Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

9 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды

9 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды
ашық дереккөз
9 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалды
Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев облыс прокуратурасы жанындағы кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде сараптамалық кеңестің отырысына қатысты. Жиынға Парламент Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрымова, облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров және кәсіпкерлер палатасы мен басқарма өкілдері, шетелдік бірқатар инвестор арнайы қатысып, инвестициялық жобаларды құқықтық сүйемелдеу бойынша прокурорлық сүзгілеу мәселесін жан-жақты талқылады. Өткен жылы прокуратура органдары 162 қадағалау актісін енгізіп, нәтижесінде 9 мыңнан аса кәсіпкердің құқығы қорғалған. Заңбұзушылықтар негізінен салық, жер, әкімшілік заңнама салаларында анықталған. Сондай-ақ фронт-офистердің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде өз жобалары аясында 230 миллиард теңге инвестиция салып, 720 жұмыс орнын құруды көздейтін 5 инвестордың мәселесі оңынан шешілген. Атап айтқанда, прокурорлардың үйлестіруімен «Talas Investment Company» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Қазақстанның Даму банкі» акционерлік қоғамында несие желісін ашуға мүмкіндік туған. Салық органдары мен атқарушы өндірістердің 500-ден аса актісі өз күшін жойып, бизнес-қоғамдастық өкілдеріне 246 миллион теңге төленген. Басқосу барысында бұған дейін өткен сараптамалық кеңестің отырыстарында ірі инвестициялық жобаларды қолдауға қатысты берілген тапсырмалардың нәтижесі баяндалып, «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасының маңызы сараланды. Облыс әкімі кәсіпкерлікті қолдау бағытында қолға алынған жұмыстардың басым бағыттарына кеңінен тоқталып, инвесторлар тарту және инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында аудан әкімдері үшін KPI жүйесі енгізілгенін атап өтті. – Бұған дейін 40-қа жуық инвестормен кездесу өткіздім. Шетелдік инвесторларды тарту бойынша жұмысты жандандыру маңызды. Жалпы әрбір инвестиция өңір экономикасын әртараптандыруда айрықша маңызға ие. Өңірімізде негізгі капиталға салынатын инвестициялар көлемін арттыру бағытында аудан әкімдері үшін жаңа KPI жүйесі енгізілді. KPI – аудан әкімдерінің жұмысын бағалауда маңызды жүйе. Сонымен қатар бұл қадам өңірдің инвестициялық саясатын қайта қарауға мүмкіндік береді, – деді Ербол Қарашөкеев. Сондай-ақ жиын барысында Парламент Мәжілісінің депуттаттары өз ойларын ортаға салып, жергілікті билік әлеуетті инвестициялық жобаларға көмек көрсету мен инвесторлардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты мәселелер көтерді. Басқосу соңында облыс әкімдігі мен облыстық прокуратура жүйелі негізде қолдауды іске асыратын инвесторлардың өңірлік тізбесін құру туралы шешім қабылдады. Айта кетейік, бұл шаралар мемлекеттік органдардың бірлесе отырып, инвесторлар мен кәсіпкерлердің нақты мәселелерін шешуге мол мүмкіндік береді.  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар