Басты мақсат – бағаны тұрақтандыру
«Сын түзелсе, мін түзеледі». Өңірдегі түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамда өзекті деген мәселелер көтерілмей жатқан жоқ. Тек БАҚ өкілдері көтеріп жүрген мәселелер назарға алынып, оның шешілу жолдары дер кезінде қарастырылса болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыста азық-түлік бағасын реттеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыға салынған аппарат кеңесі отырысында жиынды осындай сөзбен бастады.
«Сын түзелсе, мін түзеледі». Өңірдегі түрлі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы қоғамда өзекті деген мәселелер көтерілмей жатқан жоқ. Тек БАҚ өкілдері көтеріп жүрген мәселелер назарға алынып, оның шешілу жолдары дер кезінде қарастырылса болды. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев облыста азық-түлік бағасын реттеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жайы талқыға салынған аппарат кеңесі отырысында жиынды осындай сөзбен бастады.
– Бізге кез келген мәселені шешу үшін алдымен оны анықтап алу маңызды. Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің атқарар қызметі зор. Журналистер түрлі мәселелерді көтеріп жүр. Біз сол мәселелерге көңіл бөлуіміз керек. Мәселен, облыстық «Aq jol» газетінде 6 қаңтар күні жарық көрген журналист Есет Досалы бауырымыздың «Барымызды бағалап жүрміз бе?» атты мақаласында өңірдің спорт саласына қатысты өзекті ойлар айтылған. Бұл бойынша тиісті тапсырма берілді.
Сол секілді облыстық «Знамя труда» газетінде журналист Юрий Ефимовтің «Осторожнее с предоплатой» атты мақаласында да «Теміржолсу-Шу» кәсіпорнына қатысты маңызды мәселелер айтылған.
Шу аудандық «Шу өңірі» газетінде де өткен жылғы желтоқсан айында «Балалардың бұзақылыққа баруына ата-аналар да жауапты» атты жақсы материал жазылған. Бұл тақырып бүгінгі күні өзекті болып отыр, – деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы аудандық газеттерде сын мақалалар өте сирек жазылатынын да тілге тиек етті. Журналистер мәселе көтеру керектігін, сын шынайы, жан-жақты болуы қажеттігін атап өтті. Басқарма басшылары мен аудан әкімдеріне газет оқып, тілшілер көтерген мәселелерді назарға алып, оның шешу жолдарын қарастыруды тапсырды.
Бұдан кейін өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жайы сөз болды.
Алдымен сөз алған облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 0,1 пайызды құраған.
– Статистикалық мәліметке сәйкес, соңғы бір апта ішінде 2 тауар түрінің бағасы, атап айтқанда – айран 360 теңгеден 362 теңгеге, тауық жұмыртқасы 478-482 теңгеге өскен. Айран бағасы маусымаралық кезеңге байланысты қымбаттап отыр, ал тауық жұмыртқасының бағасының өсуіне өзіндік бағасының қымбаттауы себеп болды. Маусымаралық кезеңде көкөніс тауарларының тапшылығын болдырмау мақсатында Өңірлік тұрақтандыру қорына форвардтық келісімшарт негізінде қор қалыптасқан.
Көкөніс тауарларының бағаларына талдау жүргізілді. Ұлттық статистика бюросының (бұдан әрі статистика) бағасына сәйкес, картоптың килограмы 145 теңге болса, дүкендердегі орта баға 130 теңгені құрайды. Бұл ретте форвардтық келісімшартта 100 теңгеге жасалынған. Статистикаға сүйенсек, 1 килограмм пияздың бағасы 96 теңге болса, дүкендердегі орта баға 75 теңгені құрайды. Бұл ретте форвардтық келісімшарт 90 теңгеге жасалынған. Сәбіздің статистика бойынша бағасы 157 теңге болса, дүкендердегі орта баға 150 теңгені құрайды. Бұл ретте форвардтық келісімшарт 86 теңгеге жасалды. Ал қырыққабаттың бағасы 139 теңге болса, дүкендердегі орта баға 122 теңгені құрайды, форвардтық келісімшартпен килограмына 100 теңгеге жасалынған.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша тетіктердің бірі – артық делдалдық буынды жою. Өткен жылдың қорытындысымен 1 жылда 101 комиссия отырысы өтіп, 70 факт анықталып, жойылды. Осы артық делдалдық буынды жоюда облысымыз министрліктің негізгі өнімділіктің көрсеткіштері бойынша 4-орында тұр.
Тараз қаласы және аудан әкімдіктері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сауда дүкендеріне тауарларды өткеру кезіндегі сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырмау бойынша түсіндірме жұмыстарын күнделікті жүргізіп, апта сайынғы мерзімде мәліметтерін басқармаға ұсынуда. Бұл ретте облыс бойынша соңғы аптада 965 сауда дүкеніне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар 2024 жылға осы сауда үстемеақысын 15 пайыздан асырмау бойынша сауда дүкендерімен және ауылшаруашылық тауар өндірушілермен меморандумға отыру бойынша жұмыстар басталды, – деді А.Сейсебаев.
Баяндамашының айтуынша, бүгінгі таңда өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының барлық түрінің қоры жеткілікті. Облыс бойынша барлық қорлар 128,3 мың тоннаны құрайды. Оның ішінде қазіргі таңда Өңірлік тұрақтандыру қорында 1,5 мыңға жуық және форвардтық келісімшарт шеңберінде 16,7 мың тоннаға қор қалыптасқан. Сөз соңында Аспандияр Мұраталыұлы бағаны тұрақтандыру үшін бірқатар жұмыс жүргізуді жоспарлап отырғанын айтты.
– Министрліктің ұсынымы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағасының индикативтік мәндерін белгілейміз. Халықаралық трендтерге талдау жүргізу мәселесін де қолға аламыз. Электрондық шот-фактура және фискалдық деректер операторы талдауын жүргізе отырып, артық делдалдық буынды жою бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. Сауда үстемеақысы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізуді назарда ұстаймыз. Сондай-ақ комиссия бекіткен жоспарға сәйкес тауар интервенциялары жүргізіледі. Ерте пісетін көкөніс тауарларымен форвардтық келісімшарт жасасуға да күш саламыз, – деді А.Сейсебаев.
Мұнан соң облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының міндетін атқарушы Байқадам Дүйсенбаев баяндама жасап, мекеменің 2023 жылы сауда саласы бойынша атқарған жұмыстарына тоқталды. Баяндамашының сөзінше, департамент өңірдегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша заңсыз бағаны көтеру фактілерімен күресу жұмыстарын атқаруда. Атап айтқанда, өткен жылы сауда орындарына 51 тексеріс жүргізілген. Нәтижесінде 35 кәсіпкерлікке ескерту беріліп, бұзушылықтар жойылып, 3 айыппұл салынған. Оның ішінде ірі сауда желісі «Дәмді себет» ЖШС-на тауық жұмыртқасының үстеме бағасын 16,9 пайызға асырғаны үшін ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексі негізінде ескерту беріліп, бұзушылықтар жойылыпты.
Баяндамашылардың есебінен кейін Ербол Шырақпайұлы күн тәртібіндегі мәселелер бойынша басқарма басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
– Бағаны тұрақтандыру басты назарда болуы керек. Аудан әкімі, қала әкімі, басқарма басшылары бұл мәселені мұқият қадағалап отыруы міндетті. Кәсіпкерлер мен тұрғындар арасындағы насихат жұмыстарын күшейту маңызды. Бұл шаруада бұқаралық ақпарат құралдарын тарту қажет. Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселелер бойынша келесі міндеттерді тапсырамын. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру бойынша 2024 жылдың жұмыс жоспарына сәйкес тиісті жұмыстар жүргізілсін. Азық-түлік тауарлары бағасының шекті нормадан аспауын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар күшейтілсін. Азық-түлік бағасын көтерген кәсіпкерлерге, дүкендерге қатысты қабылданған шаралар, салынған айыппұлдар туралы ақпарат бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде жариялануы қамтамасыз етілсін. Төмендетілген бағамен ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізу қолға алынсын, – деді Ербол Шырақпайұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі айтылған тапсырмалардың хаттамаға енгізілуін жүктеді.
Ақтоты Жаңабай
Келесі мақала