Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Балалар неге қатыгез болып барады?

Балалар неге қатыгез болып барады?
ашық дереккөз
Балалар неге қатыгез болып барады?
Қазір әрбір екінші ата-ана жұмысбасты. Сондықтан балаларына қарауға мүмкіндіктері болмағандықтан, перзенттерін балабақшаға беріп жатады. Өкінішке қарай бүгінгі таңда кейбір балабақшалардағы жағдай да мәз емес. Осыған дейін мектепке дейінгі мекемелерде балаларды соққымен тәрбиелейтін қатыгез тәрбиешілер жайлы еститін едік. Ал кейінгі кезде балабақшадағы 2-3 жасар сәбилердің бір-біріне әлімжеттік көрсетуі жиілей бастады. Жуырда әлеуметтік желіде 3 жасар баланы өзге баланың тістелеп тастаған видеосы жарияланды. Оқиға Талас ауданына қарасты Ақкөл ауылындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасында болған. Аталған жайттан кейін, балабақша тәрбиешісі мен көмекшісіне «қатаң сөгіс» және мекеменің әдіскері мен медбикесіне «ескерту» түріндегі тәртіптік шара қолданылды. Аудандық білім бөлімі бөбекжай-бақшаның меңгерушісін бақылау мен басқаруды әлсіреткені үшін «қатаң сөгіс» түріндегі тәртіптік жазаға тартқан. «Балалардың мұндай агрессиясы, бір-біріне деген өшпенділігі қайдан пайда болады» деген сұрақты Тараз қаласының қарт тұрғыны, көпбалалы ана Жамал Торғаеваға қойып көрдік. – Баланы жастайынан «Тәйтке» үйрету керек. Мінезі бар, бұзық, айтқанды тыңдамайтын баланы қазіргінің адамдары мінезді, «мені» бар деп әспеттейтін болыпты. Ол бар болғаны бұзық, ерке бала. Оны жақсылап тәрбиелеп, басқан қадамын бақыламасаң, кейін өскенде бағынбай кетіп, басқа нәрсеге ұрынуы мүмкін. Тістеуік балалар болады. Кейде анасының омырауын тістеп жатады. Сол кезде оны жамбасынан нұқып-нұқып жіберсе, оның дұрыс емес екенін біліп, қоя қояды. Бала болса да түсінеді. Қазақ «Баланы жастан» деп осындайда айтса керек. Балабақшаны қарасаңыз өңшең бұзық, ызақор балаларға толы. Әрқайсысы әр үйдің патшасы. Қит етсе жата қалып жылайды не басқа баланың ойыншығын тартып алып, иемденгісі келіп тұрады. Алдымен соған жеткізген ата-ананы тәрбиелеу керек шығар, – дейді ол. Тараз қаласындағы №30 балабақша меңгерушісі Гаухар Көпжасарқызы да осы пікірде. Ол алдымен ата-аналар өздерін тәрбиелеп, балаларға үлгі болуы керектігін айтады. – Адамға нағыз бақытты тәрбиелі ұрпағы ғана сыйлай алады деп ойлаймын. Ата-ана бала тәрбиесіндегі ең маңызды тұлғалар. Сол үшін ата-ана бірінші өзін тәрбиелеуден бастауы керек. Бауырмалдық, татулық, қайырымдылық, әдептілік сияқты қасиеттер жанұядағы үлкендердің үлгісімен балаға сіңеді. Басты проблема – ананың жұмысбастылығы, балаға уақыт бөле алмауы. Жақсы мен жаманды түсіндіру үшін уақыт керек, әңгімелесу керек. Түсіндірудің орнына балаларды қатал ұстайды, айтқанын орындатады. Бала қорыққанынан уақытша тыңдайды. Балабақшаға келгенде ол баланы жәй сөзбен тыңдату мүмкін болмайды. Осы кезде тәрбиешілердің барынша мейірімді, сабырлы болуын қадағалаймыз, талап етеміз. Үйден сезінбеген жылулықты балалар педагогтан тауып жатады. Қазір мүмкіндігі шектеулі балалар көбейді. Олар – тіл кемістігі бар, сөйлей алмайтын, аутизммен ауыратын балалар. Қасындағы баланы итеріп жібереді, тіпті тістеп алады, – дейді Гаухар Көпжасарқызы. Балабақша меңгерушісі балабақшаға қатысты бүгінгі таңда орын алатын тағы бір проблеманың ұшын шығарды. – Қазір мүмкіндігі шектеулі балалар да сау балалармен бірге тәрбиеленуі керек деген бар. Аутизм диагнозы бар балаларды ата-аналар көбінесе сау бала деп алып келеді. Медициналық картасында да ештеңе көрсетілмейді. Көп уақыт өтпей-ақ ол балада сондай ерекшелігі бар екенін біліп жатамыз. Ондай балалар көбіне көп сөйлей алмайды, қалағанына қол жеткізе алмайды. Сол үшін ол қимылмен, итерумен, тістеумен эмоциясын жеткізеді. Бұрын балабақша бойынша 1-2 бала ғана болса, қазір әр топта сондай ерекше балалар бар. Ол баланы қолынан ұстап алып, жетектеп жүрмесе жанындағы балаларды жарақаттап алуы мүмкін. Сондықтан ол балаға жақсылап қарау керек. Бірақ бір топта 15-20 бала болғандықтан, бір тәрбиешіге олардың бәріне жеке-жеке қарауға мүмкіндік жоқ, – дейді ол. Балалар өзін-өзі ұстау мәдениетін бойына сіңірмегендіктен, агрессия танытады. Алайда бұған тек ата-ананы кінәлаған дұрыс емес. Осы ретте балалар психологі педагогтарға да артылатын жауапкершілік жоғары екенін айтады. – Расында, қазір ата-аналарға тәрбие беру қиындап бара жатыр. Себебі кез келген бала телеарнадан немесе смартфоннан жағымсыз кейіпкерлердің бір-біріне қол жұмсауын көріп өседі. Мейлі ол қорғану үшін болса да. Әрине, мұны жиі қайталап көрген бала агрессияға бейім болады. Бұл көріністі көбінесе мектепке дейінгі мекемедегі ұл балалардың арасынан кездестіруге болады. Бұл жерде үйдегі ата-ананың, балабақшадағы педагогтардың жұмысы баланы дұрыс жаққа бағыттап, эмоцияларын сыртқа шығарып отыру. Кейбір балалар өте қызба, шағымданғыш келеді. Мұндай балалармен психологиялық жеке жұмысты ұдайы жүргізу қажет. Ал тістейтін балалар жайлы айтатын болсам, бұл баланың физиологиялық мұқтаждықтары қалыптаспаған. Ол үшін бұлай агрессивті реакция көрсету – өмір үшін күрес реакциясы саналады. Танымал чех психологі Зденек Матейчик «Егер баланың тебетін добы жоқ болса, онда ол қасындағы балаларды теуіп ойнайды» деген екен. Сондықтан отбасында баланың қолын бос қоймай, пайдалы нәрсемен айналысатын дұрыс тәрбие берілуі керек. Белсенді және ашуға бейім, шыдамсызданып бір орнында тұра алмайтын балалармен жеңіл, әрі тез қозғалатын, балаға өзінің қабілетін, күшін көрсете алатын тапсырмалар беруді ескеруі керек, – дейді балалар психологі Жанат Баянбекқызы. Қай кез болмасын, тәрбие мәселелері назардан тыс қалып көрген емес. Ал бала тәрбиесінің алғашқы алтын қазығы – туған ұясы, отбасындағы, яғни ата-анасының тәрбиесі. Баланың толық адам, кемел азамат, жан-жақты толысқан тұлға етіп қалыптастыруда отбасы мен ата-ананың тәрбиесінен бөлек, мектепке дейінгі мекемелер мен балабақшалардың орны ерекше. Сондықтан балабақша мамандарының да босаңсуына әсте болмайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар