Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аңыз адамдардың әңгімесі де аңызға бергісіз...

Аңыз адамдардың әңгімесі де аңызға бергісіз...
ашық дереккөз
Аңыз адамдардың әңгімесі де аңызға бергісіз...
«Сендерді жұп-жұп етіп жараттық» демеуші ме еді Жаратушы Құран Кәрімнің Нəбə сүресінің 8-аятында?! Иә, «жалғыздық Құдайға ғана жарасады» деген қазақпыз. Сондықтан да шығар, халқымыз әуел бастан-ақ бас құрап, бауырына қазан асқаннан асқан қуаныштың жоқтығын біліп, «бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық» деп есептеген. Бүгінде арамызда жұптарын жазбай, құстың қос қанатындай болып өнерде де, өмірде де бірге жүрген өнер жұлдыздары аз емес. Кей жұптардың өмірі мен тағдыры жұртқа үлгі, ұлтқа мақтан. «Таусылсаң да, Тауыссаң да тағатты, Түймеген жөн, шытпаған жөн қабақты. Бірін-бірі сүйген адам ешқашан, Бір-біріне болмау керек абақты!» деп Қадыр Мырза Әлі айтпақшы, бір-бірінің жалғыздығын ұмыттырып, қол ұстасып, қонысынан құт кетпей келе жатқан шаңырақтың бірі – аты алыс-жақынға танымал Әбиірбек Тінәлінің отбасы. Иә, біз Әбиірбек Берденұлын әнші, сазгер, өнер майталманы ретінде жақсы танимыз. Алайда өнерден тыс өмірі туралы көп біле бермейміз. Сондықтан осы жолы әке Әбиірбекті, ата Әбиірбекті танып, көруге тырысып бақтық. Әбиірбек Берденұлы қазіргі таңда Құдай қосқан қосағы Майра Аманжолқызымен бірге Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрында қызмет істейді. Өмірде де, өнерде де тағдыры тоғысқан жұлдызды жұптың бүгінде бірге тәрбиелеп отырған жауқазындай үш қызы бар. Әңгімені отбасында бақытты әке, бақытты ана болып отырған өнер майталмандарының алғашқы таныстықтарынан бастадық. – Апаларыңмен 1996 жылы таныстым. Әрине, бойымызда қазақтың қаны тулап тұрған жігіт пен қыз болғандықтан бірден әдептен асып әңгіме айта алмадым. Әрі қарлығаштай ғана қараторы қыздың көңіліндегі орнымды лап етпе сезімдерді білдірумен аласартқым да келмеген болуы керек. Өйткені сол бір кездері әндерімді радиодан тыңдаған Майра жаттап алып, өзі де айтып жүреді екен. Майраны алғаш көргенімде де әндерімді орындап тұрған жерінен кездестірдім. Сондықтан да құрметім ә дегеннен-ақ бөлекше болды. Сондай-ақ Майраның талғампаздығы мен өнерге деген тазалығына тәнті болдым. Бір-біріміздің өнерімізге деген махаббат кейіннен жүрегімізге дендеді, – дейді алғашқы таныстықтарын еске түсірген Әбиірбек Берденұлы. Расында, Майра апамыз Әбиірбектің әндерінің бәрін жатқа айтатын болыпты. Өйткені Әниесінің әндері кішкентай күнінен өзінің жанына жамау салып келе жатқанын айтады. – Көп қазақтың бірі болып, тыңдарман ретінде бала кезімде алғаш рет әндерін радиодан тыңдап, жаныма сондай жақын тарттым. Нақтырақ айтсам, 11-12 жастағы бүлдіршінмін. Өнерге деген ынтам сол бала күнімнен-ақ белгі бере бастаса керек. Домбырада жаттаған әндерімді үйдегілерге айтып беретінмін. Сөйтіп, кейін біз де есейдік. Алғаш рет өзім әндерін айтып жүрген авторымды Алматыда кездестірдім. Онда да жайдан-жай емес. Әндерін орындап жатқан кезімде есіктен кіріп келе жатқан Әбиірбек ағаны көргенде тығыларға жер таппай, екі бетім қызарып тұрып қалғаным әлі есімде. Өйткені автордың өзінің қарсы алдында тұрып ән орындау кімге болсын оңай емес қой. Бір қызығы, Әбиірбек ағамен таныстығымыз дәл осылай болады деп ойлаған жоқпын. Өйткені сол бір жылдары аталарыңның атағы елге танымал болып тұрған. Біз үшін қарапайым жерлерде жүрмейтін кісі сияқты көрінетін. Сөйтсек, ағамыз нағыз қарапайымның қарапайымы екен. Алғашқы таныстығымыз басталғаннан кейін бірден сөйлесіп кете алмадық. Сыйласып жүрдік. Алайда сол кезде өзімнің болашақ жарымның нақты Әбиірбек аға екенін білмесем де өнер адамы болатынын алдын ала болжайтынмын. Өйткені ағамен таныспай тұрып бір күні бір түс көріппін. Айдалада киіз үйдің ішінде жатыр екенмін. Аппақ әлем. Сондай нұрлы, сондай жарық сәуленің арасынан бір уақытта аққулардың тізбегін көрдім. Кенет аққулардың арасынан аузына қос домбыра тістеген бір аққу шығып, әлгі домбыраны менің қолыма ұстатады. Мен аң-таңмын. Кейін ояна салысымен түсімді әжеме айтып едім, «Е, қарағым, болашақ жарың да өнер адамы болады екен» деп түсімді жорып, қос қолын жайып батасын берді. Маған сол сөз әсер етті ме, әлде өзімде сондай бір сезім түйсігі пайда болды ма, білмеймін?! Сол түсімді есте сақтап қалдым. Кейін ағаға тұрмысқа шыққаннан кейін сол түсімді, әжемнің жорығанын айтып бердім, – дейді Майра Аманжолқызы. Әрине, Әбиірбек атамыз Майра апамызбен таныса сала сөз салып, бірден той жасауға шешім қабылдап, ұсыныс жасамаған. Екеуінің таныстығынан кейін арада 7 жыл өткеннен кейін барып бас құрапты. Осы аралықта екеуі де бір-бірін жақыннан тануға мүмкіндік алған. Әрі сол кезден бастап шаңырақ көтеріп жатса, өз-өздерін қалай ұстайтындарын алдын ала қалыптастырған. Бір сөзбен айтқанда, бір-бірінің тағдыры мен болашағына аса қатты жауапкершілікпен қараған. – Әлбетте, қыз тұрмысқа шығу үшін де, жігіт адам бас құрау үшін де екі адамның арасындағы сезім мәселесі маңызды екені мәлім. Біз де жас болдық. Біз де кәдімгі адамдардай басымыздан өмірдің ыстық-суығын өткіздік. Аға маған бірден сезімін білдірген жоқ. Тіпті менде де арамыздағы байланыс мұншалықты дәрежеге жетеді деген ой болған жоқ. Өйткені ол кезде қазіргідей әлеуметтік желінің дамып кеткен кезі де емес еді. Телефонымыз бар. Бірақ сол арқылы бір-бірімізге жазысып, жиі-жиі қоңырау шалмайды екенбіз. Бірақ бір қызығы, ағаның бір қойындәптері болатын. Ол кісі кездескенде маған көп әңгіме де айта алмайтын ашылып, мен де солай бетіне қарап тұратынмын. Сөз айтудан ұялатынбыз. Сөйтіп, біраз сөйлесе алмай жүрдік. Бір күні аға айтатын сөздерін жаңағы қолындағы қойындәптерге жазып келіпті. Оны алып оқыған соң жауабымды соған жазып, ағаға бердім. Солай сөйлесіп жүріп, соңы осындай шаңырақ көтеруге дейін алып келді, – деді М.Аманжолқызы. Иә, біз кейде «бұл әлемді сұлулық құтқарады» деген сөзді жиі еске алып жатамыз. Шын мәнінде, бұл әлемді махаббат пен мейірім, біреудің өміріне деген құрмет құтқарады. Әбиірбек Тінәлінің шаңырағында осы дүниенің бәрі бар деуге болады. Өйткені атамызды қатты құрметтейтін Майра апамыз ол кісінің атының өзін тіке атамай «Әнием» деп атайды екен. Ал Әбиірбек атамыз да апамызды «Алтыным» деп еркелетеді. Міне, «махаббат – таусылмайтын әңгіме» деген тұжырым да осындайдан келіп шықса керек. Әрине, ол кісілердің әңгімесі өнер, балаларының болашағы, елдің тағдыры, ұлттың келешегі жайлы өрбиді. Әбиірбек десе, көз алдымызға «Фариза. Фаризажан, Фариза қыз» деп әндетіп тұрған қияқ мұртты жас жігіт елестейді. Немесе желтоқсан айы келген сайын қазақ даласында бір ыңыл жаныңа тыныштық бермейді. Ол да «тоңдырды мені, тоңдырды сені, желтоқсан желі ызғарлы» деп Әбиірбекті еске салатыны ақиқат. Міне, осындай аңыз адамның айтатын әңгімесі де аңызға бергісіз болатыны даусыз. Ол туралы Майра апамыз: «Кейде қазақ сондай, қазақ мұндай деп айтып жатқан әңгімелерді көп естігенімізбен өз басым Әбиірбек ағаның аузынан бірде-бір рет ондай сөз естіп көрмеппін. Керісінше, бұл менің халқым. Менің елім сатқын емес, менің елім қылмыскер емес деген сияқты сөздерді көбірек естимін», дейді өзінің бір сөзінде. Ал осынау ән әлемінің Әбиірбегі аталған Алаштың біртуар азаматының өмірге деген көзқарасы да басқаша. Тіпті ол кісі: «Махаббат деген мен сені жақсы көрем немесе сүйем деп айқайлау емес. Ол – жүректің үні, көңілдің назы. Сондықтан оның құнын арзандатып, күйдім, сүйдім деп жарты әлемге жар салу – әбестік. Менің әу баста махаббатым Аллаға, одан соң анама, ұлтыма, жеріме тәуелді. Сондықтан екеуара адамның арақтынасын бір шеңберге қамап ойлауға болмайды. Адамның санасы кең болуы керек. Себебі кейде әнге деген махаббат әлемге деген көзқарасыңды өзгертіп жатады», дейді. Шынында да бір қараған адамға ол кісінің әндері мұңлы болып естілуі мүмкін. Бірақ тыңдай келе, жалғыздықтан жабыққан адамға, әділетсіздіктен шаршаған адамға демеу беретін үлкен күшке ие екенін түсінеміз. Ол мұңайған адамды одан ары сындырмайды, қайта шыңдайды. Оның құдіреті де сонда болса керек. Мейлі қалай болмасын, Әбиірбек – Алашының жүрегін әнмен әлдилеген бозторғайы. Оның өнері де, өмірі де көпке үлгі. Тұтас болмысымен қазақ деп жүрегі соғып, қазақ деп тыныс алып тұрған осынау бекзада өнер иесінің шаңырағына шаттық пен қуаныштан басқа ештеңе де тілемейміз.

Шапағат Әбдір

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар