Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жалқаудың жауы –жұмыс»

«Жалқаудың жауы –жұмыс»
ашық дереккөз
«Жалқаудың жауы –жұмыс»
Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексін іске асыру мақсатында өткен жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылған болатын. Бұрынғы жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары ретінде қайта құрылып, өз жұмыстарын жалғастырды. Осы ретте біз облыстық еңбек мобильділігі орталығының директоры Серік Әлібековке жолығып, халықтың жұмыспен қамтылуы жайында сұхбаттасқан едік.

– Серік Айдарұлы, еңбек мобильділігі орталығы құрылғалы өңір тұрғындарын жұмыспен қамтуда қандай жоспарлы жұмыстар жүзеге асты? – Бүгінде облыс көлемінде жұмыссыздарды азайту мәселесі бойынша бірқатар шаруа атқарылуда. Бұл бойынша Тараз қаласы мен аудандарда тұрғындар арасында түрлі түсіндіру, кеңес беру жұмыстары жүргізіліп, жәрмеңкелер өткізілуде. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінгі күні облыс бойынша 15 111 бос жүрген азамат жұмыссыз ретінде тіркелген. Ал өткен жылдың соңында жұмыссыздардың саны 14 381 адамды құраған. Жыл басында қанша адамды жұмыспен қамту керектігі жоспарланып, межелі міндет белгіленеді. Мәселен, өткен жылы жалпы облыс бойынша 31 746 тұрғынды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарланса, оның ішінде ең көбі 8 077 орын Тараз қаласына тиесілі болды. Ал ең аз көлем Мойынқұм ауданында межеленіп, 904 тұрғынды жұмысқа орналастыру көзделген. Осы жоспар 100 пайыз орындалды. Енді биыл да дәл осы көрсеткішке қол жеткізуді көздеп отырмыз. Тараз қаласы мен аудандардың бөлінісінде аздаған өзгерістер бар, дегенмен биыл облыста жалпы 31 746 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Бұдан бөлек мүгедектігі бар азаматтарды және пробация қызметінің есебінде тұрған, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды жұмыспен қамту да өзекті мәселе. Сол секілді он сегіз жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, білім беру ұйымдарының түлектері болып саналатын жастар қатарындағы азаматтарды да жұмысқа орналастыру ұйымдастырылуда. Өткен жылы арнайы квотамен облыс бойынша 86 мүгедектігі бар азаматты, оқуды тәмамдаған, ата-ана қамқорлығынсыз қалған 3 түлекті, жазасын өтеп шыққан 80 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланып, меже 100 пайызға орындалды. Атап айтар болсақ, бұл –мүгедектерге арнап жаңа жұмыс орнын ашатын жұмыс берушілерді субсидиялау. Егер жұмыс беруші «мына жұмыс орнын ашуға осыншама қаржым кетті» деп біздің орталыққа келсе, алдымен жергілікті атқарушы органдардан құралған комиссия мұның нақты талаптарға қаншалықты сай келетінін тексеріп, лайықты деп тапса, жұмыс берушіге субсидия бөледі. Субсидия алу үшін жұмыс беруші жергілікті мансап орталығына өтінімін тапсырады. Өтініммен қоса заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу куәлігінің көшірмесі немесе сол туралы анықтама, жұмыс орнындағы құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығынның сметасын көрсетуі шарт. Мансап орталығы құжаттармен бірге өтінімді қабылдаған соң үш күннен кешіктірмей қарап шығады. Содан соң өтінімді жергілікті органдарға жібереді. Айта кету керек, уақытша жұмыс орнын ашатын жұмыс берушіге субсидия берілмейді. 2023 жылы мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру үшін арнайы жұмыс орындарын құратын жұмыс берушілердің шығындарын субсидиялау қағидалары мен шарттарын бекіту туралы» 2023 жылғы 29 маусымдағы №266 бұйрығына сәйкес былтыр Тараз қаласы бойынша 11 арнайы жұмыс орны құрылды. Атап айтқанда, «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Тараз» корпоративтік қоры 1 көру қабілетінен толық айырылған мүгедектігі бар адамға 1 380 000 теңгеге арнайы құрал-жабдықтар алды. «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл оқу-өндірістік кәсіпорны» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 5 көру қабілетінен толық айырылған мүгедектігі бар адамды 6 925 000 теңгенің арнайы құрал-жабдықтарымен қамтамасыз етті. «БАҒЫТ Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі кресло-арбамен жүріп-тұратын мүгедектігі бар 5 тұрғынға 6 898 300 теңгеге арнайы құрал-жабдықтар алып берді. Ал жергілікті мансап орталығы жұмыссыз ретінде тіркелген мүгедектігі бар азаматтарға құрылған арнайы жұмыс орындарына жолдама беріп, олар тұрақты жұмыспен қамтылды. Жасалған шарттарға сәйкес істелген жұмыстардың актісі толтырылып, облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне шыққан шығындарды өтеу үшін жолданды. Өткен жылы 11 мүгедектігі бар азаматты арнайы жұмыс орнына орналастыру Тараз қаласы бойынша мансап орталығына жүктелген болса, биыл облыс көлеміндегі кейбір мансап орталықтарына да осындай міндет жүктеліп, меже белгіленіп отыр. – Субсидияланатын жұмыс орындары туралы толығырақ айтып өтсеңіз... – Субсидияланатын жұмыс орындары –бұл жұмыспен қамтылғандардың жалақысын мемлекет ішінара немесе толық төлейтін еңбек түрлері. Мұндай жұмыс орындарын белгілі бір талаптарға сәйкес келетін кез келген жұмыс беруші өз кәсіпорнында ұйымдастыра алады. Ол үшін электронды еңбек биржасы, яғни «еnbek.kz» порталы арқылы қажетті орындарға өтініш беру жеткілікті. Субсидияланатын жұмыс орындарына жергілікті мекенжайы бойынша мансап орталығында тіркелген барлық жұмыссыздардың орналасу мүмкіндігі бар. Жұмыс орындарын субсидиялау жұмыссыздар санатына байланысты бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Бұл тұрғыда «Қоғамдық жұмыстар», «Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» және «Күміс жас» жобаларының тиімділігі мол. Тиісті бағыттардың әрқайсысына тоқталып өтсек, мысалы, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы алғаш рет жұмыс іздеп жүрген түлектерді жұмысқа орналастыруға арналған. Оған 35 жастан аспаған және жұмыс тәжірибесі жоқ жастар қатыса алады. Бір жыл алты ай ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі – 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі теңгені құрайды. «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы да жастарға арналған. Бұл бойынша жас маман зейнет жасына жетіп, еңбек демалысына шыққан маманның орнына жұмысқа орналасуға дайындалады. Мұнда да алты ай ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі –30 айлық есептік көрсеткішке дейін. «Жастар практикасы» да жастар үшін алғашқы тәжірибе жинақтаудың тамаша мүмкіндігі. Бағдарламаға қатысу бес жыл бұрын диплом алған, жұмыс тәжірибесі жоқ, 35 жасқа дейінгі жоғары оқу орындарының түлектері арасында жүзеге асырылады. Өту ұзақтығы бір жыл ішінде еңбекақыны субсидиялау көлемі – 30 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде. «Қоғамдық жұмыстар» мансап орталығы ұйымдастыратын, қызметкердің алдын ала кәсіптік даярлаудан өтуін талап етпейтін, 20 айлық есептік көрсеткіштен төмен емес еңбекақысын субсидиялай отырып, 12 айдан аспайтын кезеңге әлеуметтік пайдалы бағыты бар еңбек қызметінің түрі. «Әлеуметтік жұмыс орындары» жұмыс беруші тарапынан жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін құрылады. Олардың арасында тұрмысы төмен және көпбалалы отбасылардың мүшелері, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған азаматтар басымдыққа ие болады. Бұл ретте еңбекақыны мемлекет субсидиялайды. Ол 35 пайызға дейін, яғни 20 айлық есептік көрсеткіштен аспайды. «Күміс жас» жобасына 50 жастан асқан азаматтар қатыса алады. Жобаға қатысу мерзімі еңбек өтіліне есептеліп, мемлекеттік субсидия көлемі 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс. Бюджеттен субсидияланатын еңбекақы бірінші жылы 70 пайызды, екінші жылы 65 пайызды және үшінші жылы 60 пайызды құрайды. Бағдарламаларға қатысу үшін жұмыс беруші мансап орталықтарына өтініммен қоса заңды тұлға және (немесе) жеке кәсіпкерліктің мемлекеттік тіркеуі (қайта тіркеу) туралы анықтама немесе куәліктің көшірмесін беруі қажет. Сондай-ақ заңды тұлға Жарғысының көшірмесін беру де талап етіледі. – Мемлекеттік қайтарымсыз грант қаражатын алғысы келетін азаматтар өңірде жетерлік. Дегенмен мұны кімдер ала алады және жолдары қалай? – 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік гранттарды алуға облысымызда үміткерлер көп. Бұл жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған жоба. Осының арқасында қазіргі уақытта кәсіпкерлерді қолдау мүмкіндігін тиімді пайдаланудың нәтижесінде облыстағы бірқатар елді мекенде кәсіп ашып, нәсібін көріп отырған азаматтардың қатары толығып келеді. Мемлекеттік қайтарымсыз грант бойынша облыс көлемінде өткен жылы 1 045 адамға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде аз қамтылған отбасылар – 37, көпбалалы отбасылар – 556, мүгедектігі бар адамдар – 258, мүгедек баланы тәрбиелеушілер – 133, қандастар – 4, асыраушысынан айырылғандар – 57 адам. Қайта­рымсыз қаржы алудағы нысаналы мақсатты тарқатып айтар болсақ, қажетті еңбек құралдарына – 55, технологиялық жабдықтарға – 406, сиыр өсіруге – 1 035, қой-ешкі ұстауға – 3 420, жылқы бағуға – 269, құсшаруашылығын дамытуға – 31, көшеттер мен бұталар өсіру ісімен айналысуға – 4, коммерциялық жылжымайтын мүлік объектілері, оның ішінде жалға алу бойынша 14 грант берілді. Қазіргі таңда мемлекеттік қайтарымсыз грант алған 1 045 адам бойынша толық зерделеу жұмыстары жүргізілді. Барлық азамат толықтай жеке кәсіпкер болып мемлекеттік кірістер басқармасына тіркелді. Осы жылы, яғни 2024 жылға облыс бойынша 1 008 адамға мемлекеттік грант беріледі деп жоспарлануда. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруда кәсіпкерлікті қолдау, жәрдем беру ісі «Кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №272 бұйрығының 2-параграфының 11 тармағына сәйкес жүзеге асырылады. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған гранттар (бұдан әрі – гранттар) халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы адамдарға конкурстық негізде 400 еселенген айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне дейін беріледі. Оны атаулы әлеуметтік көмек алушылар, төрт және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасылар ала алады. Оның ішінде жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысанында оқитын балаларға, олар он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітірген уақытқа дейін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы алушылар (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) және оның жұбайына, асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алушыларға беріледі. Сонымен қатар осы грантты алуға қоныс аударушылар, қандастар, еңбекке қарсы көрсетілімдері жоқ мүгедектігі бар адамдар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған азаматтар немесе оның жұбайы (зайыбы) санатындағы азаматтар қатыса алады. Гранттар жұмыссыз немесе жеке кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеу мерзімі үш жылдан аз дара кәсіпкер ретінде грант алуға өтініш бергенге дейін тіркелген жағдайдағы халықтың әлеуметтік осал топтарына беріледі. Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды жайт, грантқа қатысушыларды арнайы құрылған комиссия мүшелері ғана іріктейді. Яғни мансап орталығының қызметкерлері ешқандай комиссия мүшелігіне кіре алмайды. Мұны баса айтып отырған себебім, ел арасында «ебін тапқандар мансап орталығының қызметкерлері арқылы грант ала алады» деген қаңқу сөздің болуы. Сондықтан тұрғындардың осы секілді түрлі алыпқашпа әңгімелерге сенбеуін өтінеміз. – Бос жүрген азаматтарды кәсіптік оқытудан өткізудің артықшылығын айта отырсаңыз... – Жұмысшы мамандығына қай кезде де сұраныс көп. Мәселен, еңбек нарығында жұмыс беруші ешқандай мамандығы жоқ адамды жұмысқа алғаннан бұрын электрик, дәнекерлеуші, механик секілді басқа да мамандық иелерін іздейтіні белгілі. Осы орайда жаны қалап тұрған адамды белгілі бір кәсіп бойынша оқытып барып жұмысқа тұрғызу –қоғам үшін аса тиімді. Осы мүмкіндікті пайдаланғысы келген, яғни кәсіптік оқудың жастар үшін, үйде отырған аналар үшін берері мол. Өткен жылы жұмыссыз азаматтарға жаңа мамандық игерту мақсатында 2022-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында «аспаз», «электргазбен дәнекерлеуші», «шаштараз», «көлік жүргізушісі», «токарь», «трактор жүргізушісі» секілді тағы да басқа мамандықтар бойынша «Бағыт-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Дана-Дель» ЖШС, «EKO BLOK» ЖШС, «Даму KZ орталығы» сияқты оқу орындарына қайта оқыту курстарына 1 405 адам жіберілді. Биыл қайта даярлауға және қысқамерзімді оқуларға облыс бойынша 1 185 тұрғынды жіберу жоспарлануда. Осы тұста кәсіптік оқудың ережесіне тоқталар болсақ, кез келген тіркелген жұмыссыз кәсіптік оқытудан өте алады. Кәсіптік оқыту жаңа мамандықтар (кәсіптер) алу және біліктілікті арттыру мақсатында кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды қамтиды. Оқытудың ұзақтығы біліктілік пен дағдылардың ерекшеліктеріне қарай 6 айға дейін созылады. Қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткісі келген тұрғын тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына жүгінуі қажет. Оқу ақысын төлеу бойынша мемлекеттік қолдаумен, стипендиямен немесе жалақымен, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Тұрақты тұрғылықты жері бойынша елді мекендерден тыс білім беру ұйымдарында оқитын адамдарға тұруға материалдық қолдау, яғни тұрғын үйді жалдау бойынша шығындарды өтеу түрінде көмек көрсетіледі. Кәсіптік оқытуға жіберу үшін оның тиісті құжаттары жинақталып, арнайы оқу орталықтарына жіберіледі. Оқуды сәтті аяқтағаннан кейін жұмыс беруші әлеуметтік келісімшарт негізінде жұмыссызды мәлімделген жұмыс орнына кемінде 12 ай мерзімге жұмысқа орналастырады. Әлеуметтік келісімшарт мансап орталығы, оқытуды жүргізетін ұйым, жұмыс беруші және оқитын адам арасында жасалады. – Облыста халықты жұмыспен қамту ісі көңіл көншітерлік. Сіздің сала халықты еңбекке тартумен байланысты болғандықтан бір сұрақ тілімнің ұшына келіп тұр. КСРО дәуірінде қоғам «Еңбек адамы» деп қарапайым жұмысшы мамандарды танитын. Сіздің ойыңызша, «Еңбек адамы» дегеніміз кім? – Қазіргі біз құрып отырған қоғамда жұрт арасында мансапқа, кәсіпке, байлыққа және қандай да бір сала бойынша биікке қолы жеткен адамдарға ғана еңбек адамы деп қарайтын үрдіс пайда болды. Шын мәнісінде, арамызда табысы аз болса да сонымен күн көріп, бала-шағасының несібесін адал еңбегімен теріп жүрген қаншама жан бар. Олардың да істеп жүргені еселі еңбек. Мысалы, қарапайым ғана фермер, көлік жүргізушісі, құрылысшы, мал дәрігері, мұғалім, ауылшаруашылық саласының маманы, ауыл, аудан мен қалалардың тазалығына бейжай қарамайтын қоғамдық жұмысшы сынды маман иелерін нағыз «Еңбек адамы» деп айтуға болады. Кәсібін сүйіп, өз ісіне адалдық таныту – еңбек адамының ең бірінші асыл қасиеті деп білемін. Қарапайым жұмысын қанағат тұтып, мамандығымен мақтана білетін адам – нағыз өз ісінің маманы. Сондықтан кім адал, кім өз мамандығын сүйеді, сол еңбек адамы деп ойлаймын. Ондай адам – қоғамда өз орны бар, жақындарына сыйлы, құрметке лайықты азамат. «Ердің атын еңбек шығарады» дегендей, әр адамның өмірде өз жолы бар. Соған қарай адамның тұлғасы қалыптасып, бейнесі бекемделе түседі. Адал еңбекпен табысқа жеткен жанның әркез мерейі үстем, еңсесі биік болмақ. Менің ойымша, нағыз еңбектенген адам ғана өз мақсатына жете алады. «Еңбек қылмай тапқан мал – дәулет болмас, қардың суы секілді тез суалар» деп Абай атамыз айтқандай, еңбектеніп тапқан нан қашанда тәтті болады. Адал еңбек адамның мерейін ағайынның да, қоғамның да алдында үстем етеді. Атақ та, абырой да өзі келеді. – «Еңбек ер атандыратынын» білдік. Ол үшін алдымен жұмыс керек. Жұмыссыздық неден пайда болады? – Жұмыссыздық дегеніміз – бұл еңбекке жарамды халықтың жұмыспен қамтылмауы. Қазіргі таңда елімізде жұмыссыздықпен күрес мемлекет үшін маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Ол үшін әртүрлі бағдарламалар мен іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Солардың бірі – халықтың NEET санатымен жұмыс істеу бағдарламасы. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, облысымызда жұмыссыздық көрсеткіші әлдеқайда азайған. Қай елде болмасын жұмыссыздық деңгейі дағдарыстар кезінде көбейеді. Осы уақыттарда жастарда жалқаулық басым болып, жауапкершілік азаяды. Осыдан жұмыссыздық деңгейі жоғарылап, қоғамға зиянын тигізіп жатады. Қазіргі жұмыссыздық кадр тұрақсыздығы, көші-қон, демографиялық себептермен байланысты болып тұр. Қазақстандағы еңбек нарығына келетін болсақ, елде жұмыссыздықтың мамандық немесе біліктілік бойынша еңбек нарығындағы сұраныстың сәйкес келмеуіне байланысты талапкердің жұмыс табу мүмкіндігінің болмауы сияқты факторлар бар. Сондай-ақ құрылыс және ауылшаруашылық салаларында маусымдық сұраныс байқалады. Осының барлығы жұмыссыздықтың құбылмалылығына әкеліп соғады. Десек те қазіргі таңда жұмыс табу – үлкен мәселе. Себебі жоғары оқу орнын бітірген қаншама дайын маман жұмыс таппай сенделіп жүр. Бұл жерде кінәні екі жақтан қарамасқа тағы болмайды. Ең алдымен, тәжірибе жинақтау үшін қандай жұмыстан да қорқудың қажеті жоқ екенін айта кеткіміз келеді. Біреуге қарата «білдей университет бітірген, жұмыс таппай жүр» деген сөзді жиі естіп жатамыз. Мәселе жоғары оқу орнын бітірсең, біреу алдыңнан жұмыс тауып немесе орнын босатып күтіп тұрады деген сөз емес. Қандай да жақсы жетістікке жету үшін үлкен тәжірибе алаңынан өту керек. Көпке топырақ шашу емес, дегенмен «ана жұмысты істемеймін, мына жұмысты істемеймін» деген өзіндік принциптерін арқалаған қаншама адам жұмыссыздар тізімін толықтырып жүр. Содан кейін мамандықты дұрыс таңдау да өте маңызды. Бұл ретте оқуға түсуді ниет еткен жас түлектің ішкі дүниесін тыңдай отырып, таңдау жасауына мүмкіндік беру керек. Себебі адамның өз жанымен сүйіп жасаған еңбегі ғана өнімді болмақ. Жаман жұмыс жоқ, дұрыс таңдалмаған мамандық болуы мүмкін. Үкімет жұмыссыздықпен күрес мәселесін шешу мақсатында ауқымды жұмыс жүргізуде. Ол дегеніміз үйде жатқан кісіні орнынан тұрғызып, жұмысқа орналастырып береді дегенді білдірмейді. Үкімет халыққа «балық орнына қармақ беріп», ол үшін қажетті қаржы да бөліп жатыр. Тек тиісті бағдарламалар межелі мақсатына жетіп, жауапты тұлғалар тиісті шараларды ұтымды үйлестірсе, бұл мәселе де түбегейлі өз шешімін табады деп ойлаймын. – Қоғамды масылдық пиғылдан арылту үшін не қажет? Патерналистік көңіл күй дегеніміз не? – Қоғамдағы ең қауіпті дерттің бірі масылдық десек, артық айтқандық емес. Өткен ғасырлардағы қилы заманда ел басына түскен қиындықтарды жеңуде аналарымыздың еңбегі, ерлігі орасан зор екенін көпшілігіміз жақсы білеміз. Бәлкім, бізді отбасымызда, мектепте солай тәрбиелеген болар. Халықты кешегі нарықтық заманға көшкен 1990 жылдардағы ауыртпалықтардан алып шығуға біздің ата-аналарымыз да сүбелі үлес қосқаны белгілі. Ол кезде шын мәнінде істейтін жұмыс жоқ, не Үкіметтен жәрдемақы да берілмейтін. Мерзімінде берілмейтін мардымсыз зейнетақы алатын сондай бір сүреңсіз кезеңде ата-аналарымыз «жұмыс жоқ» деп қол қусырмай еңбектеніп, үйінде отырған шиеттей бала-шағасын асырады. Ешкімге алақан жайып, нан сұраған жоқ. Өйткені олардың адами намыс-жігері мен ар-ожданы жоғары болды. Ұрпағы үшін басын қатерге тіккен уақыттары да болуы мүмкін. Алдына үлкен мақсат қойды. «Мен барлық қиындықты жеңемін, кедергіден өту менің қолымнан келеді» деп, болашақтан үлкен үміт күтті. Сол кездегі елдің басына түскен қиыншылықтан әкелеріміз, көбіне аналарымыз қара базарда ала дорба арқаласа да алып шықты. Ұл-қыздарын тәрбиелеп жеткізді. Бүгінгі жастардың ата-анасының зейнетақысына қол сұғып, масылдыққа, жалқаулыққа бара жатқандығы қынжылтады. «Еңбектен» десең теріс айналып, сөз жақтырмайтын қоғамның кейбір жастарының кері кетіп бара жатқаны ойландырады. Әрине, барлығына топырақ шашудан аулақпын. Дегенмен еңбектен алыстау масылдықты арттыратыны анық. Ал патерналистік деген сөзге келсек, бұл осы масылдық деген ұғымды білдіреді. Патерналистік көңіл күй, яғни масылдық көңіл күйді қоғамда әркім әртүрлі түсінеді. Қазақстанның жағдайында бүгінгі таңда бұл түсінікке мысал көп. Өйткені кейінгі кездері елде біреудің есебінен күн көру, біреудің көмегіне немесе берген тиын-тебеніне иек арту, біреуден алған қарызын қайтармай кету сияқты әрекеттер көбейген. Қоғам оны айыптаудан, ар санаудан қалған. Тұтастай бір ұлттың мінезіндегі мұндай көңіл күймен күресудің жолы – «Адамды адам еткен – еңбек» деген қағиданың ертеден ел санасына сіңісті болуы. Қазақ ұл-қызын еңбекке осылай баули білуі керек. Балабақша, мектеп, университет те жасөспірімнің, жастардың айналасына осындай атмосфера қалыптастыру керек. «Жалқаудың жаны тәтті, еңбектің наны тәтті», «Жалқаудың жауы – жұмыс» деп еріншек, керітартпа, жалқауларды қоғам болып мұндай көңіл күйден арылтуға, еңбектенуге бір-бірімізді шақырып жүрейік! – Әңгімеңізге рақмет!

 Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар