Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жұмыспен қамту жүйелі жалғасады

Жұмыспен қамту жүйелі жалғасады
ашық дереккөз
Жұмыспен қамту жүйелі жалғасады
«Таланттың екінші аты – еңбек» деген сөз бар. Бұл ретте қандай да бір істі өз деңгейінде атқарып, ұжымның, қоғамның алдында адал еңбегімен абыройға ие болған адамды талант деп айтуға болады. Қоғамда өзінің еңбекке деген ерекше қабілеті мен ыждағат­тылығының арқасында осындай құрметке бөленіп жүрген жандар жетерлік. Бұл енді өз алдына бөлек әңгіме. Біздің айтпағымыз, еңбек нарығы және ел-жұртты жұмыспен қамту жайы. Жалпы жұмыссыздық дегеніміз – еңбек етуге жарамды адамның өзінің кезінде игерген мамандығы бойынша немесе қарым-қабілеті мен икеміне қарай қара жұмысқа тұруда «екі қолға бір күрек» таппай сандалуы. Егер «еңбек ету арқылы отбасымды асырасам немесе ешкімге жалтақтамай тәуір тұрмыс кешсем» деген ниетпен әртүрлі мекеме-кәсіпорындар мен шаруашылықтардың табалдырығын тоздырып, жұмысқа тұра алмаған адамға қатысты дерек ел ішінде бірлі-жарым ғана кездессе, бұл сол қоғамдағы еңбек нарығында жұмыс күшіне сұраныс жоқ дегенді білдірмейді. Ал мұндай жағдай екінің бірінің басында болып, жұрт жаппай сабылатын болса, онда бұл сол елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайдың шын мәнінде мәз еместігін көрсетеді. Сонымен қатар еңбек нарығында жұмысшылар мен мамандарға деген сұраныс бола тұра олар жұмысқа тұрудың ретін таппай, таныс-тамыр жағалап немесе мәселені пара беру арқылы шешуге ұмтылса, онда бұл сол елдегі жүйенің әлсіздігін және мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайымен қоса, өркениетінің төмендігін де айғақтайды. Себебі өркениетке қол жеткізген, халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайы жоғары, еңбек нарығында жұмысшы және басқа да мамандарға сұраныс бар елдерде әркім қалаған жұмысына тамыр-таныссыз орналаса алады. Және ондай мемлекеттерде негізінен бәсекеге қабілеттілер мен өз міндетін сапалы атқаратындарға көбірек таңдау жасалады. Бір кездері әлемдік зерттеушілер арасында «жұмыссыздықтың пайда болуы халық санының артуымен де байланысты» деген тұжырым да жасалған. Алайда қандай бір мемлекетте тұрғындар санының жоғары қарқынмен өсуінің соңы халықты жаппай жұмыссыздыққа әкеліп соқтырады деуге сену қиын. Рас, егер бір мемлекетте адам саны көбейіп, ол елдің аумағына халық сыймай жатса, бұл тұжырым құлаққа кіреді. Ал нақ осы пікірдің жаңсақ екенін жер көлемі үлкен, халқының саны аз, ел ішін жұмыссыздық жайлаған мемлекеттердің ішкі ахуалы дәлелдеп береді. Мәселен, Кеңес үкіметі ыдырап, еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жаппай жұмыссыздық жайлап, халық сеңдей соғылғаны әлі есте. Ол кезде Қазақстанның халқы бұдан екі есе аз болатын. Сол тұста мемлекетіміз жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға бет бұрып жатты. Елде түрлі мекеме-кәсіпорындар, зауыт-фабрикалар жабылып, ұжымшар, кеңшарлар тарады. Біз сөз етіп отырған кезеңде ел арасында белең алған жұмыссыздықпен мемлекетіміз әлі күнге күресіп келеді. Жалпы жұмыссыздық мәселесінің неден туындайтынын сөз етсек, жұмысшылардың өз еңбегіне сай тым жоғары жалақы талап етуі жұмыс күшіне деген сұранысты төмендетуі мүмкін. Бірақ бұл ұсынылатын жұмыс көзі аз дегенді білдірмейді. Осы ретте тарқата айтсақ, бір кездері еліміз экономикалық реформаларды қолға алған кезде ел ішінде жұмыссыздық кең ауқымда көрініс тауып, қазақстандық еңбек нарығында ағымдағы, құрылымдық, циклдік секілді сан түрлі жұмыссыздықтың түрлері орын алды. Мысалы, бір жұмысшы өзі еңбек етіп жүрген кәсіпорын, зауыт, фабрика секілді жұмыс орнынан белгілі бір себеппен шығып қалып немесе ол мекеме жабылып, әлгі адам көп ұзамай басқа жұмыс тауып алса, бұл – ағымдағы жұмыссыздық. Ал құрылымдық және циклдік жұмыссыздық – ол дәл осылай жұмысынан айырылған адамның ұзақ уақыт бойы жұмыс таппай сенделуі. Тіпті кейбір мамандардың өз саласы бойынша білгенін ұмытуы, тәжірибесін жоғалтуы салдарынан уақыт өте келе жұмыс тапқанымен бәсекеге қабілетті бола алмай, қайтадан жұмыстан шығып қалуы да осы топқа жатады. Нақ осы жұмыссыздық түрін еліміз тәуелсіздік алған алғашқы 15 жыл ішінде басынан өткергендер көп болды. Ал ағымдағы жұмыссыздық деген ол қай заманда да бар нәрсе. Біреу табан аудармай бір мекемеде қырық жыл еңбек етіп немесе бір мекемеден келесісіне ауысыммен орналасу арқылы ұзақ жыл жұмыс істеп зейнетке жетуі мүмкін. Дәл осылай тағы бір адам қырық жыл еңбек етіп, бірақ еңбек кітапшасында бірнеше рет жұмыс ауыстырғаны, оның ішінде бір жұмыстан келесісіне орналасқанда бос жүрген күндер, айлар кезіксе, сөз жоқ, ол адамның ағымдағы жұмыссыздықты басынан өткергенін байқауға болады. Негізінде қоғам үшін ағымдағы жұмыссыздық қауіпті емес. Егер құрылымдық және циклдік жұмыссыздық орын алса, мұның соңы жақсылыққа апармайды. Себебі ел ұзақ уақыт жұмыс таппай сеңдей соғылса, оның соңы әлеуметтік қақтығыстарға ұласуы ықтимал. Мемлекетіміз тәуелсіздік алғанда ел ішін жайлаған осындай жұмыссыздық түрлерімен бетпе-бет келіп, оны жоюдың амалын іздестіргені баршаға аян. Бұл ретте жұмыспен қамтудың белсендi саясатын жүзеге асыру ісі қолға алынып, мемлекетті тығырықтан осы жол алып шыққанын айта кетуіміз керек. Сонымен қатар еңбекке жарамсыз аз қамтылған отбасылар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы аналар секілді қоғамдағы халықтың басқа да осал топтарына атаулы көмек көрсету есебiнен кедейлiктiң ауқымын қысқарту және жұмыссыздық деңгейiн төмендету ісі де кешенді жүргізілді. Әр отбасында жоқ дегенде бір адамды жұмыспен қамту, олардың мамандық игеруіне немесе кәсіппен айналысуына көңіл бөліне отырып, жұмыссыздарды еңбекке ынталандыратын жаңа жұмыс орындарын құру бүгінде өз жемісін берді. Халықты жұмыспен қамту саясатын жүзеге асыруда ең негізгі мақсат ретінде елдегі жұмыссыздық деңгейінің өсуін баяулату және оны белгілі бір деңгейде ұстап тұру және мейлінше жұмыссыздықты болдырмау қарастырылды. Қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсартуға, мемлекеттің экономикасын өркендетуге айтарлықтай септігін тигізген жүйелі бастамалар жолға қойылып, мемлекеттік сан түрлі бағдарламалардың қабылдануы аталған мақсатқа қол жеткізуге септігін тигізді. Одан бөлек өңірлік жобалар да әулиеаталықтардың тұрмысын түзеуіне негіз болды. Мәселен, халықты жұмыспен қамту саясатына қатысты ел аумағында жүзеге асырылған іргелі істер ішінде өз облысымыздың әрекетіне көз салсақ, өңірімізде 1991 жылы «Жұмыспен қамтуда ықпал ету» мемлекеттік қоры құрылып, осы қорға мекемелер (бюджеттен қаржыландырылатындардан басқасы) еңбекақы қорынан 3 пайыз мөлшерінде міндетті жарналар аударып тұрды. Кеңес одағы ыдырағаннан соң көптеген мекеме мен кәсіпорындар тарап, жұмыс орындары қысқарған уақытта аталған жарналар қорға уақытылы аударылмай, заңнамада көрсетілген жұмыссыздарға төленетін жәрдемақылар төленбей, берешек қарыздар жинақталып, мәселе ушыға түсті. Одан бөлек Қазақстан Республикасындағы еңбек нарығын және жұмыспен қамту саласын реттеуде халықты жұмыспен қамтудың арнайы бағдарламалары жүзеге асырылып келгенімен бұл да жұмыссыздық мәселесін шешуге қауқарсыздық танытты. Дегенмен 1999 жылы Қазақстан Республикасының «Жұмыспен қамту туралы» Заңына өзгерістер енгізіліп, 2000 жылдан бастап жұмыссыздарға берілетін жәрдемақы тоқтатылып, кедейшілік деңгейінен төмен тұратын жұмыссыздарға атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады. Ал еңбекке қабілетті жұмыссыздарды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту үшін біздің өңірде «2000-2002 жылдарға арналған Жамбыл облысында жұмыссыздық және кедейшілікпен күрес» бағдарламасы қабылданып, жұмыспен қамту жүйесінде жоспарлы іс-шаралар қолға алынды. Жүргізілген осындай жұмыстардың нәтижесінде жұмысыздық деңгейі 1999 жылғы 14,6 пайыздан, 2002 жылдың қорытындысы бойынша, 12,3 пайызға дейін төмендеді. 2000 жылдан 2010 жылға дейін жұмыссыздықты төмендету бойынша кезең-кезеңімен төрт бірдей бағдарлама жүзеге асырылды. Осы жылдары 70 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар жыл сайын 15 мыңнан астам адам маусымдық жұмыстарға тартылып тұрды. Кейіннен әулиеаталықтардың тұрмысын көтеруде мемлекеттік бағдарламалар үлкен рөл атқарып, сан саладағы кейбір өңірлік бағдарламалар қолданыстан шықты. 2008 жылы қабылданған елдік деңгейдегі «Жол картасы» аясында өңірде небәрі бір жылда 497 жобаны жүзеге асыру үшін 15,9 миллиард теңге қарастырылып, 21 545 адам жұмыспен қамтылды. Соның арқасында, яғни 2009 жылы жұмыссыздық деңгейі 2008 жылғы 6,5 пайыз көрсеткішінде тұрақтаса, 2010 жылы 5,7 пайызға дейін төмендетуге қол жеткізілді. 2011 жылдың екінші жартыжылдығынан бастап пилоттық режимде жүзеге асырыла бастаған «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы да өз кезегінде жемісті нәтиже көрсетті. 2011-2016 жылдары осы бағдарламаға 35 397 адам қатысып, атқарылған жұмыстар нәтижесінде 2016 жылы жұмыссыздық деңгейі 2011 жылғы 5,5 пайыздан 4,9 пайызға дейін түсті. Бизнес ортаны және халықты жұмыспен қамту мәселелерін түбегейлі жақсарту мақсатында «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы іске қосылды. Бұл өз кезегінде қазақстандықтарды жұмыспен қамтуда қолданысқа енген мүлдем жаңа бағдарлама еді. Осы бағдарламаның негізгі мақсаты – халықты нәтижелі жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және азаматтарды кәсіпкерлікке тарту. Ал оның негізгі міндеттері – еңбек нарығының қажеттілігін есепке ала отырып техникалық және кәсіптік білімі бар кадрларды даярлау, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіптер мен дағдылар бойынша жұмысшы кадрларды қысқамерзімді кәсіптік оқыту. Жұртшылықты кәсіпкерлік