Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Жер телімі сатылса сатылсын, маған үй салынса болды»

«Жер телімі сатылса сатылсын, маған үй салынса болды»
ашық дереккөз
«Жер телімі сатылса сатылсын, маған үй салынса болды»
«Аса ауылында жаңа тұрғын алқаптан беріліп жатқан жер телімдерінің кейбірін иелері сатып жатыр екен. 1 миллион 500 мың теңгеге алғандар бар дейді, 600 мың теңгеге де сататындар бар көрінеді» деген ақпаратты елден ести сала, алыпқашпа әңгіменің рас-өтірігін білмекке Аса ауылына жол тарттық. Ең әуелі, таныстар арқылы «WhatsApp» желісіндегі ауылдықтардың «ASA-OLX-ASA» атты ортақ чатына «Сатылатын жер бар ма?» деп жаздық. Артынша бір ер адам хабарласып, туысыныкін қосқанда сатылатын екі жер телімі бар екенін, олардың әрқайсысын 3 миллион теңгеден бағалап отырғанын айтты. Әлгі азамат қаржы ұйымы алдындағы несиесін жабу үшін осындай қадамға барғанын сөз етті. Осыдан кейін біз Асадағы жаңадан беріліп жатқан жер телімін тұрғындар өзара ауызша келісіммен бір-біріне сатып жатқанын жоққа шығара алмадық. Үй салуға жағдайы жоқ адамнан оны жақсы танитын, қолында қаржысы бар, жерге мұқтаж азамат жер телімін ауызша келісіммен сатып алуы әбден мүмкін (заң жүзінде сатып ала алмайды). Сатып алушы құрылыс жұмысын жүргізіп, қабылдау актісі құжат бойынша уақытша өтеулі жер иесінің қолына тигеннен соң ауылдық округ әкімінің шешімімен жер телімі саудалаушының өз атына аударылады. Осыдан кейін ғана жер учаскесін сатып алушының атына аударып бере алады. Міне, қазір Асада бір-біріне сенген кейбір азаматтар осындай қадамға барып отыр. Бұған түрткі – жер иесі үшін үй салуға қаржының қолбайлау болуы. Құрылыс жұмысы жүргізілгеннен кейін жер иесі өз атына аударылған жер учаскесін сатып алушының меншігіне өткізбей қойса да болады. Өйткені сатып алушы үй салуға қанша қаржы жұмсаса да оны нақ осы жерде заң қорғай алмайды. Дегенмен қолы ұзын, сөзі өтімді, еті тірі, ісіне пысық жер саудалаушыны танитын адам мұндай тәуекелден қорықпаса керек. Қаржылық қиындыққа тап келген адамды да түсінуге болады. Себебі кезегі бойынша алған жер теліміне иесі жерге орналастыру, құжаттарды заңдастыру барысында кемі 40-50 мың теңге жұмсайды. Алайда оның небәрі екі бөлмелі үйді де салуға жағдайы жоқ болғандықтан уақыты келгенде жер учаскесін үй салынбағаны үшін мемлекет алып қоятынын біліп, оны сатып жіберуге тырысады. Себебі оның көкейінде «сонша жыл күтіп жүріп қол жеткізген жер учаскесін мемлекет меншігіне босқа қайтарғанша, одан да оны сатып, бір тиын болса да пайда көріп қалайын» деген ниет жатыр. Осындай пиғылдағы азамат алымсақты өзі іздестіре бастайтыны айдан анық. Мұндай мүмкіндікті қолында қаржысы бар, жерін сатқысы келетін адамды жақсы танитын кез келген тұлға мүлт жібергісі келмейді. Жалпы Жамбыл ауданында 2021-2023 жылдар аралығында жеке тұрғын үй құрылысы үшін 1 885 жер учаскесі бөлініп, ол баспана салу үшін жер кезегіне тұрғандарға ретімен үлестіріліп берілді. Оның ішінде Ш.Ниязбеков ауылына – 97, Тастөбе ауылына – 79, Қызылқайнар ауылына – 222, Бектөбе ауылына – 143, Айша бибі ауылына – 382, Бірлесу-Еңбек ауылына 130 жер телімі тиесілі болса, аудан орталығы Аса ауылында жерге кезекке тұрғандарға үй салу үшін 811 жер телімі бөлінді. Аталған жер телімі Абай көшесінің оң жақ бетінен берілді. Ұғынықты түрде айтқанда, бұл – Аса ауылынан шығып, Қаракемер ауылына барар жолдың оң жағындағы жер учаскелері. 10 көшеден тұратын осы жаңа тұрғын алқаптағы 811 жер телімінен бүгінгі таңда 790 адамға жерге орналастыру жобасы дайындалып, 765 адам қолына уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл қысқа мерзімге көлемі 0,10 гектар болатын жер учаскесіне Аса ауылдық округі әкімінің шешімін алыпты. Қалған жер телімдерін кезекте тұрғандарға ретімен үлестіру жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 19 700-ге жуық адам жер кезегінде тұрса, оның ішінде Аса ауылы бойынша жер кезегінде тұрған әлі 3 500-дей тұрғын бар. Мұны баса айтып отырған себебіміз, егер жаңа тұрғын алқаптағы уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен 3 жыл қысқа мерзімге берілген жер учаскесіне сол уақыт ішінде үй салынбаса, ол жер телімдері заң бойынша мемлекет меншігіне қайтарылады. Тұрғындардың алды өткен жылдың көктем мезгілінен бастап қолына тиісті шешімін алды. Бірақ ол жерде жеке тұрғын үй құрылыс жұмыстары өте төмен деңгейде жүріп жатыр. Әне-міне дегенше бір жыл да сырғып өте шықты, ал әзірге онда 60 шақты үйдің іргетасы қаланса, 34 үйдің қабырғасы бой көтеріп, бір отбасы ғана баспанасына кіріпті. Осы орайда біз үй салуға шамасы келмейтін тұрғындардың жерін ауызша келісіммен біреуге сатып жіберіп немесе мемлекетке кері қайтарып беріп, қайтадан баспанасыз жүруі халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға кері әсерін тигізетінін, мұндай жолмен жұртшылықтың жайлы өмір сүру деңгейіне жуық арада жете алмайтынын айтып, аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Ұлан Асылбековті сөзге тарттық. Одан біз тұрмысы төмен адамдардың үй салуға қаржысы жоқ болса, оларды баспаналы етудің басқа қандай тиімді жолдары бар екенін сұрадық. – Біздің жұмысымыз – ауылдық округ арқылы жерге мұқтаж азаматтарға кезегі бойынша үй салуға жер телімін бөліп беру. Заң бойынша жердің уақытша өтеулі иесі ол жерге үш жыл ішінде үй салып, үйдің техникалық құжатын, қабылдау актісін жасатқаннан кейін жер атына аударылады. Оның осыдан кейін жерді өзге біреуге сатуға құқы бар. Ал тұрғындар қазіргі уақытта өзара ауызша келісіммен жерін бір-біріне сатып жатса, бұған біз араласа алмаймыз. Өйткені мұнда дәлел жоқ. Біз тек үш жыл ішінде баспана салынбаған жағдайда кері қайтарып аламыз. Білуімше, аудандық құрылыс бөлімі тұрғындарға «үйді қыш кірпіштен немесе бетоннан, құмблоктан сал» деп талап қойып отырған жоқ. Әркім шамасы жеткен құрылыс материалынан баспана салып, кіріп алса болды. Жағдайы жоқ азаматтарға бір типті үйлерді құрылыс компаниялары арқылы салып беріп, одан кейін оны екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекаға беру мәселесі ауданда сөз болған. Бұл бірақ мүмкін емес. Өйткені заң бойынша мұндай қадамға барарда жер телімі әу баста құрылыс компанияларына аукцион арқылы берілуі керек еді. Одан кейін ол компаниялар үйлерді халыққа ипотекалық несие бойынша үлестірер еді. Қазір аталған жер учаскелері халыққа таратылып қойғандықтан мұны жасау мүмкін емес, – деді Ұлан Темірханұлы. Бұдан кейін біз Аса ауылдық округінің әкімі Бауыржан Қалшынбетовке барып жолықтық. Ол бізбен кеңсесінде үлестіріліп жатқан жаңа тұрғын алқаптың жер учаскелері сызылған картасын жайып тастап әңгімелесті. Аталған жер телімдерін сату дұрыс еместігін айтып, тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын жүргізгенін сөз етті. Бұл тұрғын алқаптан болашақта коммуналдық бірнеше көпқабатты үйлер салу үшін арнайы жер телімі қалдырылған екен. «Жайлы мектеп» құрылысын салу ісі де жобаланып, ол үшін аумағы 4 гектар жер телімі арнайы бөлініп те қойыпты. Коммерциялық мақсатта берілетін жер учаскелері де анықталған. – Мұнда газ, электр қуаты, ауызсу секілді инфрақұрылым толық жүргізілген. Жер телімін үлестіру жұмысы әлі де жалғасып жатыр. Ел үй салу ісіне енді кіріседі деген ойдамыз. Сондықтан құрылыс қарқыны төмен деп айтуға болмайды. Әйтсе де біз халыққа инфрақұрылымы дайын жер теліміне баспана салып алу қажеттігін үнемі айтумен келеміз. Олар үйдің қабырғасын сабан араласқан кірпіштен немесе құмблоктан қалай ма, өздері біледі. Қазір салынған үйдің құжаты үшін бұрынғыдай мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, өрт сөндіру секілді қаптаған мекемелердің келісімін алудың керегі жоқ. Үй иесі шамасы жеткен құрылыс материалынан екі бөлмелі баспана салып алып, қабылдау актісін жасатса болды. Өзі сол баспанада тұру қолайлы деп тапса, құрылыс бөлімінің негізгі талап үдесінен шығып, тиісті құжатына қол қойдырып алса, мәселе шешіледі. Одан кейін біз шығарған шешім арқылы жер учаскесінің заңды иесі атанады. Халықпен кездесу барысында баспана салу үшін кез келген азаматқа мемлекет тарапынан тегін жер учаскесі бір мәрте ғана берілетінін, одан кейін өмір бойы мемлекеттен тегін жер ала алмайтынын айтып, үй салуға шамасы жетпесе мемлекетке қайтарып беруі қажеттігін түсіндіріп жатырмыз. Ал бұған құлақ аспай, жерін ауызша келісіммен сатып жіберетіндер бар болса, оған біздің қарсы келер амалымыз жоқ. Мен кімнің кімге жер сататынын қайдан білемін, кімнің соңынан «жеріңді сатпа» деп жүгіріп жүремін? Амал жоқ, мұндайға көнеміз. Ол жерді сатып алған адам арқалап алып кетпейді. Демек, ол да жерге мұқтаж адам. Сіз айтқандай, егер ел жерін бір-біріне ауызша сатып жатқаны анық болса, мен не істей аламын? Жер телімі сатылса сатылсын, маған үй салынса болды. Үй салынбаса, үш жылдан кейін мемлекет меншігіне қайтарып алу әрекетін жасаймыз. Биыл 8 азамат әртүрлі себеппен берілген жер учаскесінен бас тартты. Ол жерлер кезекте тұрған азаматтарға берілетін болады. Жер учаскесін иесі мақсатты пайдалана алмаса, осылай мемлекет меншігіне қайтарсын, басқа амал жоқ, – деді ол. Ауыл әкімі үй салуға жағдайы жоқ азаматтарды қолдаудың әртүрлі амалы қарастырылғанын да айтты. Игі жақсылар осы мәселені зерделеп те көріпті. – Біріншіден, қарапайым халықтың көбісінің онсыз да қаржы ұйымдары алдында өтеп жатқан несиелері бар. Оларды біз дайын үй салып беру арқылы тағы да несиеге батырғанымыз жөн бе? Осыны да ойладық. Екіншіден, бірді-екілі құрылыс компаниясы өкілдерімен сөйлесіп көрдік. «Тұрғындар дайын үйге қоныстанып, ақысын шетінен төлеп құтылуына болатындай жағдай жасауға бола ма, болмай ма?» деген сұрақ төңірегінде де ақылдастық. Жеме-жемге келгенде бұл іс мен кепіл болсам ғана жүзеге асады екен. Мен кім үшін кепілдік бере аламын? Дайын үйге кіріп алып, несиесін өтеуге жағдайы келмей жатса, мен заң алдында не деп жауап беремін? Амал жоқ, бас тарттық. Енді әркім өз шама-шарқына қарай әрекет етіп көреді. Маған осы ауылдың бір азаматы келіп, «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы үйінің құрылысын бастайын деп жатқанын айтты. Жеке адам өзі құрылыс компаниясымен келісімшарт жасасып, мәселені осындай жолмен де шешсе болады. Бірақ мұндай қадамға жүргізілген құрылыс жұмысының ақысын айма-ай өтеп отыруға төлем қабілеті жететіндер ғана бара алады. «Асар» жобасы қолға алынғалы ауылдық округ бойынша 4 үй пайдалануға берілді. Бұл да машақаты көп шаруа. Қалталы азаматтарға жалынып, біреуіне шатыр жабындысын, біреуіне тағы басқа құрылыс материалын алдырып жүрдік. Осы ретте жағдайы жоқ адамдарға ағайындары жабылып көмек берсе, бір жазда екі бөлмелі үйге мұқтаж адамды кіргізуге болады. Ең болмаса тұрмысы төмендерге маңайындағылар, ағайындары осылай көмектесетін болса, кезегі бойынша келген жерінің игілігін көрер еді. Бұл енді көпшіліктің ауызбіршілігіне, адамгершілігіне қатысты жүзеге асатын шаруа, – деді Б.Қалшынбетов. Біз Асадағы кейбір жер телімінің адамдар арасында ауызша сатылуын бизнес деп айта алмаймыз. Бір үйден жасы 18-ге толып, екі-үш жер телімін кезегі бойынша алғандар бар. Бұл енді олардың заңды құқығы. Бірақ олар үш жылда үш үй тұрғыза ала ма? Мәселе осында. Әркімнің Құдайдан үміті бар, дегенмен уақытында баспана салынбаса, ол жер мемлекет меншігіне өтетіні анық. Себебі құрылыс материалының бағасы шарықтап тұрған мына заманда баспана салуға екінің бірінің жағдайы келе бермейді. Осы тұста үш ағайынды екі жер телімін ауызша келісіммен біреуге сатып, оның ақысына құрылыс материалын алып, жабылып біреуін баспаналы етуі мүмкін. Бұл әрекет ең болмаса үш азаматтың біреуінің үйлі болуы жолындағы әлсіз амал. Біз жағдайы жоқ азаматтардан пікір алу үшін алысқа барған жоқпыз. Аса ауылдық округі әкімдігінің аппаратында қарапайым жұмысшы болып еңбек ететін Батыйхан Сариев деген азаматты сөзге тарттық. Өйткені ол да бірнеше жыл жер кезегінде тұрып, биыл аталған жаңа тұрғын алқаптан жер теліміне қол жеткізіп отыр. – Осы қаңтар айынан бастап еңбекақым 85 мың теңге болады екен. Әйтпесе айлықақым бұдан аз болатын. Отбасылымын, екі қызым бар, әйелім бала күтімімен үйде. Анығын айтқанда, жұмыссыз. Менің еңбекақым тек күнкөріске жұмсалады. Кезек бойынша келіп тұрған жер учаскесін алуым үшін әрекет етіп, қазіргі таңда 10 мың теңгедей тауып төледім. Осыншама соманың 4-5 есесін құжаттар қажеттілігі үшін төлеуім керек. Бірақ мен үшін ол қаржыны тауып беру оңай болмай тұр. Әсіресе баспана салу мәселесіне келгенде жанымды қоярға жер таппаймын. Өйткені менің ондайға мүмкіндігім жоқ. Жеке компаниялармен келісімшарт жасасып, баспана салғызып, кіріп алуға болатынын сіздерден естіп қуанып қалдым. Бірақ оларға мен ай сайын 25-30 мың теңге ғана төлеп отыра аламын, бірақ мұндай мүмкіндік болмайтынын ішім сезіп тұр, – деді Батыйхан Қуанышбайұлы. Құрылыс компаниялары мұндай төлем қабілеті үшін баспана салып бермейтіні анық. Жалпы халықтың жерге кезекке тұруы ешқашан төмендемейді. Себебі жасы 18-ге толған азаматтар болашағы үшін жыл сайын ретімен жерге кезекке тұра береді. Олар есейіп, еңбек етіп, қомақты қаражат жинай алса, кезегі бойынша күндердің күнінде қол жеткізген жер теліміне баспана тұрғызу қамына кіріседі. Ал қолында дымы жоқ болса, жерден бас тартып, қайтадан кезекке тұрады. Өмір осылай дөңгелеп өте береді. Нұрым Сырғабаев  
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар