Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылдық жеткіншектер жеңімпаз атанды

Жамбылдық жеткіншектер жеңімпаз атанды
ашық дереккөз
Жамбылдық жеткіншектер жеңімпаз атанды
Өркениеттің артықшылығын пайдалану үшін адамзат өзінің денсаулығын да, қоршаған ортаны да тәуекел етуге даяр. Мұның әсерінен экологиялық мәселелер біз үшін қазіргі таңда өзекті мәселеге айналды. Осы орайда елімізде экологиялық мәселелерді шешу үшін республика көлемінде сайыстар тұрақты түрде ұйымдастырылады. Жуырда физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Үздік экологиялық білім беру ұйымы» атты республикалық байқауға қатысып, жеңімпаз атанды. Тараздық оқушылар Сұлтан Жұмақадыр, Барысхан Қалдыбай, Қанат Тәжіхан мен Мәди Тәжіхан «Future solar power plant» атты жобаны әзірлеген. Жобада күн батареяларын пайдалана отырып, электр энергиясын өндірудің инновациялық әдісі қарастырылған. Арнайы жасалған қалқымалы дизайн және «ақылды» күн трекері мен күн панелін тазартқышты қоса алғанда дербес IT жүйесі әдістің тиімділігін 95 пайызға арттырады екен. – Атмосфераның ластануы, адамдардың экологияға деген тұтынушылық қатынасына байланысты жер бетінде табиғи апаттар, яғни жер сілкінісі, су тасқыны, жойқын дауылдар мен құрғақшылық орын алады. Соның ішінде бұл қазба ресурстардың сарқылуы мен отыннан шыққан газдардың табиғатты улауынан да болады. Біздің жасаған жобамыз қалқымалы конструкция мен автономды жүйе арқылы күн энергиясын өндірудің жаңа түрін пайдалануға мүмкіндік береді. Бұл ауылдық жерлер мен жалпы Қазақстан бойынша электр энергиясы тапшылығын жаһандық деңгейде шешуді мүмкін етеді. Осылайша біз «жасыл» энергияны дамытып, парниктік газдардың атмосфераға шығарылу деңгейін төмендетеміз, климаттың өзгеру салдарын реттейміз. Қазба отындары ерте ме, кеш пе аяқталады, ал жаңартылатын энергия көздері іс жүзінде таусылмайды, – деді 17 жастағы Қанат Тәжіхан. Қанаттың экологиялық мәселелерді шешуден бөлек, жеке армандары да бар. Мәселен, ол мектепті аяқтағаннан кейін АҚШ-тағы Массачусетс технологиялық институтына грантқа түсуді, сондай-ақ өз жобасын кеңірек деңгейде жүзеге асыруды армандайды. Жобаны өндірістік инновациялық жүйеге енгізіп, өз компаниясын ашуды, болашақта еліміздің экология министрі атануды қалайды. Жобаны жүзеге асыру үшін оқушылар екі жыл қатарынан жетекшілерімен бірге суқойма мен күн стансасы бар Жуалы ауданындағы табиғи жағдайларды зерттегенін айтты. Желдің жиі соғуы, ауа райының қолайлы болуы жаңа инновацияны қолдануға мүмкіндік беретінін байқаған. Өйткені күн батареяларын салқындату үшін желдің соғуы да маңызды. – Өткен жазда Түргенде инвестордың көмегімен біз алғашқы жүйемізді орнатып, оның тиімділігін байқадық. Біздің қондырғымыз электр қуаты жоқ, арзан электр энергиясын пайдаланғысы келетін адамдар үшін өте тиімді. Өйткені күннің әрдайым жарқырап тұруы жобаның сәтті жүзеге асуын қамтамасыз етеді, – дейді Қ.Тәжіхан. Айта кету керек, сөз соңында жоба жеңімпаздары информатика пәнінің мұғалімі Максим Рыбалкин мен физика пәнінің мұғалімі Ерболат Қасқырбаевқа ерекше алғыстарын білдірді.

Аяулым Жаманқара

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар