Спикерлердің айтуынша, өңірлік кадр резервіне іріктеудің ерекшелігі – мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, мақсатты іріктеу жүргізу болмақ. Осылайша кезекті іріктеу 7 негізгі сала бойынша жүзеге асырылады. Олар: индустрия және өнеркәсіп, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инфрақұрылым, агроөнеркәсіптік кешен және жер қатынастары, цифрландыру, экология. Талаптарға сәйкес, іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 3 жыл жалпы жұмыс тәжірибесі бар Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
Руслан Шарипов өңірлік кадр резервінің мүшесі болу үшін үміткерлер 5 кезеңнен тұратын кешенді іріктеуден өтуі тиіс екенін айтты – Бірінші кезең – резервке іріктеуге қатысу үшін кандидаттардың құжаттарын қабылдау. Құжаттарды қабылдау биылғы 1-31 наурыз аралығында «onir.pkrezerv.gov.kz» арнайы ақпараттық жүйесінде және онлайн режимде жүзеге асырылады. Қажетті құжаттар: Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігінің немесе паспортының көшірмесі, білім туралы құжаттардың және оларға қосымшалардың көшірмелері, еңбек қызметін растайтын құжаттың көшірмесі, соңғы жұмыс орны бойынша кадр қызметімен расталған іріктеу тәртібінің нысаны қосымшасы бойынша өңірлік резервке кандидаттың қызметтік тізімі, түрлі-түсті фотосурет. Екінші кезең – заңнамалық білімін және жеке қасиеттерін бағалауды тестілеу.
Тестілеу Мемлекеттік басқару академиясы мен оның филиалдарының тестілеу залдарында офлайн форматта, екі блокта өтеді. Үшінші кезең – «Құзыреттерді бағалау» Астана қаласында Мемлекеттік басқару академиясының базасында офлайн форматта өтеді. Төртінші кезең – «Комиссиядағы құрылымдық сұхбат» кандидат таңдаған салалық бағыт бойынша, жобаны презентациялау форматында өткізіледі. Бесінші кезең – «Комиссияның отырысында» резервке кандидаттарды қабылдау туралы ұсыныс шығарылады, – дейді Руслан Шарипов.
Өңірлік резервке алынған адамдардың тізімі комиссия шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде интернет-ресурстарда, сондай-ақ онлайн-платформада жарияланады. Руслан Шамелұлының айтуынша, агенттік тарапынан іріктеудің барынша ашықтығы мен объективтілігін қамтамасыз етуге бағытталған. Кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша «onir.pkrezerv.gov.kz»-те жарияланып, барлық азаматтар үшін қатысушылар туралы ақпарат қолжетімді болады.
Брифинг соңында баяндамашы жастарды іріктеуге белсенді қатысуға шақырып, кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа легін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды. Кандидаттар іріктеуден өту тілі мен әр кезеңнің өту күні және уақытын таңдай алады Өңірлік резервте болу мерзімі – 2 жыл.
АЙЖАН ӨЗБЕКОВА