ПӘТЕРДІ «ОҚЫТУДЫҢ» ПАЙДАСЫ БАР МА?
«Естімеген елде көп». Қоғамда дүние-мүлкіңізді сатып беретін делдалдықтың жаңа түрі пайда болыпты. Бұлар дамыған тәуіп пе, әлде азғындаған әулиелер ме? Егер мүлкіңіз өтпей жатса, демек, оны шын иесі жібермей отырады екен. Яғни үйіңіз өзіңіздікі бола тұра оны сату үшін көзге көрінбейтін, қолға ұсталмайтын тағы бір иесінен рұқсат сұрауыңыз керек.
Жуырда туыс әпкем жер үй алсам деген ниетте пәтерін сатпақ болды. Жарнамаға шығарады. Алайда пәтердің саудасы келмей, біраз уақыт өтпей тұрып қалды. Сонда таныстарынан «үйіңіз біраздан бері сатылмай тұр, «оқытып» алсаңызшы. Үй емес, басқа да кез келген дүниені «оқытып» сатып жатқандар көп қой» дегенді естіп таңғалады. Тіпті құрбысы Заринаның да баспанасын жуырда тәуіпке барып, жолын аштырып сатқаны есіне түседі. Ол бастан өткен оқиғасын былай баяндайды.
– Шыны керек, басында үйіме алымсақ келмеді. Келгенімен мен ұсынған бағамен келіспей кетіп жатты. Содан не керек, бір танысым: «Үйді «оқытып» алсаң, тез және ойлаған бағаңа өтеді», деп, бір тәуіп кісінің мекенжайы мен байланыс телефонын да берді. Көп ойланбастан тәуекел етіп, аталған мекенжайға бардым. Жасы елуден асқан әйел кісі екен. Ұлты – орыс. Маған ол кісі әрбір үйдің иесі болатынын айтып, ең алдымен, «мені босат, кетейін» деп рұқсат сұрауым керектігін жеткізді. Сосын аптаның сейсенбі, сәрсенбі, бейсенбі күндері үйіңді сыпырып шық, жұма сайын еденіңді жуып тұр. Сол кезде сені жібереді, яғни үйің өтеді деді. Демек, мені тәуіп айтқан «үйдің иесі» матап ұстап, жібермей тұр ғой. Рақметіне азын-аулақ теңге ұстатып, шығып кеттім. Бірақ ол кісінің тапсырмасының біреуін де орындауға құлқым болмады. Көп өтпей үйім де сатылып кетті. Шынымды айтсам, үйдің өтуіне тәуіп себепші болғанын немесе болмағанын білмеймін. Себебі жоғарыда айтқанымдай, еден жуып, бөлме сыпырмадым. Және үй мен ойлаған бағадан төменге өтті. Мейлі, бірақ көп өтпей өзім де жаңа үй сатып алдым. Қызықтың көкесі содан басталды. Үй сатып аламын деп қаланы шарлап, біраз табанымнан таусылдым. Сөйтіп, іздегенімді тапқандай болдым. Алғашында жарық, тап-тұйнақтай тұрған баспанаға көңілім ауып, бірден сатып алдым. Ақысын төлеп, көшіп келетін кезде ұрынып қалғанымды сездім. Бесінші қабатта орналасқан пәтердегі кемшіліктер көріне бастады. «Бәлкім, маған да сатпас бұрын «оқытқан» шығар» деген ой келді.
Жалпы бүгінде тек баспана ғана емес, өтпей тұрған көлікті де, саудасы жүрмей тұрған кәсіпкерлік нысанын да, тіпті басшыға өткізетін баяндаманың өзін тәуіптерге «оқытып» алсаңыз бірден «жолы» болып кетеді екен. Бір құрбымның әпкесі басшыға өткізетін есебін, министрлікке жіберетін баяндамасын да «оқытып» алады екен, – дейді ол.
Бұған дейін де психолог, коуч Құралай ханымның «Үй сату, сатып алу техникасы» деген онлайн сабағында да осы үйдің «белгісіз қожайынынан» рұқсат сұрау туралы айтылған еді. Онда ол: «Үй неге тез сатылмайды? Өйткені адам бұрынғы өміріне ұсталып тұрады. Мәселен, сен 20-30 жас аралығында бір жерде өмір сүрдің. Яғни бар ақшаңды, біліміңді жинап, өліп-талып үй алдың. Енді сен сол үйді сатайын деп жатырсың. Оны сенің дене мүшең, теріңе дейін сезінеді. Сондықтан сол үйді іштей босатыңыз. Демек, осы уақытқа дейін жинаған «багажды», төккен теріңді, еңбегіңді жібермей жатырсың. Үйдің өзінің иесі болады, киесі болады деп мен үнемі айтып жүремін ғой. Әрбір үйде өз энергетикасы болады. Сен соны жібере сал. «Менен кейін жақсы қожайын келеді. Мүмкін, мен бұл үйді таза ұстай алмаған шығармын» деп үйіңіздің қабырғаларымен сөйлесіп, іштей босатыңыз, жіберіңіз», дейді. Яғни бұл кісі де сөз барысында үйдің иесі, яғни «домовой» туралы айтып тұр. Бұл сонда кім?
Бүгінгі күні байқап қарасаңыздар, «үйінде жын қаптап кетіпті, ыдыстар сылдырлайды екен, балалары түнімен жылап, шошиды екен, үйін тазалатыпты, имамға барып, дем салдырыпты» дегенді көп естиміз.
Осы орайда «Үйімізді сатамыз деп жүріп қазақ атын атамағандарды маңымызға үйір қылып алып жүрген жоқпыз ба?» деген сұрақты Тараз қалалық «Әулиеата» мешітінің бас имамы Ержан Аманбаевқа қойып көрдік.
– Үйдің өзіңізден басқа иесі болмайды. «Домовой» деген шариғатта жоқ. Үйде жындар болуы мүмкін. Үйімді оқытып едім, өтіп кетті деген әңгіме өтірік. Исламда бақсы-балгерлерге бару, дуалату деген үлкен күнә. Егер солардың айтуымен әрекет етсе, ақыреті қиын болады. Ол адамның 40 күнге дейін намазы қабыл болмайды, – дейді Е.Аманбаев.
Дінтанушы Ғазиз Ахметов болса, тәуіп, балгерлерсіз-ақ үйге өзіңіз Құран аяттарын қосып, сүре оқып, жақсы ниетпен дем салуға исламда рұқсат екенін айтады.
– Жалпы үйім өтсін, көлігім тез сатылсын деп дем салдыруға болады. Бірақ жаңағыдай тәуіптердің айтқанын орындаудың қажеті жоқ. Олар көбіне Аллаға серік қостыратын күнәлі істерді қосып жібереді ортасына. Ол дұрыс емес. Алладан осы үйдің аман-есен өтіп кетуін шын тілеп, сүре оқысаңыз болады. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) заманында да адамға дем салғаны сияқты жылқыға да, түйеге де дем салатын болған. Пәтуа бойынша, қазіргі кезде көліктің өзіне дем салуға болады деген. Керек болса, жуынған суға дем салып, соны сепсін деп те айтылады. Яғни сатылу ниетімен дем салса болады, – дейді дінтанушы.
Кез келген адам дүние-мүлкін сататын кезде екі жолмен барады. Біріншісі – адамға жағатын, екіншісі– Алланың дініне, адамның ұстанымына қайшы келмейтін жол. Соның екіншісін таңдаған адам ұтыста болады. Сайып келгенде, шариғат заңы бойынша, адалдық болған жерде береке бар.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала