Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бампер жасап баюды көздеп отыр

Бампер жасап баюды көздеп отыр
ашық дереккөз
Бампер жасап баюды көздеп отыр
Мемлекеттік қолдау арқылы аяққа тұрып кетіп жатқандар ел ішінде көп. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы Бірлесу-Еңбек ауылының тұрғыны Жандос Рахметілдаев. Аталған ауданда өткен жылы халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылған азаматтардың ішінде 113 адам қайтарымсыз грант алса, оның ішінде 6 азамат – мүгедектігі бар жан. Бұл игіліктен көпбалалы отбасылар да сырт қалмады. Осындай санаттағы азаматтар қатарында болып, мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алғандардың арасында нақ осы кейіпкеріміз де бар. Ж.Рахметілдаев мемлекеттік қайтарымсыз гранттың иесі атануы үшін аз еңбектенген жоқ. Ол аудандық мансап орталығының мамандарынан кеңес алып, одан кейін «Бастау Бизнес» жобасы арқылы оқыту курсынан өтіп, кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгергеннен кейін арнайы құрылған комиссия алдында өзінің бизнес жобасын қорғады. Осылайша былтыр 1 миллион 380 мың теңге ұтып алды. Өз кәсібін ашып, бизнеске қадам басқандардың тірлігін де бірауық пайымдап көрді. Он ойланып, бір шешім шығарған кейіпкеріміз өзінің бойында бар қасиетті табыс көзіне айналдыруға бел байлады. Нәтижесінде нарықта сұранысқа сай автокөлік бамперін шығару цехын ашты. Маңайына көпбалалы әке ретінде танылған оның осы істі бастауына 400 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі грант айтарлықтай ықпалын тигізді. Кәсіпкерді сөзге тартқанымызда бұл істі бастауына жұмыссыздық себеп болғанын сөз етті. Қайтарымсыз қаржы алып, кәсіп ашып, өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып жатқандардың бақытты өмірі осы салада бағын сынап көруге жетелепті. – «Отандық» деген көліктердің өзі құрал-сайманы шетелден әкелініп, Қазақстанда құрастырылатынын жұрт жақсы біледі. Сондықтан олардың қосалқы бөлшектері де ең арзан деген Қытайдың өзінен әжептәуір бағада келеді. Сондықтан да біз үшін көлік саласы, оның қосалқы бөлшегін шығару елімізде таңсық іс болып отыр. Мен бала кезімнен бұзылған автокөлікті жөндеу, шашып қайта құрау, ақауын табу ісіне өте бейім болдым. Осы қызығушылығым бүгінде өз ісімді жүзеге асыруға сеп болды десем, еш қателеспеймін. Ойлана келе, «Көліктің алдыңғы, артқы бамперін қолжетімді бағада неге өндіріске шығармасқа?» деген ой келді. Бүгінде бампер – кез келген көлікке қажетті дүние. Техника тілін меңгере отырып, «Бұл дүниені неге өзім жасап көрмеске?» деген таудай талап мені бизнес саласына бастады. Адамның жасағанын адам жасай алады. Алайда ұзақ еңбек пен тер төгу қажет. Бірнеше жыл зерттей келе, осы істің мән-жайына қанықтым. Бастапқыда жасаған дүниемді жақындарыма, ауыл тұрғындарына өткіздім. Кейіннен басқа жақтан тұтынушылар бір-бірінен естіп, маған тапсырыс беруге өздері келе бастады. 2023 жылы мемлекеттік грант иегері болып, қажетті құрал-жабдықтарды түгендедім. Күніне 2-3 бампер жасаймыз, – дейді Жандос Талғатұлы. Ерекше бір затты қолға алған кәсіпкер өз сөзінде мемлекеттік бағдарламаға алғысын жеткізіп, кез келген азаматты ойда жүрген ісін бастаудан қорықпай, тәуекел етуге шақырады. Кәсіпкер алдағы уақытта бизнесін дамыту жоспарымен де бөлісті. – Осы уақытқа дейін әр істің басын шалып көрдім. Адам неге бейім келсе, соған бар ынтасын салады екен. Бүгінде бір тапсырыс түссе де барымды саламын. Ұлым – басты көмекшім. Алдағы уақытта шағын цехымды кеңейту ойымда бар. Әзірге аулада бамперлер шығарып жатырмыз. Болашақта кәсіп аясын кеңейтіп, автокөлікке қажетті басқа да бұйымдар шығарсам деген ниетім бар. Ең бастысы адамда талап, тиянақты тірлік, еңбекке деген ынта болуы қажет. Мына заманда еңбектенген адам ғана мақсатына жетеді, – деді Жандос Рахметілдаев. Жамбыл аудандық мансап орталығының маманы Қанат Қарабаев ауданда шағын кәсіпкерліктің дамып келе жатқанын сөз етті. – Өткен жылдың өзінде ауылдық округтерде наубайхана, жылыжай, шұжық цехын ашу арқылы жаңа кәсіп бастап, бірді-екілі жұмыс орнын құрғандар қатары көбейе түсті. Бастапқыда қайтарымсыз грант иегерлері жұмыстың басы-қасында жүріп, кейін қасына ауыл тұрғындарын жұмысқа тартып, ісін кеңейтуде. Бұл мемлекет үшін кәсіп беру арқылы халықты жұмыспен қамтудың, олардың табысты болуын қамтамасыз етудің қисынды амалы, – деді Қ.Қарабаев. Осы жылы ауданда бұл бағытта 110 азаматқа грант беру жоспарланыпты. Мамандар қатысушылар өз өтініштерін онлайн форматтағы «enbek.kz» сайтына өтініш тастап, «Бастау Бизнес» курсынан өтсе, жобасын сәтті қорғаса, лайықтылардың лек-легімен қайтарымсыз қаражатқа қол жеткізіп, кәсіп аша алатынын түсіндірді.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар