Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірінші сыныпқа құжат қабылдау қалай жүріп жатыр?

Бірінші сыныпқа құжат  қабылдау қалай жүріп жатыр?
ашық дереккөз
Бірінші сыныпқа құжат қабылдау қалай жүріп жатыр?
Биылғы оқу жылына оқушыларды 1-сыныпқа қабылдау 1 сәуірде басталып, 1 тамызда аяқталады. Демек, дәл қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде мектепке дайындық қызу жүріп жатыр деген сөз. Жалпы, 2022-2023 оқу жылында неше бала бірінші сыныпқа қабылданады? Балаларын енді мектепке бергелі отырған ата-аналар құжат тапсыру барысында нені ескерген жөн? Электронды өтініш білдіру қалай жүзеге асады? Осы сұрақтар төңірегінде зерттеу жүргізіп көрген едік. Баланы бірінші сыныпқа қабылдауда «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 12 қазандағы 564 бұйрығы басшылыққа алынады. Мектепке қабылдаудың бекітілген ережесіне байланысты білім беру ұйымдары дайындық деңгейіне қарамастан, 6 жастағы және күнтізбелік жылда 6 жасқа толатын балаларды 1-сыныпқа қабылдайды. Құжаттарды қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижелерін беру электрондық үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі және жалпы орта білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Байназарова 1-сыныпқа қабылдау және мектептен-мектепке ауысу қалай жүзеге асатынын айтып өтті. Ол үшін электронды үкімет порталына 4 құжат ғана жүктеу керек. Балаларды 1-сыныпқа қабылдау, мектептен-мектепке, сыныптан сыныпқа ауыстыру қызметі eGov.kz электронды үкіметі порталы арқылы автоматтандырылған. Ата-аналар порталдың білім беру бөлімінде «Орта білім беру» бөлімшесіне кіріп, өтініш береді әрі қажетті құжаттарды тіркейді. Құжаттарды тапсыру мерзімі – 15 минут. Ата-ананың жеке кабинетіне баланың қабылданғаны немесе қабылданбағаны туралы себептері жазылған хабарлама келеді. Бұл қызметті пайдалану үшін ата-ана тек төрт құжат тапсырады. Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесін, «Бала денсаулығы паспортының» 026/у-3 формасын, 063у денсаулық жағдайы туралы құжатын және 2 дана 3х4 көлеміндегі фотосурет жүктеу керек. Оқуға өтініш берген кезде мектептің қабылдау комиссиясы басқа қосымша құжаттар талап етпеуге тиіс. Ал ерекше қажеттілігі бар балалар үшін порталға қосымша психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация қорытындысының сканерлік көшірмесі заңды өкілдерінің келісімімен электронды түрде ұсынылады, – дейді Айгүл Тоқтыбайқызы. Ата-аналардан құжаттар мектептің қызмет көрсету аумағынан алғашқы 3 өтініш берушіден, одан кейін басқа шағын учаскеден 1-өтініш берушіден 3:1 қағидаты бойынша қабылданады. Тараз қаласы мен аудандардың білім бөлімдерінің мәліметтеріне сәйкес 2022-2023 оқу жылында 1-сыныпқа болжаммен 21 999 оқушы келеді деп күтілуде. Әр жасқа бөліп қарағанда 5 жас – 2934 бала, 6 жас – 15234, 7 жас-3826, 8 жас аралығында 5 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттағалы отыр. Бүгінгі күні облыс бойынша 19351 бала 1-сыныпқа қабылданса, оның 15283-і қазақ тілінде, 4068-ы орыс тілінде. – Балаларды 1-сыныпқа қабылдау үшін құжаттарды тапсыру мерзімі аяқталуға жақын. Небары 16 күн қалды. Алдағы уақытта балаларды мектепке дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету міндеті тұр. Білім аламын деген әр бала назардан тыс қалмай, олардың конституциялық құқығы қорғалуы керек. Бұл жерде тағы бір басты мәселе, сыныптардың жиынтығы, мұғалімдердің тарификациясы, оқулықтар сатып алу 1-сыныпқа балаларды толық қабылдауға байланысты шешіледі. Сонымен қатар гимназиялар мен лицейлердің бірінші сыныбына қабылдау үшін білім беру ұйымдары мерзімдері, нысандары мен тапсырмалары күнтізбелік жылғы 15 маусымға дейін дербес белгілейтін конкурстық негізде емтихандар өткізілуде. Сол себепті ата-аналарды құжат тапсыруға белсенді қатысуға шақырамыз, — дейді Айгүл Тоқтыбайқызы. Облыс халқының демографиялық өсімі жыл сайын жоғарылап келеді. Келесі оқу жылында 2015-2016 жылы туған балалар білім нәрімен сусындайтын болады. Әлихан Бөкейханов атындағы №1 мектеп-гимназиясының ұстазы Тынар Асадилова 2022-2023 оқу жылында бірінші сыныпқа оқушы қабылдауға ниетті. – Қазіргі таңда жаңартылған оқу бағдарламасы арқылы балалардың білім деңгейін көтеру маңызды. Әрине, бірінші сыныпқа қабылданатын оқушылардың алғашқы ұстазы ретінде зор жауапкершілік жүктеледі. Қашан да әрбір үйдің кішкентай балғындарымен жұмыс жасау қызықты әрі күрделі. Ата-аналардан балалардың құжаттарын қабылдау жүргізілуде. Бастауыш сыныпқа келген бүлдіршіндерге «Әліппені» үйретіп, білімді болуға баулимыз. Балаға берілген алғашқы білім дұрыс болса, кез келген ғылымды игеріп кете алады. Сондықтан ұстаздар үнемі ізденісте болады. Жаңаша леп әкеледі. Ата-анамен тығыз байланыс орнатып, бала қабілетін ашуға тырысамыз, – дейді тәжірибелі маман.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар