Баяндама жасаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Ұлана Сламбекованың айтуынша, өңірде 82 бұқаралық ақпарат құралы (45 баспа құралы, 4 телеарна, 33 ақпараттық агенттік) жұмыс істеуде. Сондай-ақ әртүрлі бағыттағы 878 үкіметтік емес ұйым, 75 этномәдени бірлестік, 7 саяси партия, 11 конфессиядан тұратын 383 діни бірлестік тіркелген.
Өткен жылы ақпараттық саясатқа облыс бойынша 1,4 миллиард теңге қаржы бөлініп, мемлекеттік ақпараттық тапсырысты 48 БАҚ орындаған. Жалпы 31 тақырыптық медиа-жоспар бекітіліп, 11 мыңнан астам материал жарияланған. Сондай-ақ 2023 жылы басқарма тарапынан мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 13,3 миллион теңгеге 2 жоба жүзеге асырылыпты. – Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 145 жобаға 1 165,0 миллион теңге қаржы бөлінді. Қаржы көлемінің 78,4 пайызы мүмкіндігі шектеулі адамдардың мәселелеріне бағытталған. 253,4 миллион теңге мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттандыруға, білім, спорт және мәдениет салаларына, жастарды қолдауға және тағы басқа бағыттарға арналған әлеуметтік жобалар. 2024 жылға 135 әлеуметтік жобаға 1 миллиард 168,5 миллион теңге қаржы жоспарлануда.
Ал этносаралық келісімді нығайтуда облыстық ассамблея жанындағы 7 құрылымдық бөлімшенің әлеуеті пайдаланылуда. Облыста 87 этнос өкілі бар. Этностардың мәдениеті мен салт-дәстүрлерін дамыту мақсатында 75 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. 2023 жылы қоғамдағы бірлік пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған 1 075 іс-шара өтті. Идеологиялық жұмыстың бір бағыты – сыртқы көрнекі ақпарат құралдарын орналастыру. Өңірде 1 500-ге жуық көрнекілік бар. Олардың мазмұны, мағынасының дұрыстығы, тақырыбының өзектілігі тұрақты зерделеніп отырады. Президент әкімшілігі өткен жылы өңірлерде сыртқы көрнекіліктерге зерделеу жүргізген болатын.
Нәтижесінде облыста ұтыс ойындарына бәс тігуге арналған көрнекіліктердің көп кездескенін атап өтті. Бұл «Жарнама туралы» заң талаптарына қайшы келмесе де идеологиялық жағынан дұрыс емес деп есептейміз. Тағы бір маңызды мәселелердің бірі – мемлекеттік органдардың мемлекеттік рәміздерді орналастыру, оларды пайдалануына мониторинг жүргізу. Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия жұмысын үйлестіреді. Мұндай комиссиялар Тараз қаласы мен аудандарда да бар. Республикалық топ Тараз қаласы мен бірқатар ауданда болып, құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарды зерделеген болатын. Нәтижесінде көптеген кемшілік анықталып, оны жою тапсырылды, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ жиында «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Мүбәрак Жинақбаева, «Шерхан Мұртаза атындағы баспасөз үйі (Өңірлік коммуникациялар қызметі)» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Алмат Садуақас баяндама жасап, өздері жетекшілік етіп отырған мекемелердің атқарған жұмысымен, алдағы жоба-жоспарларымен таныстырды. Ал «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры Данияр Асқарұлы өз сөзінде «Aq jol», «Знамя труда» және «AR-АI» сынды үш облыстық газетті біріктіріп отырған холдингтің басылымдардың таралымын көбейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарына, газеттердің жаңа жылдан бастап жаңа форматта шыға бастағанына, аймақтағы күрделі мәселелерді саралаған сын мақалаларға ерекше мән беріліп отырғанына тоқталды.
Басқосуды қорытындылаған облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев атқарылып жатқан жұмыстардың барлығы халықтың игілігіне бағытталуы тиіс екеніне, мемлекеттік саясатты насихаттау, бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылып жатқанын халыққа жеткізу жұмыстары күшейтілуі қажеттігіне назар аударды.
«AR-AI»-ақпарат