінде бастан кешкен қиын кезеңдерін айтып, мұның бәрі де жастарға патриоттық негізде үлгі болатынын атап өтті.
Әрі өз замандастарымен мақтанатынын айтқан Мұрат Әзімханұлы жастарды өз елінің патриоты болуға үндеді. – 15 ақпан – Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шыққан күні. Бұл ардагерлер үшін тамаша мейрам бола тұра, дәл сол күн осы қасіретті соғыста қаза тапқан интернационалист-жауынгерлерді еске алу күні болып саналады.
Сондықтан біз соғыста қаза тапқан интернационалист-жауынгерлердің ерліктеріне бас иеміз. Бүгінгі кездесу соғыстан аман оралған солдаттардың жеңісіне 35 жыл толуына орай ұйымдастырылып отыр.
Құрметті ардагерлер, сіздер жастарға қай жағынан болсын тамаша үлгісіздер. Сіздерді көріп, әңгімелеріңізді естіп өскен жастар Отанына адал, елі үшін ерлік жасауға даяр тұратын болады, – деді Мұрат Бердалиев. Кездесуге келген басқа да желтоқсаншылар мен Ауған соғысының ардагерлері соғыстың қасіреті мен азабы туралы айтып, бейбіт күннің қадіріне жетуге үндеді.
– Ауған соғысы майдангерлердің мәңгілік жан жарасына айналды. Жалындап тұрған жас шағында мыңдаған азамат жат елде жан тапсырып, майданнан түрлі жарақатпен оралды. Өкініштісі сол, оқ пен оттың ортасынан аман оралғандардың саны күннен-күнге сиреп барады.
Десе де ерлікті ескеріп, естен шығармай, Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсету – жастардың парызы. Қанша дегенмен де соғыстың аты – соғыс, – деді прокуратура органдарының, Ауған соғысының, Желтоқсан қозғалысының ардагері Құлымбет Әбдіқұлов.
Сондай-ақ кездесуге келген облыстық «Интернационалист-жауынгер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Керім Ізбасаров сияқты батырларымыз да жастарға өнеге-үлгі боларлық әңгіме айтып, Ауған соғысында орын алған оқиғаларды еске алудың өзі үрейлі екенін, бейбітшіліктің қадірін соғыссыз білудің өзі бақыт екенін айтып, көпшіліктің көңілін толқытты.
Айта кету керек, Ауған соғысы – Кеңес одағы тұсындағы тарихтың ең қайғылы беттерінің бірі. 1979 жылы 12 желтоқсанда Кеңес одағы басшыларының шағын тобы Ауғанстанға Кеңес әскерін енгізу туралы шешім қабылдады.
Сөйтіп, 1979 жылы 27 желтоқсанда КСРО әскерлері Ауғанстан шекарасынан өтіп, онда 1989 жылдың 15 ақпанына дейін соғыс қимылдарын жүргізді. Он жылға жуық бөтен елдің мүддесін қорғаған Ауғанстан әскерлері құрамында Қазақстаннан 22 269 жауынгер интернационалистік міндетін атқарды.
Олардың 924-і сұрапыл шайқаста ерлікпен қаза тапты, 21 адам хабар-ошарсыз кетті, мыңдаған азамат елге мүгедек болып оралды. Қаншама қазақстандық отбасына қасірет әкелген Ауған соғысы біз үшін осылай аяқталған болатын.
Шапағат Әбдір