Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЕМІСІ

«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЕМІСІ
ашық дереккөз
«ЖАЙЛЫ МЕКТЕП» – ЖАСАМПАЗДЫҚ ЖЕМІСІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында Қазақстанның экономикалық даму стратегиясының өзегі азаматтардың мүддесі мен сұранысы екені айрықша атап көрсетілді. Қасым-Жомарт Кемелұлы сапаға ерекше екпін түсіріп, білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру міндеттерін белгілеп берді. Мұның алдындағы Жолдауларда да білім саласына тікелей қатысты тұжырымдар мен басымдықтар айқындалған болатын. Еліміздің әр баласы сапалы және жоғары білім иесі болуы үшін Мемлекет басшысы өзінің әр Жолдауында адам капиталына айрықша көңіл бөліп келеді. Сондай-ақ Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде 2025 жылға дейін 800 мың баланың заманауи мектепте білім алуына жағдай жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған болатын. Жоспар бойынша сол мектептердің биыл бір парасы халық игілігіне беріледі. Сонымен қатар жаңа мектептер заманауи құрал-жабдықтармен, қажетті оқу кабинеттерімен, спортзалдармен жабдықталуы тиіс. Бастауыш және орта сыныптарды жеке асханалары, жуынатын бөлмелері, спортзалдары бар бөлек блоктарда оқыту ұсынылады. «Жайлы мектептің» ең басты ерекшелігі – мектептер ауылда да, қалада да жаңа бірыңғай стандарт бойынша салынады. Бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блокта оқиды. Әр блок оқу кабинеттерімен, дәретханалармен және спортзалмен қамтамасыз етілген. Бейнебақылау, дыбыстық хабарлау секілді күшейтілген қауіпсіздік шараларын орнату көзделген. Бұрынғыдай таласып-тармасып киім ілгішке жүгірмейтіндей, яғни ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтарына дейін қарастырылған. Мұның барлығы – баланың шығармашыл, еркін ойлы, бар ынта-жігерін білім мен шығармашылыққа арнаған сапалы ұрпақ болуы үшін атқарылып жатқан жұмыстар. Мұндай мектептерде физика, химия, биология, робототехника пәндеріне арналған кабинеттер заманауи техникалармен жабдықталған. Президенттің сайлауалды бағдарламасын орындау мақсатында биыл 18 өңірдегі 718 мектепте 1 004 кабинет, атап айтқанда, 248 химия, 261 физика, 232 биология, 172 STEM, 91 робототехника кабинеті іске қосылуда. Ал бұған дейін 1 200 орындық мектептерде бір ғана спортзал болса, «Жайлы мектепте» бірнеше спортзал жасақталмақ. Бұл да бір еркін дамудың, спорттық идеяларды іске асырудың жақсы мүмкіндігі дер едік. Сондай-ақ бұл мектептер нысандар құрылысын бақылайтын дирекцияның үйлестіруімен салынады. Бұл дегеніміз – рәсімдерінің мерзімін жеделдетуде және құрылыс сапасын қамтамасыз етуде ең оңтайлы жол. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында облыс бойынша 2023-2025 жылдары «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 9 500 орындық 12 мектеп салу жоспарлануда. Атап айтқанда, Байзақ, Меркі, Жамбыл аудандарының әрқайсысында бір-бірден, Шу ауданында – 2, Қордай ауданында – 3, Тараз қаласында 4 мектеп пайдалануға берілетін болады. Облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдын Досыбаеваның айтуынша, жоспарға сәйкес 2024 жылы 7 мектеп, келесі жылы 5 мектеп есігін айқара ашады. Былтыр 7 мектептің құрылысына 15,1 миллиард теңге қаржы бөлініп, бүгінде құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Айжан Өзбекова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар