Бөдене бизнесінің берері мол
«Жұмыс жоқ» деп қол қусырып отырмай, ойға алған ісінен нәтиже шығарған азаматтың бірі – Ерназар ауылының тұрғыны Қанжар Бердеш. Ол өз үйінің ауласында құсшаруашылығын ашып, бөдене өсіріп баюды көздеп отыр. Жалпы құстың осы түрін өсіріп, оны табыс көзіне айналдырып отырғандар бүгінде аз емес. Өйткені аталған кәсіптің дәурені жүріп тұр.
Себебі бөденеге де, оның жұмыртқасына да нарықта сұраныс жоғары. Әйтсе де ауданда алғаш болып бөдене өсіруге бет бұрған жас жігіттің қолға алған ісін газет бетінде көрсетуді жөн көрдік. Өйткені ол осы бастамасына орай биыл аудандық мансап орталығы арқылы мемлекеттік грантқа қатысып, қайтарымсыз қаржы алғысы келеді. Ол қаржыға кәсіп аясын кеңейтсем деген ниеті бар.
– Бұл іске қызығушылығым әлеуметтік желіге жарияланған жаңалықтардан басталды. Бөдене асырау ісін жүзеге асыруды жатсам да, тұрсам да ойланып, бір тоқтамға келдім. Үйімнің маңындағы қораны арнайы құсшаруашылығына қайта бейімдедім. Бұл шаруашылықты бастағанымда бойымда қорқыныш болды. Екінің бірінің ауласында жоқ кәсіп десем де болады. Бұл құс – өте нәзік. Тазалығын үнемі бақылап отыру қажет. Күніне екі мезгіл жемін беремін, суы үнемі қасында болуы шарт. Әр жұмыстың өз қиыншылығы болады ғой. Соған қарамастан, осы істі қолға алған соң бір жетістікке жеткім келеді. Жұмысты бастағаныма небәрі екі ай болды.
Ғаламтор арқылы баспа беттерінде жарияланған көлемді мақалалар мен телеарналардан берілген жаңалықтарды, жекелеген мамандардың, кәсіпкерлердің кеңесін тыңдап, бұл құстың ерекшелігін, қандай өзгешелігі барын әбден зерделедім. Сондағы көзім жеткені – бөдененің басқа құстарға қарағанда тез өсетіні. Ол қаншалықты жылдам өссе, өмір сүру жасының ұзақтығы да тым қысқа. Ары кеткенде 2 айдан бастап жұмыртқалайды. Балапан 16-17 күнде жұмыртқаны жарып шыққаннан кейін небәрі бір айда үлкейеді. Тауық 20-21 күнде, күркетауық 28 күнде, түйеқұс 40-45 күнде балапан басып, ол бір-екі жылда үлкен құсқа айналса, бөдене бір айдан аса уақытта өнім беруге жарайды. Сондықтан да ол жылдам көбейеді. Бір жылдан кейін бөдене жұмыртқа табу қабілетінен айырылады. Осы кезде оны етке өткізуге болады. Әйтсе де сол бір жылдың ішінде ол иесін қыруар табысқа кенелте алады, – деді ол.
Кейіпкеріміздің айтуынша, қора неғұрлым жылы болуы керек. Әр істің өз қиындығы бар демекші, бөдене баптағанды, аса қажетті күтімді ұнатады екен.
– Мамандардың кеңесін тыңдау арқылы құс қораны +20°С градустан төмен түсірмеуге тырысып жатырмын. Қазіргі уақытта жылу жеткілікті, жарық қосылып тұр. Бұл бөдененің жұмыртқалауына қолайлы жағдай тудырады. Оның жұмыртқасы мың ауруға шипа. Бірі білсе, бірі білмес, Жапонияда әр бала күніне таңертең екі бөдене жұмыртқасын жейді екен. Өйткені ғалымдар оның сан алуан пайдасын зерттеп берген. Адамның ойлау қабілетін арттырып, ағзаны түрлі жұқпалы аурулардан қорғайтын көрінеді. Дәмі тіл үйіреді. Оның жұмыртқасын жеуден сескенудің еш қажеті жоқ. Тойымды десек те болады. Үйдегі тауық жұмыртқасына қарағанда бір грамм бөдене жұмыртқасының құрамында А және Д дәрумендері екі есе көп көрінеді. Жұмыртқа бөлме температурасында бір ай, ал тоңазытқышта 60 тәулікке дейін өз қасиетін сақтайды. Нақтырақ айтсам, бөдене жұмыртқасы бас, асқазан ауруына, туберкулезге бірден-бір ем болып келеді. Жұмыртқасынан бөлек, етіне де сұраныс бар, – деді Қанжар Бердеш.
Жұдырықтай құстың бабын тапқан ерназарлық Қанжардың құс қорасында 4000 бөдене бар. Ол алдағы уақытта қайтарымсыз грантқа жас кәсіпкер ретінде қатысқысы келетінін бізге баса айтты. Қаржылай қолдау болса, бөдене санын 40-50 мыңға жеткізуді көздеп отыр. Өйткені оның бұл істе нәтиже бар екеніне көзі жеткен. Бүгінгі күннің өзінде аталған қанаттыдан күніне 1000-нан аса жұмыртқа алып, әр данасын 40-45 теңгеден сатып, табыс тауып отыр. Сол арқылы отбасын асырап бағуда.
Кәсіпкердің айтуынша, кәсібіне қарай нәсібі де мол болып отыр. Ол қандай табысқа да адам тек еңбектену арқылы жететінін айтады. Мемлекеттен «жұмыс тауып бер» деп емес, кәсіп аясын кеңейтіп, ауылдастарының ішінде бір-екі адамды болса да жұмыспен қамту үшін қаражат іздестіріп жатқанын, оның бір жолы осы қайтарымсыз грантта екенін меңзеді. Қазіргі уақытта күні-түні ауласында тыным таппай еңбектеніп, бөдене бизнесін алға ілгерілетіп жатқан Қанжардың жасы небәрі 23-те. «Жас келсе – іске!» деген осы.
Нұрым Сырғабаев
Келесі мақала