Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«ЖАМБЫЛ» ЖУРНАЛЫ НЕГЕ ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ?

«ЖАМБЫЛ» ЖУРНАЛЫ НЕГЕ  ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ?
ашық дереккөз
«ЖАМБЫЛ» ЖУРНАЛЫ НЕГЕ ШЫҚПАЙ ҚАЛДЫ?
Ой таразысына салсақ, қазір не көп, газет-журнал көп. Олар арқылы әлем, ел-жұрт, өңір жаңалығын оқып білсек, әдебиет баспаларынан қаламгерлердің жаңа туындыларымен танысып, рухани демеу алып, ішкі дүниеміз едәуір байи түседі. Біздің аймақта да «Aq jol», «AR-AI», «Жамбыл-Тараз», «Әулиеата» және тағы да басқа газеттер ел арасына таралып, олар арқылы оқырман өңір жаңалықтарын, жетістіктер мен ел-жұрттың тыныс-тіршілігін біліп отырады. Оны хош делік. Ал жергілікті жазушылардың, ақындардың, драматургтардың, әдебиетшілердің не жазып, нендей кітап шығарып жатқаны көпшілік үшін соңғы кезде беймәлім болып кетті. Тек анда-санда базбір қаламгерлердің жаңадан шыққан кітаптары жайлы мәліметтерді жергілікті газеттерден оқып, жүрегіміз жылып қалады. Рас, кезінде 20 жылға жуық әдеби-көпшілік, танымдық «Жамбыл» журналы шығып жүрді. Ол журнал тек біздің облысқа ғана таратылмай, бүкіл республикадан оқырмандарын тауып, қолдауға ие болып жататын. Оны сол кездегі облыс әкімі Серік Үмбетовтің қолдауымен, жерлесіміз, қарымды қаламгер, көрнекті, жаңашыл жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Несіпбек Дәутайұлының жетекшілігімен 2004 жылдан бастап жүйелі түрде үздіксіз оқырман қолына тиіп жатты. Журнал бетінен тек жерлес ақын, жазушылардың шығармаларымен танысып қоймай, еліміздің белді-белді қаламгерлері: Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Шерхан Мұртаза, Дулат Исабеков, Рахымжан Отарбаев, Дүкенбай Досжанов, Асқар Алтай, Қуаныш Жиенбай, Жұмабай Шаштайұлы және тағы басқа да авторлардың сиясы кеппеген прозаларымен, Фариза Оңғарсынова, Есенғали Раушанов, Нұрлан Оразалин, Маралтай Райымбекұлы, Ерлан Жүніс сынды ақындардың тың туындыларымен «дидарласып» тұрдық, сүйсіне оқыдық. «Жамбыл» журналының әр нөмірін көпшілік іздеп оқитын еді. Оның тартымды, қызықты болып шығуына бас редакторы Несаға – Несіпбек Дәутайұлы көп еңбек сіңірді. Әр өңірдің көрнекті қаламгерлерімен байланыс орнатып, олардың портфелінде жатқан тың туындыларын алғашқылардың бірі болып «Жамбыл» журналына жариялап отырды. Олардың алғашқы оқушылары жамбылдықтар болып еді. Республика бойынша көркемдік жағынан журналдың беделі биік болды, қаламгерлермен бірге оқырмандар жағымды пікірлерін білдіріп жатты. Журнал «Қазпошта» арқылы Алматы, Атырау, Маңғыстау, Түркістан облыстарының тұрғындарына да жеткізіліп тұрды. Жергілікті жазушыларымыз бен ақындарымыздың, әсіресе жас қаламгерлердің тың шығармалары жарық көріп, қаламдарына жел бітірді. Жоғарыда айтылғандай, оның сондай үлкен дәрежеге жетуіне Несіпбек Дәутайұлының еңбегі ерек болды. Журнал редакциясындағы 2-3 адамның (бас редактор, корректор, есепші) күшімен сапалы, көлемді журнал шығару, әрине, оларға жеңіл болған жоқ. Бірақ ізденімпаз, еңбекқор, қаламының қуаты бар Н.Дәутайұлы барлық қиындықтарға қарамай, журналды баспадан уақытылы шығарып жүрді. Өкініштісі, Несіпбек Дәутайұлы 2021 жылы жаз айында кенеттен жүрек талмасынан көз жұмды. Содан журналдың шығуы тоқтап қалды. Алғашқы кезде белсенді жергілікті жас қаламгерлер журналды әрі қарай шығаруға ынта білдіріп еді. Бірақ ол бос сөзден ары асқан жоқ, «жабулы қазан жабулы қалды». Міне, содан бері екі жылдан астам уақыт өтті. «Жамбыл» журналы көзден бұлбұл ұшты, шығуы мүлдем тоқтап қалды. Неге? Естіп-біліп отырмыз, еліміздің әр өңірінде әдеби-көпшілік, танымдық журналдар үзбей жарық көруде. Осы орайда жергілікті билік өкілдері мен Қазақстан Жазушылар одағының қызметкерлері журналдың әрі қарай шығуына неге құлықсыз? Неге оның бас редакторы өмірден өткеннен кейін журнал шығару тоқтап, жабылып қалды? Жамбыл атаның атымен аталған облысымызға осы тірлігіміз жөн бе? Қажетті қаржы мәселесін шешіп, «Жамбыл» журналын қайта «тірілту» ісі неге қолға алынбайды? Әлде, бізде оны алып кететін қабілетті, іскер ақын-жазушыларымыз жоқ па? Алматы облысының Жамбыл ауданында тұратын белгілі жазушы, ұзақ жылдар республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің редакциясын басқарған азамат Жұмабай Шаштайұлы бір кездескенімізде: «Жамбыл» журналы не болды? Егер өздеріңіз қолға алмайтын болсаңыздар, бізге берсеңіздер», деген ойын білдірді. Біздің білетініміз, Алматы облысында «Мұқағали Мақатаев» атты әдеби-көпшілік журнал көп жылдардан бері шығып келеді. Шынында, егер біз «Жамбыл» журналын әрі қарай шығара алмасақ, басқа өңірдің жазушысының ұсынысын қолдаймыз ба? Ойланатын мәселе... Сағындық ОРДАБЕКОВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Жамбыл облысының Құрметті азаматы
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар