Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар

Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар
Ашық дереккөз
ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Тараз қаласында «Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар» атты іс-шара өткізді. Акцияның мақсаты – Қарулы Күштердің оң имиджін және әскери қызметтің беделін арттыру. Сонымен қатар азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және жастардың әскери борышын өтеуге деген ынтасын арттыру да негізгі мақсаттың бірі.

 Қорғаныс ведомствосы ақпараттық десантының акция аясындағы іс-шаралары Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласын қамтиды. Елордалық делегация құрамына Тәрбие және идеологиялық жұмыс, Әскери білім және ғылым департаменттерінің өкілдері, Қарулы Күштер Мемлекеттік әскери-тарихи мұражайының қызметкерлері, Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың шығармашылық тобы және ҚР Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің хоры кіреді.

Топтың Тараздағы жұмысы облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментімен және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығымен тығыз байланыста өткенін айта кету керек. Акцияға орта мектептер мен колледждердің оқушылары, жоғары оқу орындары жанындағы әскери кафедралардың студенттері және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері тартылды. Астаналық делегация жексенбі күні Тараз гарнизоны әскери бөлімдерінің мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерімен кездесу өткізді. Онда сарбаздарға әлеуметтік жеңілдіктер туралы, оның ішінде мерзімді қызмет өтеу кезінде кредиттік демалыстар беру, ҰБТ тапсырмай ЖОО-ға түсу, ал жауынгерлік дайындық үздіктері үшін грант бөлу жөнінде айтылды.

Тараздағы «Баласағұн» орталық концерт залында екінші дүниежүзілік соғысқа, Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылу тарихына, қазіргі заманғы армияға және оның даму перспективаларына қатысты экспозициялардан тұратын мұражай көрсетілімі ұйымдастырылды. «Жас сарбаз» қозғалысының тәрбиеленуші­лерімен болған кездесу «Патриотизм – Қазақстан­ның өркендеуінің негізі» тақырыбын­дағы ерлік сабағы түрінде өтті.

Дәріскерлер қалалық мектептердің 9-11-сынып оқушыларына әскери қызметке шақыру тәртібі туралы ғана емес, әскери оқу орындарына түсу шарттары жайында да егжей-тегжейлі айтып берді. Кездесу әскери шығармашылық ұжымдардың концерттік бағдарламасымен аяқталды. Отан туралы әндер, музыкалық композициялар мен би қойылымдары жас көрермендерге ерекше қуаныш сыйлады. – Іс-шара маған қатты ұнады.

Бұған дейін мен оның мұншалықты әсерлі өтетінін сезінбедім. Маған әсер еткені сонша, тіпті әскери адам болғым келіп кетті, – дейді Тараз қаласындағы №8 орта мектептің оқушысы Інжу Жеңісқызы. Кездесуде Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің офицері, подполковник Дәулет Бейсеков өскелең ұрпақ пен жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеудің маңыздылығын атап өтті.

– Бұл іс-шаралар қатысушыларға өз елінің азаматы болу деген ұғымның нені білдіретінін және біздің әрқайсысымызға қандай міндеттер мен жауапкершілік жүктелгенін түсінуде үлкен көмек болды, – деді Дәулет Бейсеков. «Егемен елдің ертеңі – айбынды жастар» акциясы Түркістан облысының Арыс қаласында жалғасын тапты. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы Шымкент, Түркістан және Кентау қалаларына да барды.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар