Одан кейін «Aq jol», «Знамя труда» және «AR-АI» газеттерінің, сондай-ақ «Jambylinfo» ақпараттық агенттігінің редакциялық ұжымдарының өкілдерімен кездесу өткізді. Жиында Лесбек Құралбайұлы қоғам бірлігі мен оның тұрақты дамуының басты шарты билік құрылымдары мен облыс тұрғындары арасында жақсы қарым-қатынастың орнауында екенін атап өтті.
Бұл істе БАҚ өкілдері үлкен рөл атқаратынын жеткізді. – Бұқаралық ақпарат құралдарын билік пен бұқара арасындағы алтын көпір деп бекер айтпаған. Олар қарашаның ахуалын айтады. Жай-күйін көрсетеді. Біртіндеп мәселенің шешілуіне атсалысады. Жұрттың тілегі, өтініші мен үміті журналистердің қаламының ұшында жинақталған.
Алайда шындықты шырылдап айтатын тілшілерге зор жауапкершілік жүктелген. Журналист сын мақалаларды нақты дәлелдермен, фактілер келтіре отырып жазғаны абзал. Өйткені оның да есебі бар, күні ертең мақалаға қатысты іс қозғалып жатса, өзінің дұрыстығын дәлелдей білуі қажет.
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев те БАҚ саласын қолдап отыр. Облыс әкімі де қандай да болмасын ақпараттың шынайы, объективті, сенімді түрде жариялануына мән береді. Мақтау болса да, даттау болса да, бір саланың жетістігі туралы ақпарат болмасын егжей-тегжейлі талданып, зерттеліп жазылғаны абзал. Аймақ басшысы шынайы ақпаратты, көрсеткішті тек журналистер ғана емес, аудан әкімінен бастап, басқарма басшыларынан да талап етуде.
Өздеріңіз білесіздер, жақында облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы Қытай еліне жұмыс сапарымен барып қайтты. Көршілес елдің басшылары мен кәсіпкерлерімен іскерлік байланыс орнатты. Алдағы уақытта мұндай іссапарларға аудан әкімдерін жіберуді де жоспарлап отыр. Мұндай өзгерістер өңіріміздің дамуы үшін маңызды, – деді Л.Ілебаев.
Одан әрі облыс әкімі аппаратының басшысы холдинг жұмысын заман талабына сай жаңғырту жоспарынан хабардар екенін айтып, ұжымның барлық бастамаларына сәттілік тіледі. Өз кезегінде «Aulieata-Media» ЖШС бас директоры Данияр Асқарұлы басылымдарға жазылу мәселесіне қолдау көрсетілсе деген тілегін жеткізді. Аппарат басшысы оқырман тарту бойынша газеттер де сапалы өнім шығару керектігін айтып, жазылым мәселесі бойынша облыстық ішкі саясат басқармасына тиісті тапсырма жүктеді.
– Газет оқу да мәдениеттің бір түрі. Ал мәдениет мәжбүрлеуден басталады деп жатамыз. Сондықтан басылымға жазылуды талап ету ұят емес. Бұл істе қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз. Аудан әкімдері, басқарма басшыларына тапсырма береміз. Бірақ сіздерде де оларды қызықтыратын, ынталандыратын дүниелер болуы керек. Қызықты, танымдық-тарихи, зерттеу, облыстың беткеұстар тұлғалары туралы мақалалар жиі жарияланып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.
Мәселен, әлеуметтік желі, технология дамып кеткен шетелдерде халық әлі күнге газет оқиды. «New York Times» секілді басылымдар әлі күнге өз мінберінен түспей келеді. Маңызды ақпараттар алдымен осы газетте жарияланады. Біздің басылымдарды да сол деңгейге көтеруге бірігіп атсалысайық, – деді Лесбек Құралбайұлы.
Ал журналистер болса, редакциялардың материалдық-техникалық базасы жаңартуды қажет етіп тұрғанын тілге тиек етіп, көмек сұрады. Сондай-ақ медиахолдинг қызметкерлерінің жалақысын көтеру жайы назарға алынса деген өтініш айтылды. Лесбек Ілебаев барлық өтініштер жан-жақты зерттелетінін, одан кейін жауаптар беріліп, тиісті жұмыстар қолға алынатынын айтты.
А.БЕКЕНҚЫЗЫ