Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таутұлға тағылымы

Таутұлға тағылымы
ашық дереккөз
Таутұлға тағылымы
Бүгін – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туған күні. Осыған орай Д.А.Қонаев атындағы халықаралық қордың облыстық бөлімшесінің ұйымдастыруымен «Д.А.Қонаев және әділетті қоғам» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті. Қордың облыстық бөлімшесінің төрағасы Қибат Асқарбеков ашып, жүргізген іс-шарада таутұлға тағылымы туралы кеңінен айтылды. Басқосу барысында сөз алған зиялы қауым өкілдері ұлы тұлғаның «Ақиқаттан аттауға болмайды» естелік-эссе кітабын талдауға баса мән берді. Өз кезегінде сөз алған ҚР Білім беру ісінің үздігі, әдебиеттанушы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің аға оқытушысы Бақытжан Мақашев тұғыры биік тұлға туралы құнды естеліктерімен бөлісіп, қазақ халқы үшін істеген ізгі істері мен қарапайымдылығын тілге тиек етті. Сондай-ақ Б.Мақашев бүгінгі таңда Қонаевтай тұлғалардың қадіріне жете білудің маңыздылығы жоғары екендігін жеткізді. Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Сауран Қалиев Қазақстанды 40 жылға жуық уақыт басқарған тұлғаның өнегесі мен өмір жолы туралы тарихи деректер келтіріп, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың қайраткерлік жолына тоқталды. Әрі мұндай ұлы көсемнің еңбегін елі ешқашан ұмытпауы тиіс деп сөзін түйіндеді. Ал Данияр Асқарұлы ұлт көсемі Дінмұхамед Қонаевтың жүріп өткен ізі қазіргі жастарға үлгі екенін айтып, дара тұлғаның еңбегін халыққа жеткізу жолында өзі басқарып отырған «AULIEATA-MEDIA» серіктестігіне қарасты басылымдарда мақалалар тұрақты түрде жарияланып тұратынын айтты. Басқосуда ҚР Журналистер одағы облыстық филиалының төрағасы Жаңабай Миллионов, облыстық мәслихаттың депутаты, журналист-жазушы Оралхан Дәуіт, облыстық «Аq jol» газетінің бас редакторы Хамит Есаман, «AR-AI» жастар газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков сөз алып, ұлы тұлғаның көсемдігі мен көрегендігі турасында ойларымен бөлісті. Іс-шара соңында қатысушыларға ақын Рафаэль Ниязбектің Д.А.Қонаев туралы «Көсем» атты кітабы сыйға тартылды.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар