ХАЛЫҚТЫҢ СҮЙІКТІСІ, ТАУДАН ДА БИІК КІСІ...
Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, академик Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев – өз халқының жарқын болашағы үшін орасан зор еңбек сіңірген адал азамат. Ғұмырының 50 жылға жуық уақытында республикамыздың басшылық қызметтерінде болып, өткен ғасырдың аумалы-төкпелі кезеңінде туған елін қызғыштай қорып, қазақ халқының өркендеп-дамуына зор үлес қосқан ұлы тұлғаның өмірі – кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге.
«Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» демекші, Дінмұхамед атамыз 1912 жылы 12 қаңтарда Алматы қаласында (ол кезде Верный) дүниеге келіпті. Бір әке-шешеден жеті қыз, екі ұл тараған екен. Олардың ішінде екі әпкесі Нәйлә мен Фазила Ұлы Отан соғысының ардагерлері. Бала Дінмұхамедтің Жолын, Нұрмамбет деген шешен аталары болыпты. Қонай бабасынан Жұмабай деген ұл мен Бұлантай деген қыз өмірге келген. Жұмабай мешіт салып, бала оқытқан, қажылыққа барған білімді де парасатты, діндар кісі болған. Димекең туғанда Жұмабай ата қатты ауырып төсек тартып жатқан кезі екен. Сонда үлкен әжесі келіп: «Бала қырқынан шығарылды, батаңды берші», депті. Сонда орнынан әзер тұрған Жұмабай ата: «Маңдайың ашық, көзің танадай екен. Жанарыңнан нұр көрдім. Сірә, елге би боларсың, елдің алақанында өтерсің. Халыққа адал қызмет етсең жаман болмассың. Болашағың жарқын болсын!» деп небір ізгі тілегін арнап, ақ батасын беріпті. «Жақсы сөз – жарым ырыс» дегендей, міне, сондай ақ тілек – баталар мен көптің алғысынан кейін және текті ата-бабалары мен әке-шешесінің жақсы қасиеттері мен дұрыс тәрбиесін алып өскен Димаш Ахметұлының есімі өлмес атқа, өзі сөнбес сәулеге айналды.
Дінмұхамедтің әкесі Меңліахмет өз бетімен ізденіп, заманының білімді азаматы атанған. Ал анасы Зәуре Байырқызы Алматы облысындағы Шелек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Ол кісі де адал әрі білімді, іскер адам болыпты.
Димекеңнің айтуынша, әкесі мен шешесі жетпіс жылдан астам уақыт бірге ғибратты ғұмыр кешіпті. Анасы марқұм 1973 жылы 86 жасында қайтыс болыпты. Әкесі Меңліахмет 1976 жылы 90 жасқа үш ай қалғанда дүниеден озған. Әкесі айтқанынан қайтпайтын, өжет, ал анасы өте мейірімді жан болған. Дінмұхамедтің мінезінде әкесінің қайсарлығы мен анасының мейірімділігі ұштасқан. «Тектіден текті туар жарқылдаған» демекші, осыдан кейін Димаш атамыздың бойына тектілік қайдан дарығандығын айтпай-ақ білуге болады.
Сонымен қатар Димекең Алматының тарихы жөнінде де керемет шығармалар жазған белгілі орыс жазушысы Дмитрий Снегинмен бір мектепте оқыпты. Екеуі бірге жақын сырласып, мән-мағыналы әңгіме-дүкен де құрған. Сондай-ақ бірнеше рет Алатаудың бөктеріне серуендеп, аң аулауға бірге шыққан екен.
Д.А.Қонаевтың көзін көргендердің айтуларынша, сондай-ақ жазба деректерге қарағанда, ол кісі бала кезінен-ақ өте байсалды, кішіпейіл болған. Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білген. Ұстаздарын ерекше құрмет тұтқан. Әсіресе өзінің ұстаздарының арасынан хат танытып, әліппені үйреткен, орыс тілі пәнінен дәріс берген алғашқы ұстазы Анна Павловна Шурованы ерекше еске алып, мақтан тұтқан екен. 1955 жылы Қазақ ССР Министрлер Кеңесінің төрағасы болып тұрған кезінде ұстазын арнайы қабылдауына шақырып алып, балалық шағы мен мектептегі күндерін еске түсіріп, жарқын әңгімелескеннен кейін қайтар сәтінде бұйымтайын сұрапты. Сонда Анна Павловна өзінің не жылуы жоқ, не ыстық суы жоқ ескі үйде тұратынын айтып, басқа үйге алмастырып беруін өтінеді. Димекең ол кісінің өтініш-тілегін орындап, үлкен адамгершілік пен ізгі қасиет танытыпты. Бұл Димекеңнің елге жасаған жақсылығы жайлы мысал мен деректің біреуі ғана. Бұдан бөлек Д.Қонаевтың қамқорлығын көргендер қаншама... Мінеки, бұл халықтың нанын емес, қамын жейтін асыл азаматтың іс-әрекеті.
Ұлы тұлғаның қарындасы Роза Қонаева шағын естелігінде: «Бәрімізге де институт бітіргенше көмектесті. Институт бітіріп, жұмысқа тұрғаннан кейін әрқайсысымыз өз күнімізді өзіміз көрдік. Димаш ағам билікте болған кезінде ешбірімізді де жоғары қызметке сүйреген емес. Барлығымыз да өз мамандығымызбен адал еңбек еттік. Мектеп бітіргеннен кейін мен де Димаш ағам, әпкелерім секілді Мәскеуге, МГУ-ге барамын дедім. Димаш ағам мені қолдады, қанаттандырды», – деп жазады.
Ал бала Дінмұхамедті қанаттандырған және мамандық таңдауына, бойы мен ойын одан сайын түзей түсуіне әсер еткен қазақтың аса көрнекті тұлғаларының бірі – инженер-ғалым Мұхамеджан Тынышбаев. М.Тынышбаев 1906 жылы Петербордағы жол қатынастары инженерлерін дайындайтын институтты тәмамдап, Түрксіб құрылысын салуға белсене қатысқан қазақтан шыққан алғашқы инженер. Оның Ескендір деген ұлымен Дінмұхамед жақсы дос болған. Ескендір республикалық киностудияда оператор-суретші болып қызмет істеген.
Өзінің айтуынша, Д.Ахметұлы бала жастан-ақ тау-кен инженері болуды армандапты. Біріншіден, оған ол кезде біздің қазақ ұлтында тау-кен ісімен шұғылдану кәсібі өте сирек кездескені себепкер болса, екіншіден, Димекеңнің тұңғыш қазақ инженері Мұхамеджан Тынышбаевты аса құрмет тұтуы әсер еткен. Мұхамеджан ағасының халыққа деген ізгі қасиеттерін көріп, кеудесін мақтаныш сезім кернеген Димекең «Осы кісідей инженер болсам» деп армандаған.
Ақыры сол арманның жетегімен инженерлік кәсіпті таңдаған ол 1931 жылы Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің жолдамасымен Мәскеудегі Түсті металдар және алтын институтына оқуға түседі. Оны үздік бітіріп, жас маман ретінде еңбек жолын алдымен Балқаш мыс қорыту комбинатынан бастайды.
Дінмұхамед Ахметұлы Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында Қазақ КСР Халық комиссарлары Кеңесі төрағасының орынбасары болған. Ондай қиын-қыстау кезде ел басқару немесе қарапайым еңбек етудің өзі оңайға соқпаған. Бұдан бөлек Ғылым академиясының президенті, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің төрағасы, 24 жыл бойы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болған және жемісті де адал еңбегінің арқасында көптеген атақ пен абыройға бөленген Дінмұхамед Қонаевтың өте қарапайымдылығын зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін өзіне жаңа «визитка» жасатқанынан да байқауға болады. Сол құжатында өзінің аты-жөнін, сосын тек қана «Тау-кен инженері» деген жалғыз ауыз сөз жазғызыпты. Оны көрген замандастары мен әріптестері: «Димеке, мұныңыз қалай? Докторлық пен академиктік дәрежеңізді, жоғарғы лауазымды қызметіңізді, атақтарыңызды неге қоспағансыз?» деп таңғала сұрағанда Димекең: «Оның бәрі өтпелі ғой. Ал тау-кен инженері – өмірлік нәрсе», – деп жауап қатыпты. Осыдан-ақ Димекеңнің ең жоғары дәрежелі қызметтері мен лауазымдарынан гөрі өз мамандығына деген сүйіспеншілігін байқауға болады.
Белгілі қаламгерлердің естелік кітаптары мен газет-журналдарға жазылған мақалаларында айтылғандай-ақ, ұлы тұлға өте кеңпейіл, сабырлы және парасатты адам болған. Қызмет бабында, мейлі, күнделікті өмірде болсын ашумен біреуге дауыс көтеріп, жеку дегенді білмеген. Үлкен-кішімен бірдей ашық-жарқын кейіпте сөйлесіп, ел-жұртпен емін-еркін араласқан.
Сондай-ақ Дінмұхамед атамыз өзінің соңғы сапарға аттанғанына дейін сүйікті жары Зуһра Шәріпқызымен арадағы адал махаббатын жанына жалау етіп, өмір бақи сыйласып өтіпті.
Әр адамның ерекше бір жақсы көретін хоббиі болады ғой. Димекең қолы қызметтен босай қалғанда аңшылықпен айналысқан. Ал таутұлғаның мергендігінде талас болмаған әрі аңшылықтың да ережелерін өзінің жол-жобасымен, заңдылықтарын сақтай отырып жасаған. Димекеңнің көп адам біле бермейтін тағы бір қыры – үйдің шатырында көгершін асыраған. Бірақ көгершіндерін ешкімге ұстатпайды екен.
Сонымен бірге ақын-жазушылар мен түрлі өнер адамдарын, әр саладағы таланттыларды бағалай білген, құрметтеген және көбісіне көмектескен. Спорт түрлерінен бокске, күреске құмартып, Қажымұқанды аузынан тастамай айтып жүрген.
Дінмұхамед Ахметұлының жақсы қасиеттерінің бірі – кітапты көп оқыған. Бала Димаштың кітап құмарлығы соншалық, үнемі шалбарының беліне кітап қыстырып алып жүріпті. Сондықтан болар, Димекеңнің көп адамнан, көп басшылардан тілі бай әрі сөздік қорының мол болғандығы. Және елімізде, одан қалса, алыс-жақын шетелдерде өткен ресми жиындарда, түрлі басқосулар мен қонақта жасаған баяндамалары және айтқан әңгімелерінің арасына ата-бабаларымыздың даналық сөздері мен халқымыздың мақал-мәтелдерін қосып отырған. Оған дәлел –
Д.А.Қонаевтің өзі 24 жыл бойы тұрған мемориалды мұражай-пәтерінде 7000-нан астам құнды кітаптар сақталған.
Димекеңнің өзі жазған дүниелері кейбір қаламгерлерден кем емес. Өмірде көзбен көріп, көңілге түйгендерін қағаз бетіне әдеби тілде әдемілеп түсіріп отырған. Ол кісінің
«О моем времени», «Өтті дәурен осылай» деп екі тілде жарық көрген кітабы осының айқын дәлелі. Ал Димекеңнің жүрегінен туған нақыл сөздері өз алдына бір төбе.
Тағы бір айта кетер жайт, Димаш Ахметұлы оттықтар (зажигалка) жинауға да құмар болған. Қазір Д.А.Қонаевтың мұражайында оттықтың 470-тен астам түрі, аңшылық қару-жарақтың 81 түрі сақтаулы тұр.
Д.Қонаевтың басшылығы мен республикамызда үлкенді-кішілі жалпы саны 43 қала бой көтерді. Димекең бұл қалаларды салдырып қана қоймай, Алматыны, тағы басқа да қалаларды көркейтуге, көріктендіруге бар күшін, қайрат-жігерін жұмсады. Сапасына да өзі тікелей бақылау жасады.
Қаладағы сәулет өнерінің ең озық үлгілерімен салынған ғимараттар республикамыздың халқы мен шетелден келген қонақтардың тамсана да таңдана қарайтын керемет орындарына айналды. Осы ғимараттардың бәрі де қазақстандықтардың игілігі үшін жұмыс істеуде.
Негізі Д.А.Қонаевтың өзі үшін ең қымбат марапаты – Балқаштағы Қоңырат кенішінде жұмыс істеп жүргенде алған алғашқы «Үздік еңбегі үшін» медалі екен. Жалпы ол кісі үш мәрте Социалистік Еңбек Ері атағын, сегіз рет «Ленин» және «Еңбек Қызыл Ту» ордендерін алған еліміздегі тұңғыш адам, алғашқы басшы.
Айта кету керек, Алматы облысының Текелі қаласындағы Д.А.Қонаев атындағы көше Гиннестің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең ұзын көшелердің біріне жатады. Оның ұзындығы 35 шақырымға жуық.
Жуырда бір лауазымды кісінің үйінде қонақта болып едім. Арасында ақын-жазушылар, журналистерден бөлек, әр саланың да мамандары бар. Бір кезде Д.Қонаев туралы әңгіме қозғалып кетті. Сонда мен: «Елдің көбі Қонаев жүз жылда бір туатын адам дейді. Ондай кісілер жүз емес, мың жылда бір келеді», дедім. Сол сәтте белгілі журналист-жазушы Көсемәлі Сәттібайұлы: «Мың жылда да тумауы мүмкін», деді. Мен Көсемәлі ағаның бұл сөзін қолдай түсіп, іштей риза болдым. Себебі «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз» деп Абай айтқандай, қазір Қонаевтай болған былай тұрсын, сол кісіге ұқсайтын адамды табу қиын. Әсіресе басшылардың арасынан. Бірақ Димекеңдей асыл азаматтардың қанша жылдан кейін өмірге келетіні алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен қазақтың бағына Дінмұхамедтей жайсаң жандар көбірек бұйырсын деп тілейік.
Бүгін қазақтың бағына туған, тарих төрінен де, халықтың жүрегінен де ойып тұрып орын алған, артына ізгіліктің ізін қалдырған Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні.
Мен бұл күнді «Д.А.Қонаевтай ұлы адам дүниеге келген ұлы күн!» деп білемін.
Көзінің тірісінде Д.Ахметұлы екі нәрсені армандап өтіпті. Оның бірі – ХХІ ғасырды көру, екіншісі – жаңа ғасырдағы Қазақстанды көру екен. Өкінішке қарай, тағдыр оны маңдайына жазбапты. Алайда екеуін де Димекеңнің өзі ерекше қадір тұтқан ел-жұрты, халқы көрді. Бірақ туған елі барда Д.А.Қонаевтың есімі мәңгі жасайтыны анық.
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист