Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Агробанк қашан құрылады?

Агробанк қашан құрылады?
ашық дереккөз
Агробанк қашан құрылады?
Қыруар қаржы бөлінетін асыраушы салада өнімділікті арттыру үшін агробанк құру мәселесі көп жылдан бері көтеріліп келеді. Әйтсе де шаруаға қажетті қаржыны қағазбастылыққа салмай демде ұсынатын қаржы ұйымының іске қосылуы әзірге қиын болып тұр. Агробанктің тиімділігі турасында бұрынғы Ауылшаруашылығы министрлері – Асылжан Мамытбеков, Ақылбек Күрішбаев, кейіннен Асқар Мырзахметов те айтудай-ақ айтты. Алайда ведомство басшылары өз ұсыныстарының тиімділігіне сол кездегі Премьер-Министрлердің көзін жеткізе алмаған сыңайлы. Өйткені 20 жылдан бері айтылып жүрген агробанкті құру туралы нақты бір шешім шыққан жоқ. Тіпті 2021 жылы Ауылшаруашылығы министрлігі салалық қаржы институтын құру әкімшілік шығыстарды арттырып, нәтижесінде агробанк те шаруаларға төмен пайызбен несие ұсынуға қабілетсіз болып қалатынын мәлімдеді. Яғни агробанк құрыла қалған жағдайда өзге екінші деңгейлі банктер сияқты қызметі Ұлттық Банк тарапынан бақылауға алынады. Бұл талапқа сай келу үшін агробанк өзінің қарыз алушыларына жоғары талаптарды қоя бастайды. Осылайша түпкі мақсаты шаруаға төмен пайызбен, жеңілдетілген несие беру болған қаржы ұйымы қарапайым еңбек адамы ұсынған кепілзатты қабылдамайды. Демек, агробанктен несие алу қазіргідей мүмкіндігі бар, техникалық паркі жабдықталған, айналым қаражаты жеткілікті агроқұрылымдарға ғана мүмкін болады. Осынау тәуекелдерді алға тартқан ведомство тек ауылшаруашылығына арналған салалық банк құру идеясын құрдымға жіберген болатын. Дегенмен соңғы жылдары агробанк құру мәселесі биік мінберлерде қайта көтеріліп, қоғамда қызу талқылана бастады. Жуырда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Серік Егізбаев «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында мәлім еткендей, салалық банк құру бойынша сең қозғалған тәрізді. «Былтыр желтоқсан айының басында Парламенттің екі палатасының барлық депутаты Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі алдында елдің аграрлық саласында жылдар бойы жинақталған мәселелерді шешудің негізгі жолдарының бірі ретінде мемлекеттің 100 пайыз қатысуымен аграрлық банк құру мәселесін қайта көтерді. Бұл мәселені Парламент депутаттарымен кездесулер кезінде республиканың барлық өңірінің фермерлері мен шаруалары жылдар бойы айтып келеді. Агробанк Өзбекстан, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан сынды жақын көршілерімізде ғана емес, Еуроодақ елдерінде де азық-түліктік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында табысты жұмыс істеуде. Біз мұндай мемлекеттік саясат нәтижесін дүкендеріміздің сөрелерінен отандық өнімдерімізді ығыстырған аталған елдердің ауылшаруашылық өнімдері арқылы күн сайын көреміз. Үкімет қазіргі шақырылым депутаттары жұмысын бастаған кезде осы мәселе – АӨК қаржы жүйесінің жұмыс істеу тиімділігін арттыру, оның ішінде агробанк құру қажеттілігін жоққа шығару бойынша айтарлықтай қатаң және біржақты ұстанымда болды. Бірақ бірінші кезекте «Ауыл» партиясы парламенттік фракциясы депутаттарының табандылығы мен дәйектілігінің арқасында сең қозғалған сыңайлы. Жақында біз желтоқсан айындағы сауалымызға жауап алдық. Жауаптың негізгі өзегін сөзбе-сөз келтірейін: «Министрлік елдің азық-түліктік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында банктік несиелеу бөлігінде ауылшаруашылығын қаржыландыруды кеңейту маңыздылығын қаперге ала отырып, мүдделі мемлекеттік органдармен агробанк құру мәселесін пысықтауда» (Үкімет басшылығының тапсырмасы бойынша Ауылшаруашылығы министрі А.Сапаровтың жауабы). «Ұлттық Банк ұлттық даму институты ретінде агробанк құруға қарсы емес» (Төраға орынбасары В. Тутушкин). «Агенттік депутаттар бастамасына қарсы емес және ауылшаруашылық саласын дамыту институты ретінде мемлекеттік агробанк құру мүмкін деп санайды» (Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары О.Қизатов). Барлық әріптестеріме, 6 парламенттік фракциядағы Парламент Мәжілісі депутаттарына, Парламент Сенаты депутаттарына барлық экономикалық және климаттық қиыншылықтарға қарамастан республикамыздың гүлденуі мен өркендеуі жолында күн-түн демей еңбек етіп жүрген ауылдастарымызды қолдау жөніндегі түбегейлі мәселеде бірауызды ұстанымда болғаны үшін алғыс айтамын. Үкімет, Ұлттық Банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі басшылығына 12 миллионнан астам сайлаушының, оның ішінде, әрине, барлық 8 миллион ауыл тұрғыны атынан сөйлеген Парламент депутаттары бастамасын қолдау жөніндегі конструктивті ұстанымы үшін алғысымды білдіремін!» деп жазды С.Егізбаев. Жалпы мамандандырылған салалық банк қызметін ұйымдастыру қазақстандық қаржы жүйесі үшін таңсық емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында өзге посткеңестік елдермен бірге бізде де «Агропромбанк» жұмыс істеді. Кеңес одағында 1989 жылғы банк реформасы кезінде аталған банктен бөлек «Промстройбанк», «Внешэкономбанк» сияқты бірнеше салалық қаржы институты болған екен. Қазақстандағы «Агропромбанк» 1990 жылдың ортасында жекеменшікке беріліп, атауын «Наурызбанк» деп өзгертті. Көп өтпей «Наурызбанк» те сол тұстағы бірқатар қаржы ұйымының кебін киіп, банкротқа ұшырады. Экономист Талғат Демесінов көктемгі дала жұмыстары кезінде артық қаражаты жоқ, бірақ қарызды күзгі жиын-теріннен толықтыруға ниетті шаруаларға агробанктің көп септігі тиетінін алға тартады. – Қазір Қазақстан үшін азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі өте өзекті. Оған қоса ауылшаруашылығында өнімділікті арттыру үшін де «Агропромбанк» құру қажет деп есептеймін. Қаржының тапшылығы диқандардың жер жырту, тұқым себу сияқты маусымдық жұмыстарын өз уақытында орындауға қолбайлау болып тұр. Меніңше, осындай шаруаларға «Агропромбанк» көп көмектесер еді. Кезінде тәжірибеде «Бидай қолхаттары» деген болған. Яғни шаруа көктемде арнайы келісім аясында тиісті қаржыны алып, күзде қайтарады, – дейді экономист. Негізі агробанкті тек шаруаға несие беріп, одан пайда табатын қаржы институты ретінде қарастыруға болмайды. Тетігін тапса, агробанктің қызметін көпқырлы етіп ұйымдастырып, оны тұтас агроөнеркәсіп кешенін дамытудың құралы ретінде пайдалануда қиындық тудыра қоймайды. Экономист Талғат Демесінов агробанкті құру арқылы саладағы көптеген мәселенің шешімі табылатындығына сенімді. – «Агропромбанк» арқылы шаруалар көктемде ешқандай қиындықсыз айналым қаражатын толықтыра алады. Үкімет кепілзаты жоқ агроқұрылымдарға вексель береді. Вексель беруде Үкімет шаруаға өнімінің белгілі бір бөлігін мемлекет бекітіп берген бағада өткізу бойынша өз шартын қояды. Яғни бұл да тұрақтандыру қорларының қоймасын толықтырудың бір жолы. Ең бастысы, аудан орталықтарында «Агропромбанктің» көмегімен өндірістік сауда-саттық кешендерін де құруға болады. Олар ұсақ шаруалардың өндірген өнімдерін сатып, оны өңдеумен айналысады, – дейді экономист. Ал Мәжіліс депутаты Жигули Дайрабаев та асыраушы саланың алшаң басуы үшін шаруаның жағдайын түсіне алатын қаржы институты ауадай қажеттігін айтады. – «Біз аграрлық банктің қажет екеніне сенімдіміз және мынадай дәлелдерді келтіреміз: біріншіден, «Аграрлық несие корпорациясы», «ҚазАгроҚаржы» сияқты квазимемлекеттік қаржы институттары бар болғанымен олар арқылы берілетін кредиттің көлемі өте аз. Фермерлердің бүгінгі қажеттілігі – кем дегенде 2 триллион теңге. Елімізді аграрлық державаға айналдырамыз десек, бұл қажеттілік 5 триллион болады. Ал аталған қаржы институттары арқылы берілетін кредит оның оннан бір бөлігіне де жетпейді. Толыққанды банк болмағандықтан олар қосымша кіріс көзін аша алмайды. Сондықтан әкімшілік шығындарын, жұмыскерлерінің алатын жалақысын, жинайтын провизиясын өздері шаруаларға берген кредиттің үстемеақысына қоспағанда не істейді? Екіншіден, жеке банктердің аграрлық саланы қаржыландыруға ынтасы өте төмен. Статистикаға сүйенсек, олардың кәсіпкерлікке берген кредиттерінің 97 пайызы құрылыс, сауда сияқты салаларды қамтиды. Ашық айтайын, банктер ауылшаруашылығын менсінбейді. Бірақ аудандарда филиалдарын ашып, фермерлердің есепшотын жүргізіп, комиссиялық пайда табудан, депозит жинаудан қашпайды. Оларды аграрлық саланы кредиттеуге міндеттейтін заң нормасы да жоқ. Бұл қалай? Агробанктің құрылуына қарсы адамдар ауылшаруашылығы саласының тиімділігі төмен, тәуекелдері көп екенін алға тартады. Біздің айтарымыз – олардың дәл осы жауабы агробанктің құрылуына бөгет емес, керісінше негіз болуға тиіс. Себебі екінші деңгейдегі банк қана сан түрлі банктік операцияларды атқару арқылы сондай тәуекелдерді еңсере алады. Сонымен қатар қазір фермерлер кредит алу үшін 35-ке жуық құжат жинауға мәжбүр. Шалғай ауылдардағы шаруалар қай мекемеге барып ақша алатынын да білмей, жаңылысып жатады. Агробанк құрылса, ауыл кәсіпкерлерінің бәрі сол жерде есепшотын ашып жұмыс істейді. Сол шоттардағы ақша айналымын көріп отырған агробанк оларға сеніммен қарап, кепілдік бойынша талаптарын жеңілдетіп, несие бере алады. Қай жағынан қарасақ та агробанк құру өте тиімді, – деді мәжілісмен Ж.Дайрабаев. Жалпы бірнеше миллион отандасымыздың баспана мәселесін шешуге мүмкіндік берген «Отбасы банктің» тиімділігін мысал етіп, агросалаға маманданған қаржылық ұйым құруды құптайтындардың қарасы қалың. Қалай дегенмен шаруалар мен салалық мекемелерді бір-біріне қарсы қойған агробанк мәселесінің нүктесі жуық уақытта қойылатын сияқты.

Рүстем Сұлтан

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар