Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Рақмет саған, жедел жәрдем!

Рақмет саған, жедел жәрдем!
ашық дереккөз
Рақмет саған, жедел жәрдем!
Облыстық жедел жәрдем стансасы – азаматтардың жекелеген санатына және пациенттің өміріне қауіп төнген уақытта немесе жазатайым жағдайда шұғыл медициналық көмек көрсетуге арналған аурухананың құрылымдық бөлімшелерінің бірі. Облыс тұрғындарына үш қосалқы станса және 11 аудандық жедел медициналық жәрдем бөлімшелері қызмет көрсетеді. Санитариялық авиация қызметін үш мобильді бригада орындайды. Олар – акушерлік-гинекологиялық, неонатологиялық және нейрохирургиялық-травматологиялық қызмет. Облыстың «103» шақыру бөлімі, барлық жедел медициналық жәрдем бөлімшелері облыстық жедел жәрдем стансасының базасына енгізілген. Жедел медициналық көмек қажет болған жағдайда шақыртуларды «көмек» және «103» автоматтандырылған басқару жүйесімен (АБЖ) жабдықталған Call-орталық қабылдайды. Аймақта 372 елді мекен барын ескерсек, сала мамандарының жауапкершілігі аса жоғары екендігі айтпаса да түсінікті. Жалпы облыс бойынша тәулігіне 93 жедел жәрдем бригадасы қызмет көрсетеді. Оның ішінде Тараз қаласында – 40, аудандарда 53 бригада тұрғындардың амандығы үшін тынымсыз еңбек етуде. Бүгінде мекемеде жалпы 1 633 қызметкер қызмет көрсетеді. Оның ішінде дәрігерлер – 36, орта медицина қызметкерлері – 995, жүргізушілер – 450, санитарлар – 125, әкімшілік қызметкерлер саны 35 адам. Олар күн сайын сан түрлі науқаспен жүздесіп, дертіне дауа іздеген жандарға алғашқы көмек көрсетеді. Олардың жұмысы бүгінде екі есеге ауырлап кеткен. Қазіргі таңда шақыртулар саны тәулігіне 1 500-1 600-ді құрайды. Олардың басым көпшілігі дене қызуы, қан қысымының көтерілуі, жүрек аурулары және өзге де себептермен жедел жәрдем көмегіне жүгінеді. Жамбылдық жедел жәрдем қызметі өткен жылды нәтижелі аяқтады. Олай дейтініміз, олар 2023 жылы халықтың алғысын алумен болды. Ондағы әрбір маман мақтауға тұрарлық. Бас дәрігер Венера Балқыбекованың басшылығымен барлық саланың қызметкерлері, бөлім меңгерушілерінің тікелей, жұмыла атқарған еңбектерінің жемісі бағаланды. Олар 2023-2026 жылға арналған Ұлттық аккредиттеуден сәтті өтті. Осы орайда жамбылдық жедел жәрдем дәрігерлерінің зор еңбегін айта кеткенді жөн көрдік. Жамбылдық жедел жәрдем дәрігерлері бірнеше рет жүрегі тоқтап, клиникалық өлімге ұшыраған 50 жастағы ер адамды ажалдан арашалап қалды. 5 қазан күні орталық жедел жәрдем стансасының фельдшерлері Данияр Аккулиев пен Рустам Миркамилов және жүргізуші Құрманғали Ноғаевтан құралған бригада кезекті жұмыс уақытында болды. Жұмыс барысында бригадаға сағат 11:00-де Рысқұлов көшесі бойындағы «Әмір және Д» дәріханасына шақырту түсіпті. Аталған мекенжайға барғанда 50 жастағы ер кісі сағат 10:00-ден бері жүрек тұсы күйдіріп ауырып, суық тер басып жатқан соң дәріханадан дәрі алуға келген екен. – Науқастың денсаулығын тексергенде оның жағдайы ауыр болып, оған шұғыл алгоритм бойынша толық алғашқы көмек жасалды. Науқас ЭКГ-ге түсіріліп, жедел коронарлы синдром, кардиогенді шок диагнозы қойылып, ауруханаға жеткізуге ұйғарым жасалды. Тасымалдау барысында жолда сағат 11:38-де науқас бірден есінен танып, денесі тырысып, тынысы тоқтап, ұйқы артериясында пульс жоғалып кетті. Жүрек қызметінің тоқтауы нақтыланған соң науқасқа дереу жедел жүрек-өкпе реанимациясы жасалды. Дефибриллятор мониторында қарыншалық жыбыр болғандықтан 150 джоуль ток соққан соң науқас есін жинап, гемодинамика қалпына келді. Клиникалық өлім, сәтті реанимациялық шарамен Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Жеткізу барысында ешқандай асқынулар болған жоқ. Науқасты дәрігерлерге тапсыру барысында жүрегі екінші рет қайта тоқтады. Қазіргі таңда науқас ауруханадан шығып, аман-есен отбасына оралды, – дейді Данияр Аккулиев. Тұрғындардың есіне сала кетейік, диспетчерлер шақырту қабылдағанда олар төрт жеделділік санатына қарайды. Бірінші – өміріне тікелей қауіп төндіретін, жедел медициналық көмек көрсетуді қажет ететін пациенттің жай-күйі ескеріледі. Екінші – өміріне медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі есепке алынып, жедел жәрдем осы санаттағы шақыртуға жіберіледі. Ал үшінші жеделділік санатындағы шақырту – денсаулығына медициналық көмек көрсетусіз әлеуетті қауіп төндіретін пациенттің жай-күйі. Төртінші жеделділік санатындағы шақырту – жіті ауруынан немесе созылмалы ауруының асқынуынан туындаған, ағзалар мен жүйелердің кенеттен болған және айқын көрінетін бұзылуларынсыз пациенттің өмірі мен денсаулығына тікелей және әлеуетті қауіп төндірмейтін пациенттің жай-күйі. Талайдың өміріне араша түсіп, жедел де жылдам қызмет көрсететін ұжымға алғыстан басқа айтарымыз жоқ!

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар