МУЗЕЙ ҚОРЫНДАҒЫ ТАЛАС РУНИКАЛЫҚ ЖАЗУЛАРЫ
Көне түркі руникалық жазулары көптеген түркі тайпаларының қоғамдық-мәдени даму тарихымен тығыз байланысты. Түркі руникасы Орталық Азиядағы тайпалардың дүниетанымына, тұрмыстық өмірлеріне, наным-сенімдеріне, мәдениетіне, тарихына қатысты көптеген құнды ақпараттарды жеткізеді.
Түрік бітік – көне түріктердің төл жазуы. Түрік бітіктің кеңістік аумағы бүгінгі Моңғолиядан бастап Алтай, Тува, Хакасия-Енисей, Абақан, Кем өзені, Бурятия – Байкөлі, Лена, Саха, Шығыс Түркістан – Тұрпан ойпаты, Дунхуань, Миран, одан Қазақстан-Ертіс, Талас, Іле, Сыр, Еділ, Жайық өзендері, Ферғана, одан ары Солтүстік Кавказ, Шығыс Еуропаны қамтиды.
Тарихи деректанулық тұрғыдан «Орхон ескерткіштері», оның ішінде Білге қаған, Күлтегін, Тоныкөк, Ел етміш қаған (Мойынчұр, Тариат ескерткіші), Тэс, Сужи және т.б. бітіктастары мен ескерткіштерінде Орталық Азия тарихына байланысты мол деректер бар. Ал Енисей, Талас ескерткіштерінде эпитафиялық сарындағы мәтіндер жазылған.
Бүгінде түркі руникасының Талас типіне жатқызылатын бітіктастар мен орхон жазуы бар балбал тастар Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі қорында сақтаулы және бұл бірегей ескерткіштер музей қорының мақтанышы екені сөзсіз. Өйткені бірнеше Талас руникалық жазуы бар ескерткіштер Ресейдің Мемлекеттік Эрмитажына өтіп кеткен. Сондай-ақ Қырғызстанның Бішкек қаласындағы Мемлекеттік тарих музейінде сақтаулы.
Жетісуда Талас өзені бойынан табылған түркі руникалық жазуларының саны жиырмаға жуықтайды. Алайда ешқайсысының нақты уақыты анықталмаған. Зерттеуші ғалымдар шартты түрде көпшілігін V-VIII ғасырларға жатқызады. Сонымен қатар ғалымдар тарапынан Талас ескерткіштері осы аумақтың байырғы түркітілдес тұрғындары – қаңлыларға тиесілі деген болжамдар да айтылды.
Орыс ғалымы С.Г.Кляшторный Талас жазуларын 716-739 жылдарға, яғни Жетісу мен Тянь-Шаньдағы Түргеш қағанатының өмір сүруінің соңғы кезеңіне жатқызса, И.Л.Кызласов Талас жазуларын IX-X ғасырлардағы қарлұқ тайпаларымен, яғни Қарлұқ қағанатымен байланыстырады.
Талас таяқшаларды 1933 жылы археолог М.Е.Массон Ресей Мемлекеттік Эрмитажына өткізген. Осы сәттен бастап мәтіннің аудармасымен М.Е.Малов айналысқан, алайда өз аудармасына өзі қатты сыни көзқараспен қараған. Өйткені мәтінде руникалық жаңа таңбалар кездескен. Кейіннен бұл мәтіндерді аударумен қазақ ғалымы А.С.Аманжолов айналысып, 2002 жылы өз аудармасын берген. А.С.Аманжолов өз еңбегінде ағаш таяқшалардағы жазуларды буддисттердің магиялық түсініктерімен байланыстырады. Өйткені VI-VIII ғасырлардағы түрік қағандары үшін буддалық тәлімгерлер мен будда философиясы ерекше артықшылыққа ие болған. Таяқшадағы жазулар түркі руникасының ерте жазу формасына жатқызылады.
Аталған ескерткіштердің мәтіндерін қайта пысықтау жұмыстары Халықаралық Түркі академиясы ғалымдарымен бірлесе жүргізілді. Сондай-ақ аталған академия ғалымдары музей қорындағы араб графикалық жазуы бар жәдігерлердің аудармасымен айналысты. Араб графикалық жазуы бар тастар өлкеміздегі ортағасырлық араб жаулаушылығымен, ислам дінінің орнауымен тығыз байланысты болып келеді. Бұл жәдігерлерден бөлек музейде Түркі дәуірінің тас мүсіндері, ұстын тастар, түпнұсқа күйінде Ұмай ананың тасқа қашалған бейнесі халық назарына ұсынылып, тарихы баяндалады. Руна жазуы бар тас мүсіндерде музей қорын байытып отыр. Әлем өркениетінің шоқтығы биік ірі мұраларының музей қорында сақтаулы тұрғаны біз үшін үлкен мәртебе.
Жұлдыз АЛМАНҚҰЛОВА,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің экскурсиялық және көпшілікке қызмет көрсету
Келесі мақала