
2025 жылдың 23 қазанында қазақтың ұлы композиторы Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығы аясында жаңа мюзикл фильм экрандарға жол тартпақ.
Фильмнің бас продюсері әрі режиссеры New York Film Academy түлегі Санат Шапашовтың мәліметінше, фильм үшін арнайы Ш.Қалдаяқовтың 13 әні симфониялық оркестр сүйемелімен жазылып, саундтрек ретінде ұсынылады.
Фильмнің шығармашылық тобына композитордың ұлы Мұхтар Қалдаяқов пен келіні Ботагөз Қалдаяқова да қолдау көрсетуде. Айта кетейік, бұл – режиссердің кино саласындағы алғашқы дебюты. Осыған дейін Санат Шапашов үлкен музыкалық телевизиялық жобалар арқылы және «Казахи» КВН командасы резиденті ретінде танылған еді.
Қызығы сол, фильмді сапалы түсіру үшін арнайы Голливудте сұранысқа ие кинокамера қолданылған.
Фильм бір айдың ішінде толығымен қазақ тілінде және эпизодтар елорданың көркем жерлерінде түсірілген. «Бақыт құшағында» jukebox мюзиклы үшін бір түсірілім алаңына 230-ге жуық актер бас қосқан ең үлкен массалық көріністер бар. Бұл кадрда бишілер Шәмші Қалдаяқовтың әйгілі әніне би эпизодтарын орындайды. Сонымен қатар, фильмде 80 адам бірден қатысқан массалық көріністер де түсірілген. Арнайы хореограф фильмдегі билерді бір ай көлемінде арнайы қойып, дайындықтан өткізген.
Кинолента қазіргі қоғамдағы қазақ қыздарының өзекті мәселелерін қаузай отырып, махаббат пен адал достық тақырыбын тереңінен аша түседі. Идеологиялық миссия ретінде анаға құрмет, отбасы институтының беріктігі, адал мінез бен шынайы қарым-қатынас тақырыптары да көрініс табады.
Басты рольдерде танымал актер Дәурен Серғазин, 5 жылдық үзілістен кейін үлкен киноға қайта оралған Әлия Әнуарбек және Шахмұрат Ордабаев, Азамат Сатыбалды, Айгүл Иманбаева, Айнұр Ильясовалар ойнайды.