6 ТОННАҒА ЖУЫҚ ЕСІРТКІ ТӘРКІЛЕНДІ
Есірткі бизнесіне қарсы күрес форпосттарының бірі болып саналатын облысымызда есірткі қылмыстарын анықтау жұмыстары тоқтаусыз және жан-жақты жүргізілуде. 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарды іске асыру шеңберінде мемлекеттік органдармен бірлескен жұмыстар жыл санап жандана түсуде.
Өткен жылдың 12 айында облысымызда есірткі қылмысының 576 дерегі анықталыпты. Заңсыз айналымнан 5 тонна 818 келі есірткі алынған. 2023 жылы жамбылдық есірткі қылмысына қарсы бөлініс қызметкерлері қылмыстық топтың мүшелерін ұстау бойынша бірқатар ірі арнайы операция жүргізіп, оң нәтижелерге қол жеткізілген. Арнайы қызметтермен бірлесе отырып Шымкент қаласы мен Алматы облысына героинді жеткізу арнасының жолы кесілген.
Облыс бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаментімен бірлесе отырып Байзақ ауданында есірткі зертханасы жойылды. Жасырын бизнесті ұйымдастырған 5 адам ұсталды. Есірткі өндіру синтетикалық есірткі өндірісінің өнеркәсіптік ауқымына лайықты есептелген. Полицейлер 34 келіден астам синтетика және 4 тонна прекурсор тәркіледі. Арнайы іс-шаралар нәтижесінде есірткі тұтынушыларға жеткізілетін 6 миллионнан астам доза жойылды. Олардың қылмыстық әрекеттерінің ауқымы түсінікті болу үшін синтетикалық есірткінің аса ірі мөлшері бір грамнан басталатынын айта кеткен жөн, – деді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев.
Бүгінгі таңда есірткі нарығының құрылымы синтетикаға қарай ауысқан. Өткен жылы синтетикалық есірткіні сақтағаны және сатқаны үшін 20 адам ұсталып, заңсыз айналымнан 1 келіден астам синтетикалық есірткі құралы тәркіленген. Мәселен, облыс орталығында құрамы 4 адамнан тұратын қылмыстық топ құрықталған. Олардың бірі «Тelegram» парақшасында бес мың жазылушысы бар оператор синтетикалық есірткіні тарату үшін адамдарды жалдап, Атырау және Алматы қалаларына синтетикалық есірткіні өткізу арнасын ұйымдастырған. Жедел қызметкерлер 608 грамм мефедрон есірткісін тәркілеген. Жартыжылдық арнайы іс-шаралардың қорытындысы бойынша героин тобына жататын есірткілерді сатудың ірі арнасы жойылды. Бұрын осындай әрекеттері үшін сотты болған 63 жастағы зейнеткер әйел ұсталды.
«Трамадол» медициналық препаратының жиынтық кестесіне енгізілгеннен кейін түзеу мекемелеріне дәріханалық есірткі заттарын жеткізуге қатысты ақпаратты тексеру бойынша бірқатар жедел-іздестіру іс-шарасы жүргізілген. Осыған байланысты Байзақ ауданының тұрғыны ұсталып, үйін тінту барысында 3 430 дана «Трамадол», 90 дана «Самнол» және 138 дана «Тропикамид» медициналық препараттары табылып, тәркіленген. Бұл препараттар қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің мекемелерінде сатуға арналған.
Аймақта қарасора есірткісі өсетін атышулы Шу алқабы орналасқан. Жыл сайын «Қарасора» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасы өткізіледі. Өткен жылы іс-шараға 120-дан астам қызметкер жұмылдырылды. ҚР Ұлттық Ұланының «Бүркіт» әскери қызметшілерінің күш-құралдары және ҚР Қорғаныс министрлігінің ұшқышсыз ұшу аппараттары тартылды. Іс-шара нәтижесі бойынша Шу алқабынан 1 тонна 293 келіден астам есірткі тәркіленді. Осыған қатысты басқа облыстарға оны тасымалдап әкету бойынша жабайы қарасораны шабу және дайындау кезінде 15 адам ұсталды. Сондай-ақ қарасора өсірудің 20 дерегі анықталды, 1 800 килограмнан астам қарасора тәркіленді.
Сонымен бірге жерді жырту, Шудың шөбін шалғымен шабу және өртеу арқылы 220 тоннадан астам жабайы қарасора жойылды. Биыл облыста прокуратура органымен бірлесіп, «Narko Shekteu Taraz» телеграм-боты іске қосылды. Ол арқылы тәулік бойы тұрғындар түрлі есірткі қылмыстары туралы хабарлай алады. Ал осыған қатысты құқық қорғау органдары жедел әрекет етіп, шаралар қолдана алады. Қазіргі уақытта 1 579 өтініш-талап келіп түскен. 1 383 интернет-сайт бұғатталып, 392 есірткі жарнамалаған граффити жазу жойылды. Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы жастармен алдын алу және сенімді қарым-қатынас орнату бағытында жұмыстар жасауда. 30 мыңнан астам оқушы мен студенттердің қатысуымен 900 профилактикалық іс-шара өткізілді, – дейді Әлім Бажықбаев.
Айжан Өзбекова
Келесі мақала