Тұтынушылардың құқығы қорғалады
Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаев пен «Бiтiмгер – Ел» Медиация және құқық орталығы» қоғамдық қоры басшысының міндетін атқарушы Марина Ким 2023 жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.
Спикерлердің айтуынша, тұтынушылар құқықтарының бұзылуына қатысты шағымдар жыл сайын өсуде. Өткен жылдың 11 айында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 653 өтініш түсіпті. Бұл бұрнағы жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 227-ге көбейген.
Өтініштердің өсуі 59,7 пайызды құрайды. Тұтынушылар шағымдарының басым көбі бөлшек сауда саласында – 229 өтініш. Екінші орында электрондық сауда – 76, осы үштікті тұрмыстық қызмет көрсету саласы 51 өтінішпен түйіндеп тұр. Өткен жылмен салыстырғанда тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы өтініштер саны көп. Бөлшек сауда бойынша түскен шағымдарда сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан, оның ішінде 14 күнтізбелік күн ішінде тауарды қайтару мен айырбастаудан бас тарту басым болып отыр екен.
– Тексеру нәтижесінде 38 бұзушылық анықталып, 38 ұйғарым енгізілді. 37 құқықбұзушылық субъектісіне ескерту түрінде әкімшілік жаза қолданылды және ӘҚБтК-нің 204-4-бабы бойынша шағын бизнес субъектісіне 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 1 айыппұл салынды.
Бұдан басқа ӘҚБтК-нің 802-бабының негізінде 2 айыппұл салынды. Оның ішінде ірі бизнес субъектісіне 30 айлық есептік көрсеткіш және шағын бизнес субъектісіне 6 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынып отыр. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 158 700 теңгені құрайды, – дейді Байқадам Еркінбекұлы.
Департаментке келіп түскен өтініштердің жалпы санынан 400 өтініш толығымен қанағаттандырылыпты. Тұтынушыларға 40,1 миллион теңге қайтарылған, 40 өтініш өз құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілген. 168 тұтынушы өз мәселелері бойынша түсініктеме алыпты.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ
Келесі мақала