Адал болса кәсібің, Арта түсер нәсібің
2024 жыл есіктен енгелі халық шағын дүкендерден сатып алатын затына банктердің мобильді қосымшасы арқылы онлайн төлем жасай алмай пұшайман халге түсті. Тіпті сатып алатын тауардың, азық түліктің ақысын қолма-қол төлей алмай әбігер болған адам көп.
Бұл не қылған дүрбелең?
Бүгінде көпшілік дүкендердің сыртына «Kaspi» аударым қабылдамаймыз» деп бадырайтып жазып қойған. Такси жүргізушілері де мобильді аударымнан қашып, тек қолма-қол есеп айырысуды талап етуде. Осылайша мобильді төлемдер мен аударымдар бақылауға алынды деген күннен ел арасында дүрбелең басталды. Кәсіпкерлікке қатысы жоқ қарапайым халықтың өзі туысына, баласына не бауырына онлайн ақша аудара алмай, аударым жасаса «Тексеріске ілінемін бе?» деп уайымдап, көңіліне күдік ұялады. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс? Негізінде қисынға салсаң да, қолданыстағы заңнамаларға сүйенсең де мобильді қосымша арқылы төлем жасауды немесе қолма-қол есеп айырысуды тұтынушының өзі таңдауы керек. Ал дәл қазіргі жағдайда олардың құқығын кім қорғайды?
«Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» демекші, мобильді аударымды бақылаудың зардабын халық шегуде. Шақырған таксиіне жолаушы қолма-қол төлем жасамағандықтан олар қызмет көрсетуден бас тартуда. Әлдеқашан цифрландырудың игілігін сезінген халық дәл қазір оның пайдасынан гөрі машақатын көп көре бастады. Жеке адамның, яғни қарапайым тұтынушының мұндайда құқығы қорғалған ба? Осы мақсатта Қазақстан Республикасы Сыртқы сауда және интеграция министрлігінің облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары Байқадам Дүйсенбаевқа жолықтық. Оның айтуынша, Қазақстан Республикасы «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Заңының нормаларына сәйкес, түрлі төлем тәсілдері қарастырылған екен.
– Егер дүкен немесе басқа да қызмет көрсету саласында саудагер не кәсіп иесі тұтынушыға «мобильді аударым жоқ, ақысын қолма-қол бер» деп айтатын болса, не дүкеннің сыртына жазып қоятын болса, ол заңға қайшы. Тұтынушының еркі бар. Алған затының, тұтынған қызметінің ақысын банк карточкасымен төлей ме, мобильді аударым жасай ма, әлде қолма-қол бере ме, ол тұтынушының не сатып алушының құқығы. Ал егер сауда жасаушы, қызмет ұсынушы «төлемді былай жасаңыз» немесе «аударымды қабылдамаймыз» десе, оларға заң аясында жауапкершілік қарастырылған. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде көрсетілгендей, оларға мемлекеттік кірістер басқармасына барып арыздануға болады. Тұтынушылар өз құқығын білуі керек. Тұтынушының төлемінен бас тартқан жағдайда бірінші рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, ескерту жасалады. Ал қайталап бұзған жағдайда 147 680 теңге, яғни 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады, – деді Байқадам Еркінбекұлы.
Туған-туысқа, достарға ақша аударуға болады
Сонымен, жеке тұлғалар бұрынғыдай өздерінің жеке мақсаттары үшін туыстарына, достарына, ата-аналарына, балаларына және басқа да өмірлік жағдайларға байланысты өзгелерге мобильді аударымдар жасап, қабылдай алады. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ. Бұл жөнінде облыстық мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмыстары және байланыс орнату басқармасының басшысы Өмірзақ Қоспановпен сөйлестік.
– Бүкіл халықты декларациялау басталғалы кейбір жеке кәсіпкерлер кәсібін жасырғысы келді. Мобильді аударымдарды тексеру заңсыз кәсіпкерлік қызметті көлеңкеден шығаруға бағытталған. Айта кету керек, мемлекет барлық аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан ай сайын жүз немесе одан да көп мобильді аударымдар алған тұлғалардан ғана кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдайда тексеру жүргізіледі. Егер кәсіпкер қолма-қол ақшасыз төлем жүргізуден бас тартса, тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына жүгінуі қажет. Жаңа бір сұрағыңызда такси жүргізушілері туралы айтып өттіңіз. «Яндекс», «InDriver» жеке тасымалдаушылары немесе өз жеке көлігімен жолаушы жеткізіп күнелтіп жүргендерге күніне жүзге жуық тапсырыс болады. Олар өз атына жеке кәсіп ашып, тіркеуі қажет. Яғни елімізде салық мәдениеті қалыптасып келеді. Бұл дегеніміз – шынайылық. Көлеңкелі бизнеске қашанда жол жоқ, – дейді Өмірзақ Сайлауұлы.
Оның айтуынша, адам болған соң отбасыңда той-томалақ, басқа да қуаныш немесе қайғылы жағдайға қатысты түрлі ас-жиындар болуы мүмкін. Осы кезде көпшілік тарапынан бір күнде жүз аударым тұрмақ, бес жүз адамнан аударым түсуі мүмкін. Мұндай жағдайда мемлекеттік кірістер басқармасына барып жағдайды түсіндірген дұрыс. Олар да адам. Мұндайды түсінеді.
Осы орайда біз «Kaspi bank»-тің Тараз қаласындағы кеңселерінің біріне бас сұқтық. Ондағы мамандар бізге смартфон қосымшасындағы гид функциясын ашып, барлық сауалға жауапты сол арқылы табатынымызды айтты. Шындығында, «аударымдар» немесе «салық» деп іздесеңіз, керек ақпараттың барлығы сонда тұр екен.
Салық мәдениеті қайтсек қалыптасады?
Экономикалық шолушы Айбар Олжаев «Салық мәдениеті қалыптаспаса Қазақстан деген мемлекет жабылып тынуы мүмкін» деп есептейді. Бұл оның қаңтар айының басынан басталған дүрбелеңге қатысты айтқан пікірі. Экономист салық мәдениетін не үшін, кім үшін қалыптастыру керектігін ашып айтқан.
– Мемлекетке не керек? Үкіметке бірінші кезекте ақша емес, салық мәдениетінің толық орнағаны керек болып тұр. Бұл біздің мемлекетіміздің тірегі. Барлық дамыған елдерде салық абсолютті культқа айналған. Ал салықтан жалтару – ауыр қылмыс. Салықтан қашу – барлық халық ас ішіп отырған ортақ қазанға қол сұғу. Бұл 100 пайыз рас тұжырым, – дейді Айбар Олжаев.
Сенбі, жексенбі күндері осы мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін талай жерді аралап, жағдайды бақылаумен болдық. Зергерлік бұйымдар сататын дүкеннің өзі қолма-қол ақша талап етіп, сатушысы бізбен бірге шығып, жақын маңдағы банкоматтан ақша шешіп, қолына ұстаттық. Үшінші тоқсан басталған соң мектепке қажетті дәптер, қаламсап сатып алайық деп «Ауыл-Береке» базарына да бардық. Онда да сатушылар қолма-қол ақша талап етті. Жақын маңда банкомат болмағандықтан алып тұрған дәптерлерді кері қайтаруыма тура келді.
Таңертең жұмысқа кешікпес үшін такси шақыртсақ, ол да қолма-қол ақы төлеуімді сұрады. Үй маңындағы дүкеннің бәрі тек сауданы қолма-қол жасау амалына көшіпті. Оларға бұл әрекеттің заңсыз екенін айтсақ, «бұл сенің жұмысың емес, қоғамды сен түземейсің» деп қарсы шыққандар да болды.
Адам ең алдымен заңды, айналасындағыларды сыйлауы керек. Заңға бағынбай ма, қорқатыны, жасыратыны бар ма, онда тұтынушының құқығын таптамағаны жөн. Кәсіп ашсаң кассалық аппаратың, тіркеуден өткен болуың шарт.
Қазіргі уақытта қолма-қол ақша сұрап тұрған дүкендерге ешкім барып тауар алып жатқан жоқ. «Ақпараттандыру мен цифрландыру дамып кеткен елміз» деп жүргенде қалтадағы әмиянға қайта көшу елдігімізге сын. Бұлай болмауы керек. Мен бас сұққан дүкендер ішінде тек «Құралай» дүкені ғана «қорқатын ештеңеміз жоқ, төлемді QR-код арқылы да қабылдаймыз, артынша сатылған заттың түбіртегін береміз» деп жауап қатты. Ең өзекті тақырып болған соң бұл мәселе «Facebook» әлеуметтік желісінде де талқыланып жатыр. Дәурен Дариябек есімді желі қолданушы осы тақырыптағы бір жарияланымның астына өткір пікір қалдырыпты.
«Ес біліп, етек жапқалы дүкен бизнесін жолға қойдым. Бар мәселені бір кісідей білемін. Салықтың айқын болғанын құптаймын, түбі соған жетеміз деген үміттемін. Ащы болса да шындыққа тура қарайықшы. Бұл өте өткір мәселе, негізі.
QR-дың ставкасы азаймаса, табыстың төрттен бір бөлігін «Kaspi» алып отыр. QR өз алдына, картамен қабылдау кез келген банкте кемі 2 пайыз. «Kaspi» өз картасының өзінен 1,9 пайыз ұстайды. Сонда кәсіпкер салыққа емес, не халыққа емес, Ломтадзенің банкіне жұмыс істейді. Білесіз, кез келген дүкен алып сатады. Тауар алады, нанды өз бағасына сатады. Сүтке болар-болмас он пайыз қояды. Темекі монополистері 8 пайыз ғана «накрутка» қойғызады. Сонда ол табысының тең жартысын салық пен «Kaspi»-ге құяды.
Көтерме сауда орындары да мобильді аударым қабылдамай жатыр, QR не картамен де есептеспейді. Дұрыс, олардың әрекетін кәсіпкерлер түсіністікпен қабылдайды. Себебі көтерме сауда орнындағылар әр затқа тиын қосып пайда табады, «Kaspi» секілді пайыз қоспайды. Бұлақтың басы лайланса, яғни барлығы жоғарыдан бастап қымбаттаса, әлеуметтік жағдайға ауыр соққы жасалады. Оны кім ескеріп жатыр?!
«Kaspi»-дің басында отырғандар «еркелеп» болса, ставканы түсірсін. Кәсіпкерлер ашық жұмыс істесін десе, көтерме саудаға жеңілдік жасалуы тиіс. Әлеуметтік дүкендерге қолдау жасалуы керек. Мен қолма-қол ақша сұраған кәсіпкерлердің жанайқайын бір кісідей түсінемін», дейді ол.
Үйдің жанындағы «Айымай» дүкенінің иесі Айгүл Базарбаева да салықтың қымбат екенін, онсыз да салық төлеп жатқандықтарын, ісін енді бастаған кәсіпкерлерге бұл ауыр соғатынын айтты. «Таяқтың екі ұшы бар». Қалай дегенде де кәсіпкерлер бекерге шырылдамаса керек.
Онлайн сервистік такси қызметін ұсынатын «InDriver» платформасы арқылы адам тасып күнелтіп жүрген Болат Айтмағанбетов өзінің тұрақты жұмысы барын, дегенмен көліктің жанармайы, нанпұл секілді күнделікті қалта шығынын жабу үшін қолы «қалт» еткенде жолаушылар таситынын айтты.
– Онсыз да аталған шетелдік сервистік платформа такси жүргізушілерінің тапқан табысынан 10 пайыз ақы ұстап қалады. Негізінде «InDriver»-мен мол табыс табу қиын. Өйткені көлігінде орын бос, өз жұмысымен бір бағытқа кетіп бара жатқан адамдар босқа барғанша осы платформа арқылы арзан бағаға жолай адам ала кетеді. Жолаушылар да тым төмен баға ұсынып, кім арзан бағаға ала кетеді, соны күтіп отырады. Ал «Яндекс»-ке тіркеліп жолаушы тасып жүргендер күнделікті адам тасуды кәсіпке айналдырғандар. Бірақ «Яндекс»-тің де такси жүргізушісінен ұстап қалатын ақысы табысының 17 пайыздан астамын құрайды. Менің ойымша, осындай онлайн сервистік такси қызметін ұсынатын алпауыттар мемлекетке әр такси жүргізушінің салығын төлеп беруі керек. Себебі олар жүргізушілерден мол салық алып, қыруар табысқа кенеліп отыр, – деді ол.
Б.Айтмағанбетовтің сөзінен ұққанымыз, ол бір мезгіл адам тасып табыс тапса да салық төлеуге құлықсыз. Басқа да таксистердің дені осындай көзқараста екені анық. Жалпы мемлекет шағын кәсіпкерлікке барынша жағдай жасауда. Арнайы режимде салық небәрі – 3 пайыз. Табысын жасырғандар қалайда жазаланады. Осыны естен шығармауымыз керек.
Мемлекетіміз жемқорлықты жойып, ашықтық, әділдік, заңның принциптілігі қағидаларын ұстана отырып жұмыс жүргізілсе, әділетті салық төлейтін ашық қоғамның орнайтындығы ақиқат. Бәрі әділ, ашық айтылуы, көрсетілуі қажет. Халыққа бәрі түсінікті болуы, халықпен тығыз жұмыс істеп үйренуіміз керек. Өйткені ұлттық экономикамыздың негізгі тірегінің бірі – шағын және орта бизнес. Сондықтан мұндай шақта «арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей», яғни осы мәселе оңтайлы шешілсе екен дейміз.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА
Келесі мақала
«ЕЛГЕ ОРТАҚ АДАМНЫҢ ЕСІМІ ЕСКІРМЕЙДІ»
Ұқсас жаңалықтар
Жаңалықтар
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- авторAR-AY
- 6 желтоқсан, 2024