Жас ғалымға – жайлы баспана
Өткен жылдың соңында елімізде жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету бағдарламасы іске қосылған еді. «Отбасы банк» пен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі арасында қол қойылған ынтымақтастық туралы келісім аясында өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап ғалымдардан заем алу туралы өтініштер қабылдауды бастаған.
Бағдарлама ғылыми ұйымдар мен жоғары және ЖОО-дан кейінгі білім беру ұйымдарының жас ғалымдарына 5 жыл бойы қолжетімді шарттармен тұрғын үй алу мүмкіндігін береді.
«Отбасы банк» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бағдарлама баспана алу жайына бас қатырған жас ғалымдар үшін таптырмас мүмкіндік.
– Ғылыми жаңалықтар мен жаңа технологиялар – еліміздің экономикалық өрлеуінің маңызды факторы. Жаңа технологияларды жасап, онымен жұмыс істей алатын кадрларды дайындаудың да маңызы зор. Бұл рөл ғалымдарымызға жүктелген. Аталмыш кәсіптің беделін көтеріп, қолдау көрсетуіміз керек. Ғалымдарымыз күнделікті мәселелерді ойламай, ғылымға ден қоюы үшін біз өз тарапымыздан оларға баспана мәселесін шешуге көмектесуге дайынбыз. Біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, «Отбасы банкінен» жылдық мөлшерлемесі 5 пайыз, ең төменгі 10 пайыздық алғашқы жарнамен несие алуға мүмкіндік беретін бағдарламаны іске қосып жатырмыз, – деп түсіндірді Л.Ибрагимова.
Жоба шарты бойынша аталған министрлiк қызметкерлерi жеңiлдетілген шарттармен заем ала алатын ғылыми ұйымдар мен жоғары және жоғары оқу орнынан кейiнгi бiлiм беру ұйымдарының тiзімін қалыптастырып, банкке ұсынады. Ал қатысушылар пулын жұмыс беруші белгілейді.
Ғылыми ұйымдардың бірінші басшылары қол қойған жолдаманы алған бағдарлама қатысушылары төлем қабілеттілігін бағалату үшін банкке жолдама алады.
«Баспананы алғашқы немесе екінші нарықтан сатып алуға болады. Заемның жылдық мөлшерлемесі 5 пайыздан беріледі. Алғашқы жарна 10 пайыздан 50 пайызға дейін болады. Бағдарлама қатысушысына берілетін ең жоғары заем сомасы 20 миллион теңгеге дейін», деп жазды министрліктің баспасөз қызметі өз хабарламасында.
Облысымызда аталмыш бағдарламаның игілігін көрген алғашқы ғалым – Амангүл Игисинова. Ғалымның баспаналы болсам деген арманы орындалып, көптен күткен қуанышына жетіп отыр.
Қуаныш иесі – шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушысы, филология магистрі. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің докторантурасын тәмамдаған. Ғалым «Неміс және қазақ тілдеріндегі себеп-салдар білдіретін шылаулар», «Неміс және қазақ тілдеріндегі себеп-салдар білдіретін шылаулардың қолданылуы мен сөйлемдегі қызметі», «Проблема переключения кодов в лингвистике», «Неміс тіліндегі көмекші сөздер сипаттамалары», «Тіл біліміндегі шылаулардың зерттелуі», «Германистиканың даму жолдары», «Кірме сөздер», «Стереотиптер жіктелімі: гендерлік стереотиптер ерекшеліктері» тақырыптарында зерттеу жүргізіп, мақала жазып, халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысқан. Мақалалары халықаралық, республикалық ғылыми басылымдарда жарық көрді.
Мемлекет қолдауына ие болған жас маманды қуанышымен құттықтаймыз! Алдағы уақытта өңір жастары осындай жақсылыққа жетіп, баспаналы болады деп сенеміз.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала