Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Табиғат тосын мінез танытты

Табиғат тосын мінез танытты
ашық дереккөз
Табиғат тосын мінез танытты
«Апат айтып келмейді» дейді дана халқымыз. Жалпы табиғаттың кез келген тосын мінезіне дер кезінде тойтарыс беруге әрқашан дайын болуымыз қажет. Өйткені ауа райының күрт өзгеруі адам денсаулығына зиянын тигізіп, кез келген саланы шығынға батыруы мүмкін. Мәселен, 10 қаңтар күні облыс аумағында секундына 30 метр жылдамдыққа дейін күшті жел тұрып, жұртшылық бірер уақыт әбігерге түсті. Жуалы, Жамбыл аудандарының кейбір елді мекендерінде электр жарығы болмады. Байзақ ауданының да бірқатар елді мекенінің негізгі электр желілері үзіліп, ол шетінен қалпына келтірілді. Шындықты айтсақ, аудандарда кейбір елді мекен тұрғындары 5-6 сағат электр қуатынсыз, газсыз отырды. Табиғаттың мұндай долы мінезін әсіресе Тараз қаласы бастан өткерді. Жойқын желдің салдарынан облыс орталығындағы тал-дарақтар мен электр желілері үзіліп, түстен кейін мектеп оқушылары үйлеріне қайтарылды. Әйтсе де жауапты мекемелер күшейтілген режимде жұмыс істеп, бүлінген дүниені қалпына келтіруге барынша тырысты. 10 қаңтар күнгі түскен мәліметтерге сүйенсек, құрылысы жүріп жатқан 1 үйдің сыртқы қоршауы ұшып, 1 үйдің қасбетінің сайдингі түсіп қалған. Бір аялдаманың шатырын жел көтеріп әкеткен. 2 ықшамауданда электр желісінің өшуі, бірқатар бағдаршамның істен шығуы, 3 жол белгісі мен жарнама тақтайшаларының зақымдалуы орын алған. 11 қаңтардағы күндізгі сағат 08:00-ге дейін 109 қызметіне тұрғындар тарапынан 300 өтініш түскен. Жалпы тараздықтар 109 қызметіне электр жарығы өшкені туралы – 249, газ өшкені туралы – 2, балкон шатыры құлауы туралы – 1, тал құлағаны туралы 22 өтінішпен хабарласқан. Қала аумағында жалпы құлаған тал мен бұтақ саны – 50. Тазарту жұмыстарына 130 адам, 5 техника жұмылдырылған. Электр энергиясын қалпына келтіру жұмыстарымен 12 бригада айналысқан. Осы жұмыстарға 46 маман және 14 техника жұмылдырылған. Электр қуатынан ажыраған тұрғын алқаптарға сол күні жарық берілген. Кейбір көшенің үйлерінде ішінара түске дейін жарық болмай, ақаулар қазір толық жойылды. 11 қаңтар күні Тараз қаласының оқушылары сабақты онлайн режимде оқыды. Қазір барлық әлеуметтік нысандарда (білім мекемелері – 130, денсаулық – 28 және басқа да 227 әкімшілік ғимаратта) жылыту маусымы қалыпты өтуде. Жасыратыны жоқ, Жамбылда соңғы уақытта жел жиі тұрып, электр бағаналары мен желілердің беріктігін, тұрғын үй шатырының мығымдығын сынаққа алып жүр. Осы жолы да дауыл жұртты сәл-пәл әбігерге салғаны болмаса, айтарлықтай шығынға жол берілмеді. Лайым, табиғи апаттар мен түрлі зобалаңдар ел іргесінен аулақ болса екен.

Нұрым Болатұлы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар