Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Нашақорлық – ұрпақты қарусыз жоятын кесел

Нашақорлық – ұрпақты  қарусыз жоятын кесел
ашық дереккөз
Нашақорлық – ұрпақты қарусыз жоятын кесел
Нашақорлық пен есірткінің зияны орасан. Бұл тұтас ұлттың тамырына балта шабатын, халықты қарусыз жоятын кеселдің бірі. Соған орай есірткімен күрес бүгінде кез келген елді алаңдататын, ең өзекті, әлеуметтік мәселенің біріне айналды. Нашақорлық – адамзат баласының денсаулығы мен еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне төнетін үлкен қатер. Сот тәжірибесінде есірткімен байланысты қылмыстың түрі көп. Мысалы, бірер ай бұрын М.К. есімді азаматтың ісі қаралды. Ол қылмысын өте мұқият дайындалып жасаған. Нақты айтсақ, 2022 жылдың қазан айында аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізуге жасырын әрекеттенген. Осы ретте айта кетсек, Н.К. есімді бір азамат арам ойын жүзеге асыру мақсатында Шу қаласынан Меркі ауылына қарай шығаберіс тасжолдың қасынан өтетін теміржолдың жағасында өсіп тұрған жабайы қарасораны жинап, оны сол жерде кептіріп, әлгі кептірілген есірткіні заңсыз иемденген. Содан кейін кептірілген марихуана есірткі затын бірнеше қапқа салып, Шу ауданы, Шу қаласындағы өз үйінің аумағында орналасқан қорасына жинап, сақтаған. Н.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізуге бағытталған қылмыстық ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында Меркі ауданының Жамбыл ауылындағы танысына, яғни біз сөз етіп отырған М.К. деген азаматқа 700 000 теңгеге аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш есірткі затын сатып алуға ұсыныс білдірген. Өз кезегінде М.К. Н.К.-нің ұсынысына келісіп, сатып алатынын айтқан. Сөйтіп, 2022 жылғы 14 қараша күні, 22 сағат 20 минутта М.К. аса ірі мөлшердегі гашишті сатып алу мақсатында Шу қаласындағы Н.К.-нің үйіне келген. Ары қарай Н.К. М.К.-ны аталған үйдің жатын бөлмесіне кіргізіп, 2 сөмке және пакетке аса ірі мөлшердегі 15 килограмм гашиш салынған 7 орам-брикетті салып, М.К.-ға өткізген. Ал М.К. аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз иемденген. Содан кейін М.К. аталған сөмкелер мен пакетті көшеде тұрған өзінің «Тоyota Camry» автокөлігіне салып, заңсыз сақтаған. Сол сәтте Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті облыс бойынша департаментінің қызметкерлері Н.К. мен М.К.-ні қылмыс үстінде ұстаған. Оқиға болған жерді қарап-тексеру барысында жалпы салмағы 19 105 грамм болатын аса ірі мөлшердегі гашиш есірткі заты табылса, Н.К.-нің Шу қаласындағы үйіне, үйінің ауласына тінту жүргізу кезінде жалпы салмағы 4 965 грамдық аса ірі мөлшердегі гашиш табылған. 2023 жылы 18 қазандағы облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен М.К. ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы, 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Реті келгенде айта кетсек, өткен жылдың 11 айында облыс соттарына 424 іс түсіп, 365 қылмыстық іс бойынша үкім шығарылды. Барлығы 389 қылмыстық іс аяқталды, 11 іс прокурорға қайтарылды, одан қалғаны – 35 іс. Сонымен бірге есепті кезеңде 383 адам сотталды. Бұл сот тәжірибесіндегі санаулы ғана мысал. Кептірілген есірткілік шөптен, синтетикалық заттар және олардың прекурсорларын жеке пайдалану және оларды тарату жастардың арасында кеңінен таралып, оңай ақша табудың көзі болып отыр. Осыған байланысты жастар арасында нашақорлықтың алдын алу жұмыстарын көбірек жүргізіп, әрбір ата-ана үйіндегі баласына бұл дерттің өзектілігі мен арты қандай жамандыққа алып келетіндігін түсіндіруі тиіс.

Азамат ТЛЕПОВ, облыстық соттың судьясы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар