Жаңалықтар
Сағым сіңген сағынышқа айналып, Қоңыр күзге қатты ұқсап барамын...
- author AR-AY
- 30 шілде, 2022
- 222
Сағым сіңген сағынышқа айналып, Қоңыр күзге қатты ұқсап барамын...
Жас ақын Назерке Оңғар 1994 жылы Талас ауданының Ойық ауылында қарапайым қазақ отбасында дүниеге келген. 2000 жылы Ойық ауылына қарасты Көктөбе бөлімшесіндегі Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 2012 жылы тәмамдаған.
Өлең өлкесіндегі тырнақалды туындылары оқушы кезінен аудандық және облыстық басылым беттерінде жарияланған. Қанжығасына алғашқы жүлдесін 2012 жылдың көктемінде «Абай оқулары» байқауында «Өз шығармашылығы» номинациясы бойынша байлаған. 2012 жылы Қыздар мемлекеттік педагогикалық университетінің «Ы.Алтынсарин атындағы» грантын ұтып алған.
Студенттік жылдарында шығармашылығына ерекше ден қоя бастаған. 2012-2016 жылдар аралығында жазған өлеңдері мен мақалалары облыстық, аудандық басылымдарда жарық көрген. Сондай-ақ «Елін сүйген, елі сүйген Елбасы», «Өрімтал», «Жамбылдың жауһазын жырлары», тағы басқа бірнеше жыр жинақтарына өлеңдері енген. Жас ақынның «Өмір дедім...», «Арман айым», «Сағындым сені...», «Сен қайта оралғанда...», «Қарындасым», «Бақыттың бағасы», «Ғашығым» атты бірнеше өлеңіне ән жазылған.
Күзгі әуен
Жапырақша үміттерім үзілген,
Тамшы, тамшы арман құлап ағады.
Бір өтініш: айырмаңызшы күзімнен!
Мен онсыз,
Ал ол менсіз жаралы.
Іңір түссе, кірбің басып қылтиып,
Жүзден күлкі, жүректен жаз тоналды.
Білемісіз, сіздік сезім тым биік,
Көкті құшып, желмен ұшып жоғалды.
Тамшылардың қамшылары заңдылық,
Жапырақта жаз сүртпесін білгенмін.
Жастығымды ащы жасқа малдырып,
Сезуші едім,
Сетінерін іргемнің.
Сорға батып үміт гүлін солдырған,
Сол сәтте де дәл осындай күз еді.
ЖҮРЕК ІШІНДЕГІ ЖҮРЕККЕ ХАТ
Жүрек, білемісің,
Сен беймәлім жатырсың бұл әлемнен,
Сен ойласам алай-дүлей мына кеудем.
Тағатым да таусылып күтіп жүрмін,
Сабырымды сілкінтіп жырақ кеткен.
Жүрек, сен білесің,
Тамырымда толқындап асау қаным.
Тәңіріме наламды арта алмадым.
Тағдыр маған АНА бол деп айқайлап тұр,
Ал мен соны сәт сайын армандадым.
Армандадым,
Жетегінде елестің алданбадым.
Қанатымды қаққылап ақ ұямнан,
Ақ отаудың төріне аттанғанмын.
Жүрек!
Сосын сені тербетіп құрсағымда,
Бақыттың кезіп жүрмін гүлзарында.
Бірақ жаным біле жүр өмір ағай,
Гүл толтыра бермейді құшағыңа.
Тырнағын да батырар тағдыр шешей,
Сынақтарды тосып ал қарсы келмей.
Парасаттың биігінде қал, тұрақта,
Қу тірліктің құнарсыз соңына ермей.
Жүрек!
Қараймын да кейпіме әр айнадан,
Еш себепсіз сені ойлап арайланам.
Сен дін аман келу үшін мына әлемге,
Жүрегімді ұсынам сарғаймаған.
Сарғаймаған...
КҮРСІНБЕШІ
Күрсінісің еңсемді басып қалды,
Қай тірліктен кейідің, ардағым-ау?
Хат жазар ем сен үшін ғасырға әлгі,
Тынышы жоқ дүниеден шаршадың-ау.
Мен Құдайға қалтқысыз сенем жаным,
Қайырлысын береді ол біздерге әлі.
Бұл өмірде ғайыптың білем барын,
Күйзелтсе де кеудемді күздің әні.
Жан құсаңды қағар едім қауырсынша,
Менің оған шарам кәні, шамам кәні?
Маған келші бір сезім сағындырса,
Жазбасам да емдейін жараңды әлгі...
ЖАРЫМА
Сен жүріп өткен жолдарда ән қалсын жаңғырып,
Күздегі соқпақтай кейпіне, көркіне таңғалып.
Сен жүрген жолдарда саз қалсын сан үміт,
Сезімді, сенімді сөнбейтін сән қылып.
Сен айтқан жырлардың тынбасын қанаты қағылып,
Көмейден сәт сайын ағылып, емдейтін иесі табылып,
Күтетін жандарды қуантып, күтпегендерді зар қылып,
Бақыттан айналтып бастарын жүргендер болса қамығып.
Сен салған әуендер таралсын таңдарды таңға ұрып,
Есіткен кеудені ессіз қып естерден тандырып,
Құлақтың құрышын қандырып,
Миларды отқа орап, жүректі күл қылып жандырып,
Сәттерді бақытты ән қылып, етсінші өмірді мәңгілік.
Түспейтін ешқашан биіктен,
Сен салған ән болсын сүйікті ең.
Жаным...
ЖАН ӘКЕ
Құзар шыңым!
Қабыл алшы, құлыныңның жыр азығын.
Уысыңда ұяңдай күн кешемін,
Суығына селт етпестен бұл ғасырдың.
Асқар тауым!
Ақ үмітті ақтау ғой басты арманым.
Тәңірінен тағатсыз сен сұраған,
Ақын болып өсіп келед(і) қасқалдағың.
Жасыл бағым!
Қаһарманы өзіңсің бұл ғасырлардың.
Қанатына қақтырмай асау күннің,
Өзің барда тұмсықтыға шаншылмадым.
Шалқар көлім!
Шарықтасам торлаған шаттық көзін.
Жан дүниең жабырқаған сәттерде де,
Жанарыңнан жасқанбаған бақыт көрдім.
Қыран құсым!
Қызыңның жырға құмар жанын түсін.
Өмірім мен өнегең былай тұрсын,
Өлең жазам шылым аңқыр жағаң үшін.
ТАҢ СӘРІДЕ
Түн...
Сағаттың тырсылы...
Жүректің дүрсілі...
Терезе маңында бұтақтар сыбдыры.
Ақырын аяңдап таң атып келеді,
Айқасты-ау, әйтеуір көзімнің кірпігі.
Түсімде...
Қыз көрдім сұп-суық...
Су көрдім тұп-тұнық...
Көкжалдың көзінен бір кекті сыр ұғып.
Құзар шың басында тұр екем,
Қасымда көк бөрі, қолымда ақберен.
Тау басы...
Ақ қарға оранып...
Ал жүрек сезімнен тоналып...
Қар қызы секілді тау таңын қарсы алып,
Жүзімді аспанға тосамын,
Тәңірге тәубе деп, тағдырға тамсанып.
Көп иттер...
Тартады етектен...
Дағдыға мендегі ет өлген...
Ұлыған бөріге қосыла оқ аттым кенеттен.
Шың мен жер арасын, торыған,
Иттерден құтылмақ себептен.
***
Мезгілсіз ояумын,
Мекенім ай асты.
Жүректе сезім мен арманның айқасы.
Бақыт жайлы дұға оқып отырмын,
Бақытсыздарды ТӘҢІР өзің аяшы.
Білмеймін бағым ба,
Жоқ әлде барым ба?
Нақ бүгін өмірге наз айттым жалыға.
Түндерден жиналған түйдек ой,
Батып тұр түйін боп жаныма.
Өмірде мен бармын,
Және мен жалғыз емеспін.
Емеспін сосын қорқағы ойдың, елестің.
Арманға қарай асыққан жандар легінде,
Кешіп келемін өлмеген күйін өлместің.
Жолықтым жартыма,
Жо-жо-жоқ тағдырға.
Сен кешір жүрегім жаңылдың тағы да.
Бақыт деп құшарың бар ма екен әлемде,
Барым деп сүйгенім жоқ екен жадымда.
СЕН ҚАЙТА ОРАЛҒАНДА...
Сен қайта оралғанда...
Бəріде кеш болады, кеш күнім.
Көз алдымнан жоғалады кескінің.
Өр кеудеңнен құс боп ұшып кетермін,
Естелік боп қала берсін ескі мұң.
Сен қайта оралғанда...
Ұқсарсың күзгі бақтай тоналғанға.
Санамнан сендік ойлар жоғалғанда,
Сабырым жеңіп кетер сезімімді,
Жалғыз куə болады оған да Алла.
Сен қайта оралғанда...
Алданып қаласың-ау жоқ арманға.
Мен де жоқ, жүрек те жоқ сонау маңда,
Сен жалғыз қаларсың-ау күңіреніп,
Мен жалғыз болашаққа жол алғанда.
Сен қайта оралғанда...
Бекінем саған қайта оралмауға.
Серт етем тіпті тірі санамауға!
Келме жəне аққулар қонар маңға.
Сен мені күтпе де енді келеді деп,
Болмайтын бос үмітке жоқ алданба.
Саған арнап...
Соңғы рет өлең жаздым,
Үзіп алып гүлдердің сабағынан,
Құйып алып азаптың шарабынан,
Саған арнап...
Соңғы рет өлең жаздым,
Жасымды үзбей, жылаған жанарымнан.
Саған арнап...
Көңілдің мұңын шерттім,
Қара аспанның жүрегі айға қарап.
Түнгі қала, көше мен сайды аралап,
Саған арнап...
Көңілдің мұңын шерттім,
Біресе тас, біресе тауға айқайлап.
Саған арнап...
Соңғы рет қалам алдым.
Мені мәңгі көңілден өшірсін деп,
Көзіндегі бақытын өсірсін деп.
Саған арнап...
Соңғы рет қалам алдым,
Кешпей кеткен қатемді кешірсін деп.
Саған арнап...
Соңғы рет өлең жаздым,
Саған арнап жазамын өлгенімше,
Жаратқанның бұйрығы келгенінше.
Саған арнап...
Тағы да өлең жазам,
Алып көктен қызарып сөнгенімше.
Білемін
...Білемін мен, білемін,
Не дейтінін тағы сенің жүрегің!
Білемін...
Сен жақсылардың жақсысысың, білемін,
Сенің ғана жүзіңде күн күлетін.
Сөздеріңнен інжу-маржан төгіліп,
Көздеріңнен нұр шашылып жүретін.
...Білемін...
Сен асылдардың асылысың, білемін,
Асқар шыңдар сен деп тізе бүгетін.
Ала таңнан қос қолдап Тәңірімнен,
Тағдырыма сені бер деп тіледім.
...Білемін...
Сен ғажаптардың ғажабысың, білемін,
Бар ғұмырды тек сен үшін сүремін.
Сен деп қана толғанып ой мен санам,
Тек сен үшін соққылайды жүрегім.
...Білемін...
Сен биіктердің биігісің, білемін,
Күн аялап, ай сүйетін реңін.
Сол биікте тұрақтағын, жарығым,
Менің де сәл дамылдасын жүрегім.
Күзгі әуен
Жапырақша үміттерім үзілген,
Тамшы, тамшы арман құлап ағады.
Бір өтініш: айырмаңызшы күзімнен!
Мен онсыз,
Ал ол менсіз жаралы.
Іңір түссе, кірбің басып қылтиып,
Жүзден күлкі, жүректен жаз тоналды.
Білемісіз, сіздік сезім тым биік,
Көкті құшып, желмен ұшып жоғалды.
Тамшылардың қамшылары заңдылық,
Жапырақта жаз сүртпесін білгенмін.
Жастығымды ащы жасқа малдырып,
Сезуші едім,
Сетінерін іргемнің.
Сорға батып үміт гүлін солдырған,
Сол сәтте де дәл осындай күз еді.
Орға жығып сансыз күдік тоңдырған.
Әй, жалғыздық,
Айырмашы біздерді.
Сағым сіңген сағынышқа айналып,
Қоңыр күзге қатты ұқсап барамын.
Ақталмаймын мың толғанып ойланып,
Мені ұғынса,
Жапырақтар ұғатын.
Құлан түзде, мына бізге жолықпас,
Айрық жолдың жалғыз аяқ соқпағы.
Сіз секілді мені ешкім тоңдырмас,
Сіз секілді,
Сіз секілді жылытар жан жоқ тағы.
Жаутаңдаған ботакөзге жас тұнып,
Маужыраған мақпал шыбық жылайды.
Мүмкін болса мені күзге қалдырып,
Ал өзіңіз,
Күн кешіңіз ыңғайлы.
Өлген уақыт
Уақыттың өзі уақытша,
Уақытымды ұттырмаймын уақытқа...
Кез болып еді, жүргенде жалғыз бір адам,
Қолында сағат, уақытын менен сұраған.
Алып-ұшып, арсалаңдап жүгірді,
Апыр-ай, уақытын менбе ұрлаған?
Иә, иә, иә ұрладым оның уақытын,
Ұқсайды екен сағатына бақыттың.
Жүрегімде жазылмас жарам бар еді,
Естіген е(ді)м емдейтінін уақыттың.
Уақыт салған дертті уақыт емдейді,
Бұл сөзіме сенбе құрбым, сен мейлі.
Сәттерім бар еске алуға тым-м-м қиын,
Бағасына кей кездің құн етпейді.
Ал сен, менен уақытыңды сұрама,
Алмастырғам жылап тұрған жырларға.
Күнәсі мол, куәсі сол мезгілдің.
Жалғыз айдың жүзін жуған түн ғана.
Менің де,
Саған қиған сағаттарым оралмады,
Түсінемін, сол сәттердің жоқ арманы.
Сен сыйлаған өмірдің үзіндісі,
Неге менің бақытым бола алмады?!
Солай қалқам, сорымды енді еске салма,
Уақыт сұрап жолықтың-ау (ескі адамға).
Мені өзгерткен өмірімнің сағаттары,
Сен танымай келіп тұрсың енді алдыма.
Адасқан арман
Адасты арман, ал қызыл гүлдер мұңайды,
Мұңайғаны аяусыз жанды қинайды.
Іздеймін сені, сұр көше, суық қаладан,
Жанар да талды қараумен жансыз маңайды.
Іздейді, жаным қалайды!
Дәрмен жоқ менде өткен-кеткенді сұрайтын,
Дәтім жоқ тіпті, жаңа сұлба да құрайтын.
Кездесші менің, кезінде ғашық көзіме,
Тамшыдай мөлдір жанарға сыймай құлаймын.
Өлеңге салып жылайын!
Күй кешудемін, кешпес тағдырым қалаған,
Доспын сосын, мені ұғынбаған сол жан адам,
Есік сыртында (жалғыздық) досым күтеді,
Өзің кеткелі жалғыздық үшін жылаған!
Ұғынбаған соң бір адам!
Өзім дедің...
Өзім дедің,
Тамып тұрды көзіңнен мұң,
Сөзіңнен мұң,
Жан қоярға жер таппай жылағанда,
Алла куә, талдай түн көз ілмедім.
Өзім дедің...
Өгейсіткен мына өмір өзім дедің,
Сүйегіңнен өткенше сүйіп тұрып,
Ал сүйікті болуды сезінбедің.
Өзім дедің...
Бұл тірліктің тауқыметін сезінгенің,
Құшақ-құшақ гүлге оранар шағыңда,
Құлаш-құлаш қайғыны өсіргенің.
Өзім дедің...
Өткеніңнің жастанып өкіргенін.
Іңір түссе іритін жаныңменен,
Кінәлісі бар сатқан сезімдердің.
Өзім дедің...
Сен, бекерін білсең де өкінгенің.
Тойтарысын тағдырдың беріп тұрып,
Томағаңның астынан егілгенің.
Өзім дедің...
Кінәлісі бар сатқан сезімдердің...
Келесі мақала