«GOOGLE» ҚЫЗМЕТКЕРІ ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ
Бүгінде шетелде жұмыс істеуді армандап қана қоймай, оны алдына мақсат етіп қойған жастардың қатары көбейді. Бірі өзге елдің жақсы жалақысына қызықса, енді бірі «тәжірибе жинақтап, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоссам» деп талпынады. Сондай жастың бірі – Жантөре Орынбасаров. Талапты жас маман бүгінде «Google» компаниясында қызмет етеді.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында тараздық Жантөре Орынбасаровпен кездесу өтті.
Жантөре Орынбасаров – Тараз қаласындағы қазақ-түрік лицейінің түлегі. Оңтүстік Кореяның KAIST университетінде білім алған. Cisco-да тәжірибеден өткен. Қазіргі таңда «Google»-дің Польшадағы штабында «software engineer», яғни бағдарламашы болып жұмыс істейді.
Басқосуды институт ректоры Марат Баяндин кіріспе сөзбен ашып, кездесудің маңызына тоқталып өтті.
– Бүгінгі кездесу «Zhambyl_it_hub» және облыстық цифрлық технологиялар басқармасымен бірлесе ұйымдастырылды. Іс-шараға қызығушылық танытқан колледж студенттері мен оқушылар қарасы көп. Болашағын атақты кәсіпорындармен байланыстырғысы келетін жастардың көп екендігі бізді қуантады, – деді М.Баяндин.
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының студенттері мен қызметкерлері әлемге әйгілі компанияда қызмет етіп жүрген жерлестеріне IT-саласы бойынша сұрақтар қойып, пікір алмасты. Өз кезегінде Google маманы «IT-саласының маманы болуы үшін не істеу керек және шетелдік ірі компанияларға жұмысқа қалай орналасуға болады?» деген сұрақтар аясында ой өрбітіп, маңызды ақпаратпен және өзінің тәжірибесімен бөлісті.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала