Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қауіпті індеттен екпе ғана құтқарады

Қауіпті індеттен екпе ғана құтқарады
ашық дереккөз
Қауіпті індеттен екпе ғана құтқарады
Тараз қаласында қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жұмысы тым баяу жүргізілуде. Нәтиженің төмен болуына негізінен облыс орталығындағы жекеменшік медициналық мекемелердің осы істі атқаруға келгенде сылбыр қимылдауы себеп болып отырса керек. Тұрғындардың екпе алудан әртүрлі жағдаймен бас тартуы да ұжымдық иммунитеттің қалыптасуына кедергі келтіріп жатқан көрінеді. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды. Облыстың санитариялық-эпидемиологиялық жағдайы сараланған жиында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жанар Оспанова өз сөзін ішкі аймақтық эпидемиялық қауіптерден бастады. Оның айтуынша, аймақтың климаттық-географиялық ерекшеліктері аса қауіпті, зоонозды және басқа да жұқпалы аурулардың табиғи ошақтарының пайда болуына және кең таралуына қолайлы. Облыс аумағында 84 стационарлық қолайсыз пункт және 189 Сібір жарасының топырақ ошақтары, туляремия, оба, тырысқақ секілді кеселге тән карантиндік инфекциялардың, Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары орналасқан. Сонымен қатар адамдардың бруцеллез, эхинококкоз, безгек, құтыру, лейшманиоз жұқтыру қаупі жоғары. Дегенмен өткен жылы облыс тұрғындары арасында жұғу қаупі жоғары тифо-паратифозды аурулар тіркелмеген. Әйтсе де өңірде кене шаққан 672 адам медициналық көмекке жүгініпті. Салдарынан бұрнағы жылға қарағанда кене шағу дерегі 2,4 есе өскен. Кене шаққан адамдардың ішінде Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы бойынша күдікті 37 науқас инфекциялық стационарға жатқызылыпты. Зертханалық әдіспен 12 адамның дертке шалдыққаны расталса, оның үшеуі қайтыс болған. Тіркелген 12 науқастың екеуі – бала. Жыл басынан облыс бойынша Сібір жарасына күдікті 38 науқас ауруханаға жатқызылса, оның ішінде 19 науқаста тері түріндегі Сібір жарасы диагнозы зертханалық әдіспен расталған. Сауалнама кезінде эпидемиологиядағы барлық науқастардың дертті ауру малды сою, кеселге ұрынған мал етін тұтыну, ауру жануарды күтіп ұстау барысында жұқтырғаны анықталыпты. Былтыр облыста Тараз қаласының 2 кафесінде және мектепте 103 адам тамақтанудан кейін науқастанса, оның ішінде 3 топтық ішек инфекциясына, сальмонеллезге шалдыққандар бар және тамақтан улану тіркелген. Олар бүгінде емделіп, сауығып шыққан. Биыл өткен жылға қарағанда инфекциялардың ішек тобымен сырқаттану көрсеткіші 22 пайызға төмендеген. Дегенмен «А» вирустық гепатитінің 2,2 есе өсуі, осы дертпен сырқаттанудың тіркелуі COVID-19 пандемиясы кезеңінде баланың 2 жасында жоспарлы егулерді 2 рет алмағанымен байланысты болып отыр екен. Облыс бойынша ішек инфекциясымен ауырғандардың жалпы санының 78 пайыздан астамы Тараз қаласындағы балалар арасында тіркелген. Вакцина арқылы алдын алуға болатын инфекциялардан сіреспе және көкжөтел, менингококк инфекциясы, серозды менингит тіркеліп, іріңді менингиттің 4 жағдайы анықталған. Ал қызылшаның 3 592 жағдайы тіркелген екен. – Облыста былтыр қызылша бойынша күдікті 5 015 жағдай тіркелді, оның ішінде 3 592 жағдайда диагнозы расталды, 100 мың тұрғынға шаққандағы көрсеткіш – 295,3. Қызылша диагнозы расталған 3 592 жағдайдың ішінде 357-сі қызылша, пневмония, отит, энцефалит және тағы басқа асқынуларға қатысты болып отыр. Дертке шалдыққандардың бұл көрсеткіші ауыр деңгейге жатады. Орташа деңгейдегі науқас саны – 2 254 болса, 981-і жеңіл деңгейде тіркелді. Осы жылдың 3 қаңтарында 306 науқас стационарлық ем қабылдап жатса, оның ішінде үшеуі жүкті әйел, 196-сы балалар. Балалардың ішінен 3 ауыр жағдай – пневмониямен асқыну тіркелді. 101 науқас амбулаториялық емді қабылдауда. Жалпы төсек жүктемесі – 94,1 пайыз. 2023 жылдың желтоқсан айында қараша айымен салыстырғанда қызылша індетінің тіркелуі 24,8 пайызға төмендеді. Облыста қызылшаның тіркелуі барлық ауданда байқалады. Тараз қаласында сырқаттанушылықтың деңгейі өте жоғары, яғни «қызыл» аймаққа жатады, мұнда 2 143 жағдай тіркелді. Сонымен қатар сырқаттанушылық деңгейі «сары» аймаққа Сарысу ауданы – 113, Байзақ – 275, Шу – 263, Меркі – 194, Қордай – 285, Жамбыл ауданы 135 жағдаймен еніп отыр, қалғаны «жасыл» аймақта. Ауруға шалдыққандардың дені 5 жасқа дейінгі балалар. Сырқаттанушылардың 49,2 пайызы үйдегі бала болса, 20,9 пайызы мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде тәрбиеленетін бүлдіршіндер. 12,9 пайызы оқушылар. Жалпы тұрғындарға келсек, жұмыссыздар арасында аурудың белең алуы 8,8 пайыз, жеке кәсіпкерлер мен жай жұмысшылар арасында 4,3 пайыз болып отыр. Медициналық қызметкерлердің қызылшамен ауырғаны – 0,7 пайыз. Қызылша вирусымен ауырғандардың ішіндегі 85,5 пайызы екпе алмағандар (3072 жағдай). Оның ішінде екпеден бас тартып, екпеге сенімсіздік білдірген адам саны – 951. Медициналық көрсетіліммен екпені алмағандар 737 жағдай және екпе алуға жасы келмегендер – 618 адам. Ауру адаммен қарым-қатынаста болды деген 25 541 тұрғынның ішінде 523-і науқас екені анықталып, есепке алынған. Науқастармен қарым-қатынаста болған 2 190 адам мен 27 орта мектеп, 5 жоғары оқу орны, 43 балабақша 21 күндік медициналық бақылауға алынды. Эпидемиялық көрсеткіштер бойынша 72 сағатта науқаспен қарым-қатынаста болған 1 124 тұрғын екпемен қамтылды, – деді Жанар Мықтыбекқызы. Өз кезегінде Ербол Шырақпайұлы аталған басқарма басшысынан қызылша ауруының алдын алу үшін нақты қандай ұсыныстары бар екенін және алдағы болжамдарды сұрап білді. Бұдан кейін облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділда Шыналиев жағдайды баяндады. Жалпы 2023 жылдың 11 айында облыс бойынша 53 151 балаға жоспарлы түрде екпе салынған. Қазіргі таңда қызылшаға қарсы қосымша жаппай иммундау жұмысы жүргізіліп жатыр. Алайда нәтиже көңіл көншітпейді. Осыны ескерген аймақ басшысы бірқатар тиісті қызметкерден, Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен жауап алды. – Қызылша ауруының алдын алуда Қазақстан бойынша біз ең соңғы орында келе жатырмыз. Қосымша жаппай иммундау ісін жүргізуде жекеменшік емханалардың жұмысын жандандыру қажет. Індеттің таралуына тек екпе ғана тосқауыл бола алатыны жөнінде халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы хаттамаға енгізілетін ұсыныстарды бізге берсін. Өйткені бұл тек қана денсаулық сақтау басқармасының жұмысы емес, індеттің алдын алуда барлығымыз жұмыла жұмыс істеуіміз керек, – деді Е.Қарашөкеев. Аталған аппараттық кеңесте екінші мәселе, яғни су тасқыны кезеңіне дайындық барысы пысықталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбековтің айтуынша, облыс аумағында көктемгі су тасқыны кезеңінде су басуы мүмкін 42 елді мекен бар екен. – 2022-2023 жылдарда су тасқынын болдырмау жұмыстарын жүргізудің нәтижесінде 34 елді мекен бойынша қауіптің алды алынды. Десе де су астында қалып кетуге бейім тұрған елді мекендер әлі де бар. Ол – Жамбыл ауданының Жасөркен, Қызылқайнар, Байзақ ауданының Талас, Казпоселок, Түймекент және Тараз қаласының Тектұрмас елді мекендері. Облыстың таулы аймақтарында орналасқан елді мекендер үшін ауа райы күрт жылыған жағдайда су тасқыны туу қаупі бар. Әсіресе таулы аймақтарда орналасқан елді мекендерде су тасқынының алдын алу үшін уәкілетті мекемелермен зерделеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бірінші кезеңде облыс аумағында каналдарды, дренаж каналдарын, арық желілерін және су өткізу құрылғыларын тазарту немесе күшейту маңызды, – деген Руслан Нұрланұлы су тасқынының алдын алуда жүргізілуі тиіс бұдан да басқа жұмыстар мен кейбір кемшіліктерді де айтып берді. Е.Қарашөкеев табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу, құрылыс секілді тиісті басқарма басшылары мен бірқатар аудан әкімінен су тасқынының алдын алуда қандай шаруалар атқарылып жатқанын сұрады. Мойынқұм ауданының әкімі Әлихан Балқыбековке «Радай» каналы көпірінің құрылыс жұмысын ертерек қолға алуды міндеттеді. Жауаптыларға төтенше жағдайға кез келген уақытта дайын болу керектігін тапсырды. – Бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін ойлауымыз қажет. Қандай да бір мәселе туындаса жасырмай, мені құлағдар етулеріңіз керек. Тиісті басқарма басшылары немесе аудан әкімдері болсын шындықты жасырмай айтсын. Өйткені проблема неден туындап жатқанын түсінбесек, нақты жағдайдан хабарсыз болсақ, дұрыс шешім қабылдай алмаймыз. «Бәрі тамаша, барлығы сақадай сай» деп отырсақ, оның соңы келеңсіздікке алып барады. Сондықтан күн тәртібінде көтерілген мәселелер назарға алынып, кемшіліктерді қалпына келтіруде тиісті жұмыстар жүргізілсін, – деді Ербол Шырақпайұлы. Жиын соңында Ербол Қарашөкеев облыстық төтенше жағдайлар департаменті мен тиісті басқарма басшыларына, аудан әкімдеріне су тасқынының алдын алу жұмысын күшейту, техникалардың дайындығын бақылауда ұстау, облыстағы суқоймалар мен өзен-көлдердің сыйымдылығына талдау жүргізу секілді бірқатар тапсырма жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар