Жолақы төлемесеңіз – жауапқа тартыласыз
Жалпы әлемде мамандықтың неше алуан түрі бар. Кей мамандықтар бағзыдан өз маңыздылығын жоймай келе жатса, енді бірі заман ағымына ілесе алмай қалуда. Солардың бірі – кондукторлық. Тараз қаласында 2020 жылдың шілде айынан бастап қаладағы қоғамдық көліктерде жолақы төлемі автоматтандырылған жүйеге көшуіне байланысты бұл мамандар бірден ығыстырылып, олардың орны бақылау-тексеру қызметі мамандарымен алмастырылды. «Мамандығымызды өзгертеміз» айдарында осы сала қызметкерлерінің бір күндік жұмысымен таныстырмақпыз.
Қоғамдық көліктердің электрондық төлемге көшуіне байланысты облыс орталығындағы орталық диспетчерлік мекеме бұл жұмысты өз міндетіне алған болатын. Аталмыш мекеменің бақылау-тексеру қызметі бөлімінің басшысы Жұлдыз Сапарқұлұлымен алдын ала келісіп, жоспар бойынша таңғы сағат 7:30 шамасында «Сейфуллин» аялдамасында жолықтық. Себебі бақылаушылардың жұмыс уақыты да сол шамалас екен.
– Біздің мамандар төлем қабылдамайды. Қабылданған төлемнің түскен-түспегенін тексереді. Кейбір жолаушылар сол жағынан қателесіп жатады. Егер төленбесе айыппұл салынады. Біздің штатта өзіммен қосқанда 16 адам бар. Айлық жалақымыз 85 мың теңгеден басталып, 230 мыңға дейін барады. Көзге жақсы түсіп, жұмысын тиянақты орындағандарды ынталандырып тұрамыз. Тараз қаласындағы жол жүру төлемі мен есепке алудың «Tulpar card» автоматтандырылған жүйесі енгізілген қоғамдық көліктердің барлығына тексеру жүргіземіз. Яғни бүгінгі таңда барлық автобуста бұл жүйе орнатылған. Бізде арнайы жүру кестесі бар. Сол кесте бойынша бақылаушыларымыз әр аялдамада тексеру жүргізіп жүреді. Қолдарындағы терминалдың әрқайсысында GPS бар. Қызметкерлеріміздің қайда жүргенін, бір күнде қанша карта тексергенін көріп отырамын. Жалпы күнделікті маршрутқа 300-ден аса автобус шығады. Біздің мекемедегі диспетчер соның бәрін қадағалап отырады. Автобустағы валидатордың GPS-інен автобустың қай бағытқа баратынын көріп отырады немесе қай бағыттан кешікті, бұзылып, істен шықты ма, соның барлығы бақылауда тұрады, – деді Жұлдыз Сапарқұлұлы.
Жұлдыз Сапарқұлұлы жұмыс барысы, өзі басқаратын бөлімнің мақсаты, штаттағы қызметкерлер жайлы аз-кем мәлімет беріп, бізді аға контролер Гүлжан Қазтаевамен таныстырды.
Гүлжан Асқарқызы 2021 жылдан бері осы қызметте. Өз жұмысына тыңғылықты, жауапкершілігі мол маман жолаушылардың көңілін тауып, жұмыстың қыр-сырын меңгергенін бір көргеннен байқадық.
Сөйтіп, қолымызға арнайы тексеру терминалын ұстатып, үстімізге арнайы жилет берді. Бізге берілген құрылғыда «Контролер», ал қоғамдық көлік жүргізушілеріне берілетін терминалдың бетінде «Жүргізуші» деп жазылып тұратынын көрсетті. Айырмашылығы сол, жүргізушінікі жол ақысын қабылдап, түбіртек шығарады.
Алдымыздан кезекпе-кезек келіп-кетіп жатқан автобустар мен одан мініп-түсіп жатқан жолаушыларды тексеруге кірісіп кеткен серіктесіміз Гүлжан Асқарқызының жылдамдығы мен ептілігіне қарап таңғалып, айтатын сөзіміз аузымызға түспей, арнайы құралымыздың қай жерін басып, қай жерін тексеретінімізді білмей аңтарылып тұрғанымызды жасырмаймыз. Мұны байқаған Гүлжан бірден істі қолға алды.
Ереже бойынша, бақылау-тексеру қызметінің қызметкері қоғамдық көлік келіп тоқтағанда алдымен өзін-өзі таныстырып барып іске кірісуі керек.
Сонымен, кезекті №11 автобус тоқтағанда лезде түскен жолаушыларға өзімді таныстыра бастадым.
– Қайырлы күн, құрметті жолаушылар! Сізді бақылау-тексеру қызметінің қызметкері қарсы алады. Аты-жөнім – Өзбекова Айжан Орынбасарқызы. Жолаушылар, барлығыңыздан жол жүру ақысын тексеру үшін көлік карталарыңызды және қағаз түбіртектеріңізді (чектеріңізді) ұсынуды сұраймыз. Көлік карточкасымен жол жүру ақысы 85 теңге, қолма-қол 130 теңге. Құрметті жолаушылар, қолма-қол ақшамен төлеу кезінде жүргізушілерден түбіртек (чек) талап етуді сұраймыз. Егер сізде түбіртек болмаса немесе жол жүру үшін қолма-қол төлемеген болсаңыз, онда Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы кодексінің 622-бабына сәйкес айыппұл салуға тура келеді, –
деп, бір жағынан хабарландыру айтып әрі ескерту жасап, тексеру жұмысына көштік.
Жолаушылар бірден ұялы телефондарын ашып, түбіртектерін көрсетіп, карточкаларын терминалға тигізіп жатты. Ал ұйқысы қанбай, күйбең тірлік қамымен шыққандар ма, ұялы телефонын қалтасынан қайта алып, ашып көрсетуге ерініп, жақтырмай қарағандарды да кездестірдік. «Бір рет терминалға бастық, сол жетпей ме? Неге адамды қайта-қайта әурелей бересіздер?» деп шағымданғандар да жолықты. Алайда олардың әрқайсысына мән беруге уақыт жоқ. Қарбалас («час пик») уақыты болғандықтан ба, автобустар тоқтаусыз, бірінің артынан бірі тұрып, абыр-сабыр болып жатты.
Автобустың бірін жіберіп, бірін күтіп тұрған аралықта Гүлжанды әңгімеге тарттық. Гүлжан Асқарқызының жасы 30-да. Білімі жоғары. Жоғары оқу орнын «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Бір кездері жергілікті телеарнада журналист болып жұмыс істеген әріптесіміз болып шықты. Мінезі жұмсақ, тілі шұрайлы маманның тіл саласына жақындығын алғаш көргенде байқағанымыз бекер болмай шықты. Мамандығының елмен тіл табысуына әсері мол болғанын да жасырмайды.
– Жұмысымыз таңғы сағат 7:30-да бірден аялдамадан басталып, кеш қарая 19:00-ге жуық аяқталады. Бірақ қазір ауа райының қолайсыздығына байланысты жұмыс уақыты 30 минутқа кейін шегеріліп, 18:30-ға ауысты. Түскі 13:00 мен 15:30 аралығы –
үзіліс. Бізге «Сейфуллин» аялдамасынан «Сауда орталығы» аялдамасы аралығына дейін деген сияқты нақты бір кесте қойылады. Сол аралықта қанша көлік жүреді, кейбірінің ішіне кіріп, кейбірін сырттан тексеріп шығамыз. Мәселен, бір күнде 20 автобусқа кіріп-шығуымыз мүмкін, ол енді адамның аз-көптігіне байланысты. Адам аз болса, лезде тексеріп шығамыз, кейде керісінше. Ұйқым шала болды демесең, күнделікті өмірің жаңалыққа толы. Денсаулығымыз бен жүйке жүйеміздің сыр беретін кездері де жиі болып тұрады. Таң атқаннан кешке дейін тік тұру оңай емес. Көпшіліктің көңілінен бірдей шыға бермейсің. Біздің мақсатымыз – қала бойынша жолаушылардың қоғамдық көлікте жолақысын төлеп түсулерін қадағалау. Алаяқтықтың алдын аламыз. Көбіне адамдардың бәрі бірдей адал бола бермейді. «Автобусқа мінерде бастым» деп алдап тұра береді. Ал біз тексеріп кіргенде әшкере болып жатады. Бірден айыппұл саламыз. Бір рет айыппұл арқалаған адам екінші рет ондай түсініспеушілікке бармауға тырысады. Мәселен, 3 290 теңге айыппұл белгіленеді. Егер бір аптада құтылмаса, әрине, ол еселене түседі. Жолаушы жолақысын төлемеген жағдайда бірден «102»-ге хабарласамыз. Полиция қызметкерлері бірден келіп, әлгі жолаушының жеке басының ақпаратын анықтап, олар арнайы хаттама толтырып береді. Бұндай жағдай жиі болғандықтан етіміз үйренген. Тіпті аялдамаға тоқтап тұрған кезде қолға түспей қашып кететіндері де бар.
Алғаш жұмысқа шыққан күнім ерекше есімде қалыпты. Өзім қобалжып тексере бастаған едім, есімде жоқ, әйтеуір, бір автобустың жүргізушісі мені жұлқылап, ақыр аяғында есімнен танып құлап, ауруханадан бір-ақ шыққаным бар, – дейді Гүлжан Асқарқызы.
Жұмыс барысында алма-кезек келіп-кетіп жатқан автобустардың біріне кіріп, бірін сырттан тексеріп жаттық. Қыстың ызғарында аялдамада бүрсең қағып тұру да оңай емес. Арасында автобустарға 1 аялдамаға дейін мініп барып, бойымызды жылытып та жүрдік.
Біздің шаһарда Алматы қаласынан әкелінген №9,56,8-бағыттағы қоғамдық көліктер бар. Олардың валидатор құрылғысы екі есігінде де орнатылған. Жүйе бойынша, жолаушылар автобусқа кіреберісте жолақысын төлеп кіруі тиіс. Сондықтан бұл қоғамдық көліктің ішіне кіріп, аралап жүріп тексеріс жүргізіледі. Ал қалған автобустарда валидатор кіреберісте, жүргізушінің қасында орналасқандықтан жолаушылар тек алдыңғы есіктен валидаторға карточкаларын тигізіп түсуі тиіс. Бұл жағы да жағдайды қиындататыны түсінікті. Мұндай кезде бақылаушы-тексеруші қызметкер жолаушыны есіктен түсетін жерден терминалымен күтіп алады.
Бір байқағанымыз, бақылау-тексеру қызметі мамандарын көпшілік кондуктормен шатастырып жатады екен. Бірақ екі мамандықтың ұқсас тұстары аз. Рас, кезінде жүргізуші мен кондукторлардың қоғамда атқаратын еңбегі орасан зор болды. Таң атқаннан қас қарайғанға дейін жүргізуші тұрғындарды қажетті жеріне жеткізумен қатар, қауіпсіздігін қоса ойласа, ал кондуктор тізе бүкпей, өзіне тиесілі автобус жолаушыларына қалтқысыз қызмет көрсететін. Қоғамдық тасымалдау қызметінде кондукторлардың жоқтығы да жүргізушілерге әсер ететінін байқап, бірқатарын әңгімеге тарттық.
6 жылдан бері қоғамдық көлік жүргізіп келе жатқан №46 бағыттың жүргізушісі Бақытбек Көпжүрсінов кондукторларды қайтарса деген тілегін жасырмады.
– Мынау карточкалар пайда болғалы кондукторсыз қалдық. Ол жүргізушілерге мейлінше қолайсыздық тудырады. Бір жағынан, жолға қарайсың, екінші жағынан, жол ақысын төлеп-төлемегеніне алаңдайсың. Содан жол-көлік оқиғалары жиілейтіні сөзсіз. Кейбір жолаушылар қателесіп мініп, аялдаманы, жолды сұрап жатады. Оған да назарың ауып кетеді. Сондықтан кондукторлардың жоқтығы қатты сезіледі, – дейді ол.
– Кондуктор болғаны жақсы ғой, бірақ оған қосымша қаражат қарастырылмаған. Әрине, олардың жалақысын өз қалтамыздан бермейміз. Сондықтан тіліміз қысқа. Жүргізуші мен кондуктордың қызметін бірдей атқарып жүрміз. Қауіпсіздік үшін де керек, – дейді №11 автобустың жүргізушісі Жанат Ташбаев.
Осы тұста айта кетейік, кейбір қоғамдық көлік жүргізушілерінің кондукторларды қажетсінбейтінін де байқадық. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, оларға артық қаражат қарастырылмағандықтан оған бас ауыртқысы келмейтін көрінеді.
Жұмыс барысында аялдамада көлік күтіп тұрғандар мен автобус ішіндегі жолаушылар арасында осы сұраққа байланысты сауалнама жүргізіп көрдік.
– Өткенде ғана Алматыда жүргізушіні ұрып-соғып, 3 адам соның кесірінен мерт болды. Егер кондуктор, яғни жүргізушінің қасында серігі болғанда мұндай жағдай болмас па еді? Жүргізуші отыратын жер қоршалып, қорғауда отыруы керек. Өйткені қаншама адам сол көлікпен қатынайды. Сонша адамның өміріне жауапты да сол жүргізуші. Ол жолақы төленді ме, төленбеді ме, шаруасы болмауы керек. Кондукторлар қайтарылса дұрыс болар еді, – дейді қала тұрғыны Күлмария Ташенова.
– Кондукторлар аялдамаларды алдын ала хабарлап, ескертіп отырушы еді бұрында. Біз буынып-түйініп дайын отырушы едік. Олар кімнің жолпұл төлегеніне дейін қарап, бақылап отыратын. Қазір мұндай қызмет түрі қалды ғой. Жүргізушілер байқамай жүріп кетеді. Алшақ отырған соң және байқамағандықтан сыртта үлгере алмай жүгіріп келе жатқан жолаушыны алмай кетеді. Соны да кондукторлар реттеп отыратын. Сондықтан кондукторлар керек деп ойлаймын, – дейді тараздық тұрғын Азат Тұрсынұлы.
– Кондукторлардың болмағанына біраз жыл болды. Осы қалпында қалғаны дұрыс сияқты, меніңше. Электронды жүйе ғой қазір. Бірте-бірте үйренерміз осылай. Дамыған елдерде кондукторсыз-ақ жүр ғой. Сондықтан заманға ілескеніміз дұрыс шығар, – дейді қалалық Арман Болтаев.
Иә, қала тұрғындарының пікірі екіұдай. Екі жауапты да қабыл алдық.
Біздің жұмысқа бойымыз үйренгені сол, арасында сауалнама жүргізіп, әңгіме-дүкен құрып та үлгердік. Адамдармен жұмыс істегеннің бір ерекшелігі, түрлі тағдыр иелерімен де тоғысып жаттық. Бір уақыт көз тоқтатып, түрлі жанарлардан қуаныштың ізін, тіршіліктен шаршаған пенденің күйзелісін, асығып-аптыққан адамның мазасыз күйін, жолға қарап өткен-кеткенді еске түсіріп бара жатқан жанның ностальгиясын байқап үлгердік. Беліміз айналып, аяғымыз талғанын да кешқұрым байқадық. «Ерігіп тексеріп жүрсіңдер-ау» деген көзқарастардың оқтай қадалғаны жүйкеге сәл-пәл әсер етіп, шаршағанымызды сезінген тұста өз жұмысының ауырлығына қарамастан түсіндіріп, бәйек болып аңқылдап жүрген Гүлжанның «Қоғамдық жұмыс болған соң әрбір жолаушымен тіл табысуымыз керек. Қашып кететіндер бар, алдап кететіндер бар, ішімдік ішіп мас күйінде мінетіндер бар. Уақыт өте келе, психолог болып аласың. Полиция шақырғанша тырп еткізбей ұстап тұратын табандылықты да меңгеруге тиіссің. Дегенмен бұл жұмысты жанымен қаламаған адам істей алмайды» деген сөзі бойымызды тіктеуге себепші болды.
Сағат тілі 18:30-ды көрсеткенде бірге уақытша жұмыс істескен әріптестерімізбен естелік суретке түсіп, қош айтыстық.
Әрбір мамандықтың өзіне сай қиындығы мен қызығы бар. Ең бастысы, нәпақаны тауып жүрген жұмысын мақтан тұтып, махаббатпен орындайтын адамның табысы берекелі болатыны сөзсіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА
Келесі мақала