негіздеріне оқыту, ауылда және қалада микрокредит беру ісін ұлғайту, жұмыссыздарды және өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдарды жұмыспен қамтамасыз етуге жәрдемдесу, еңбек ресурстарының ұтқырлығын арттыру және жұмысқа орналастыру бойынша бірыңғай цифрлық алаң құру осы бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі еді. Облыста 2017-2021 жылдары 69,3 миллиард теңге қаражат бөлініп, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 241,5 мың адам тартылса, оның ішінде 181 мың адам жұмыспен қамтамасыз етілді. Осы аралықта 15 986 адам түрлі жұмысшы мамандықтары бойынша қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарын аяқтап, олардың 58,6 пайызы жұмыспен қамтылды. Бағдарламаның «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағыты бойынша шағын несиелендіру – халықтың әл-ауқатын көтерудегі ең тиімді әрі өнімді құралдардың бірі. «Еңбек» бағдарламасы аясында 6 093 адам 26 миллиард теңгенің шағын несиесін алып, олар қосымша 3 594 жұмыс орнын ашты. Аталған бағыт аясында қайтарымсыз гранттар беру – шағын несие алуға кепіл мүлкі жоқ, өз ісін жаңадан бастағысы келетін жұмыссыздар мен өз бетінше жұмыспен қамтылған азаматтар үшін әлеуметтік қолдаудың таптырмас құралы. Барлығы 16 956 адам 9,2 миллиард теңгенің қайтарымсыз грантын алып, өз істерін ашты. Шағын несие мен гранттар алушыларға «Бастау Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқу басты талаптардың бірі болып белгіленді. 2017-2021 жылдары осы жоба аясында 15 256 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Аталған жылдары облыстан солтүстік өңірлерге барлығы 853 отбасы, 2 786 адам қоныс аударып, ол жаққа көшіп барған отбасылар толығымен қабылдаушы өңірлік квотасына енгізіліп, ол отбасылардың барлық мүшелеріне субсидиялар төленді және жалдамалы тұрғын үймен, жұмыспен қамтылды. «Еңбек» бағдарламасының осындай құралдарының тиімділігі ескеріліп, 2022 жылдан бастап қолданысқа енгізілген Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобада да бұл бағыттар қамтылып, қазір сәтті жүзеге асырылуда. 2022-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бұрнағы жылы және былтыр жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 126 мыңға жуық адам тартылды. Олардың ішінде 86 330 адам жұмысқа орналастырылды. Қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарына – 2 202 адам, онлайн оқыту курстарына – 4 257 адам, «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 29 846 адам жолданды. Еңбек нарығындағы жұмыссыздықпен, кедейлікпен күресу басты міндет болғандықтан бұл мәселемен жергілікті жерлерде халықты жұмыспен қамту орталықтары айналысып, былтыр шілде айына дейін жұмыс істеп келген еді. ҚР Әлеуметтік кодексін іске асыру шеңберінде өткен жылғы 1 шілдеден бастап еліміздің облыс орталықтары мен мегаполистерінде 20 еңбек мобильділігі орталығы құрылды. Ал жұмыс істеп тұрған халықты жұмыспен қамту орталықтары мансап орталықтары ретінде қайта құрылып, жұмыстарын жалғастырды. Осы ретте облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылып, оған Серік Алибеков директор болып тағайындалған еді. Оның айтуынша, былтыр шілдеден бастап Еңбек мобильділігі орталығы жұмыс күшіне сұраныс пен ұсынысты талдау, болжау негізінде өңірдің еңбек ресурстарының теңгерімін қамтамасыз ету, өңірлік жұмыспен қамту карталарын әзірлеу және оларды жергілікті жерлерде іске асыруды үйлестіру бағыттары бойынша жемісті жұмыс атқарған. Халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларын іске асыру, өңірде іске асырылатын барлық мемлекеттік бағдарламалар мен жеке бастамалар шеңберінде ашылатын жұмыс орындарының құрылуына мониторинг жүргізу, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында азаматтардың ерікті көші-қонына жәрдемдесу және азаматтарды көшіру бағдарламаларын өңірлік деңгейде үйлестіру де осы орталықтың міндетіне жатады. Жұмыс іздеуші ретінде жүгінген және жұмыссыз адамдарды тіркеу және оларды жұмыспен қамту шараларын қабылдау, халықты, жергілікті атқарушы органдарды және уәкілетті мемлекеттік органды өңірлік еңбек нарығының жай-күйі туралы хабардар ету – орталықтың жаңа функцияларының бірі. Орталық осы функцияларды іске асыру үшін қала және аудан аумағында жұмыс істейтін еңбек нарығының барлық институттарын белсенді түрде тартқан. Ол үшін оларға азаматтардың нысаналы топтарын жұмысқа орналастырумен байланысты жекелеген функцияларды аутсорсингке беру құқығы берілген екен. Осы орайда біз аталған орталық филиалдарының бірі, яғни облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Еңбек мобильдігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Қордай ауданы бойынша мансаптық орталық филиалының директоры Саламат Көпешовті сөзге тартып, былтыр жыл ішінде қандай жұмыстар атқарылғанын сұраған едік. – Өткен жылдың 29 желтоқсанына ауданда 7 257 азамат әлеуметтік қорғау шараларымен қамтылса, қазір ресми түрде жұмыссыздар есебінде 1 344 азамат тұр. Былтыр бос жұмыс орындарына 4 270 азамат жолданды. Сондай-ақ 50 адамды қысқамерзімді кәсіптік оқытудан өткізу үшін облыстық бюджеттен 11 452 мың теңге қаражат бөлінді. Осылайша «Бетқайнар» колледжіне 52 азамат қысқамерзімді кәсіптік оқуға жолданды. Оның ішінде «Дәнекерлеуші» мамандығына 12 азамат, «Тігін ісі» мамандығына 13, «Тракторист-машинист» мамандығына 27 азамат жіберілді. Алайда екі адам оқуды мерзімінен бұрын тоқтатты. Әйтсе де 50-і оқуын сәтті аяқтап, 39-ы тұрақты жұмысқа орналасты. Жұмыс орындарында 40 адамды оқыту жоспарланып, оның барлығы да «Тәрбиеші» (тәрбиешінің көмекшісі), «Кассир», «Тігін ісі», «Механик», «Дәнекерлеуші», «Тракторшы», «Бағбан», «Электрокар жүргізушісі», «Жиhазшы» және «Аспаз» мамандықтары бойынша оқуын аяқтады. Олардың арасында жетеуінен басқасы тұрақты жұмыс тапты. Сонымен қатар 217 азаматты онлайн оқыту жоспарланып, 223 азамат оқуды аяқтауына байланысты меже артығымен орындалды. Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 939 азамат оқыды. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік грант алуға Қордай ауданында 100 азаматқа жалпы сомасы 138 000 мың теңге қаражат бөлінген болатын. Аталған мемлекеттік грантты 99 азамат алып, жалпы сомасы 136620 мың теңге қаражат игерілді. Оның ішінде көпбалалы отбасылардың арасынан – 57, мүгедектігі бар азаматтардан – 20, мүгедек бала асыраушылардан – 10, қамқоршысынан айырылғандардан – 8, қандастардан – 2 азамат, атаулы әлеуметтік көмек алушылар ішінен 2 адам мемлекеттік грантқа ие болды. Осы 99 азаматтың біреуі қаржыны құсшаруашылығын, 56-сы малшаруашылығын дамытуға, 42-сі технологиялық жабдықтар және құралдар алуға алған болатын. Сонымен қатар өткен жылы жастарға 2,5 пайызбен микрокредит беру қаралып, осы мақсатта аудан бойынша 45 адамға 225 миллион теңге көлемінде шағын несие беру жоспарланды. Бүгінгі күнге микрокредит алуға ниет білдірген 43 жас кәсіпкер құжаттарын «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының филиалына толықтай өткізіп, 35 адам 150000,6 мың теңге несие алды, – деді ол. Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту ісі ауданда жүйелі жүргізілуде. Осы орайда тұрғындарды ақылы қоғамдық жұмыстармен қамту үшін 1 015 адамға 870300 мың теңге қарастырылыпты. Нәтижесінде 1 060 адам жұмысқа жолданып, 775239,9 мың теңге қаражат игерілген. «Жастар тәжірибесі» бағдарламасын жүзеге асыруға 290 адамға 1 592 03 мың теңге бөлінген. Бұл бойынша 291 азамат «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы жұмысқа жолданып, бұған 111979,9 мың теңге қаражат жұмсалған. – Әлеуметтік жұмыс орындарына 85 адамға 26 112 мың теңге қарастырылды. 91 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына жолданып, 16729,7 мың теңге қаражат игерілді. «Алғашқы жұмыс орны» жобасы арқылы 64 қордайлықты жұмысқа жолдау жоспарланып, 79 488 мың теңге қаражат қарастырылды. Аталған жоба бойынша 64 тұрғын жұмысқа жолданды. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 3 адамды жұмысқа орналастыру мақсатында жергілікті бюджеттен 1 863 мың теңге қаражат бөлінсе, игерілген қаржы көлемі – 968 мың теңге. «Күміс жас» жобасы бойынша да 84 азаматты жұмыспен қамту мақсатында 53 903 мың теңге қаражат бөлінді. Бүгінгі күнге аталған жоба бойынша 87 азамат жұмысқа жолданды, – деді Саламат Берікбайұлы. Жұмыс іздегендердің мәселесін жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге қоныс аудару арқылы шешу де өзекті әрі жауапты іс. Бұл ретте ауданда шаруа жүйелі жалғасын табуда. Жұмыс күші тапшы облыстарға қоныс аударудың маңыздылығын аудан тұрғындары арасында насихаттау жұмыстарының арқасында Павлодар облысына 3, Солтүстік Қазақстан облысына 4, Шығыс Қазақстан облысына 2, Қостанай облысына 3, барлығы 12 отбасы (40 адам) қоныс аударыпты. Олардың өзге өңірдегі жағдайы, тұрмысы қазіргі таңда ауданның толық назарында тұр.
Мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарының жаңа тетіктері қолданысқа енгізіліп, сәтті жүзеге асырыла бастады. Атап айтқанда, еш жерде жұмыс істемейтін, кәсіби білімі жоқ жастарды қолдауға арналған «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 660 жас, зейнетке шығуға 6 ай қалған білікті мамандардан тәлім алу арқылы жастарды жұмысқа орналастыруды көздейтін «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойынша 60-тан астам жас, зейнет жасы алдындағы адамдарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Күміс жас» жобасымен 1 060 адам жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ әлеуметтік жұмыс орындарына 2 240, жастар тәжірибесіне 3 980 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға шамамен 20 мыңға жуық жұмыссыз тартылдыі.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар