Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қызмет алушылар абақ шытпағанда қайтеді?

Қызмет алушылар абақ шытпағанда қайтеді?
А.Қартабай
Емдеу ұйымдарында пациенттерге медициналық қызмет лайықты деңгейде көрсетілмесе, жұртшылықтың сол емханаға деген сенімі сейілетіні анық. Негізінде медициналық қызмет алушылар өз денсаулығының сенімді қолда болғанын қалайды. Ал тұрғындар арасында мұндай сенім қалыптаспаса, онда күмән күшейе түсетіні сөзсіз.

– «JANUIA medical center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Мұнда қазіргі уақытта 50 мыңнан астам тіркелушіге медициналық қызмет ұсынылуда. Біз аталған емхананың пациенттерге медициналық көмек көрсету барысын бағамдауды, осы емханаға тіркелген тұрғындарға мемлекеттік қызметтің қай деңгейде көрсетіліп жатқанын өз көзімізбен көруді жөн санаған едік. 22 сәуір күні аталған емханаға арнайы барып, журналист ретінде осы емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігін сырттай бақылағанымызда бірқатар жайтқа куә болдық. Әсіресе ішкі жұмыс үдерістерінде кейбір заң талаптары толық сақтала бермейтіндей әсер қалдырды. Мысалы, емхана дәлізінен кірген бетте мұнда инклюзивті ортаның мүлдем қалыптаспағаны көзге ұрып тұрды. Атап айтсақ, мемлекеттік стандарттар бойынша әрбір медициналық мекемеде көру қабілеті шектеулі жандарға арналған Брайль жазуы бар маңдайшалар мен оларға еденде бағыт беретін тактильді тақтайшалар болуы міндетті. Аталған емханадан мұндай белгілердің бірде-бірі көзімізге шалынбады. Брайль жазуы сыртқы кіреберісте бар, бірақ жеделсатының іші-сыртына, маңызды кабинеттердің маңдайшасына орнатылмаған. Бұл жағдай мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ақпаратқа қол жеткізу құқығының аяқасты етіліп отырғанын көрсететіні анық.

Мұндағы кейбір мамандардың еңбек тәртібін сақтауы да үлкен сұрақ туғызады. Мәселен, жұмыс кестесі небәрі екі сағатқа, яғни 10.00-ден 12.00-ге дейін бекітілген тіс дәрігері Бақытжан Тәжібаевтың жұмыс орнына бір сағаттан астам уақытқа кешігіп келіп, кабинетіне сағат 11.04-те кіруі біз үшін түсініксіз жайт болды. Аталған дәрігердің жұмыс уақытында пациенттерді кабинетіне ашықтан-ашық телміртіп қоюы қаншалықты дұрыс? Мұнда дәрігерді сарыла күткен екі-үш пациенттің ішінде орта жастағы бір әйелден сыр суыртпақтадық.

– Сағат 10.30-дан бері стоматологты күтіп отырмыз. Сағат 10.40-та бізді қабылдауы тиіс болатын. Сағат 11-ден асты, әлі жоқ. Қабылдау уақытын күтіп сарғайған бізге оның кешігу себебін ешкім түсіндірген жоқ, – деді ол.

Артынша сағат 11-ден 4 минут кеткенде аталған дәрігер келіп, кабинетіне кіргенде пациент те оның соңынан ілесе ішке енді.

Сол секілді балалар хирургі отыратын 415-кабинетке 11.15-те кіруі қажет бір әйел адам ішке 11.51-де кірді. Осы кісіден кейінгі кезекте тұрған, қолына жас бала жетектеген тағы бір әйел сөзге араласты. Ол ішке өзінің алдындағы адамға дейін бір ер адам «осы мекеменің директорымын» деп кіріп кеткенін, осындай жағдайдан пациенттің кезек күту уақыты созыла түсетінін айтып қынжылды. Дәгігерге 11.15-те кіруі тиіс пациент кезек күтіп отырғанда өзін «мекеме директорымын» деген әлгі ер адам да дәрігер қабылдауынан шықты. Ол кезек күткен пациенттерді сөзге тартып, кезекте қанша адам тұрғанын сұрап-білді. Одан кейін өзін күтіп тұрған жасөспірім қыз баланы жетегіне алып, жөніне кетті. «Ол мекеме директоры болса, неге үстінде медициналық халаты жоқ? Жалпы медициналық мекеме директорының дәрігер қабылдауына қалаған уақытында кіріп, дәрігердің науқасты қабылдау жұмысын бөлуіне қаншалықты құқығы бар?». Осы сұрақ көкейде сайрағанымен, оны сөзге тартуға біз асықпадық.

Зерттеуімізді ары қарай жалғастыру барысында «Аталған мекеме ішіндегі тәртіп пен басқару жүйесі де әлсіз бе?» деген ойға қалдық. Өйткені жақында кезекке таласқан пациенттердің 413-кабинеттің есігін сындырып тастауы кез келген адамды осындай ойға батырмай қоймайды. Біз осындағы бір қызметкерді сөзге тартып, «Мұнда пациенттердің кезек күтуіне қатысты мәселе жоқ па?» деп сұрақ қойған едік. Ол өзінің аты жөнін атамауды бізден қатты өтіне отырып, болған жайтты баяндап берді.

– Негізінде таңертең келсеңіз флюорография, офтальмолог, лор секілді мамандар қабылдауына жазылған адамдар арасында кезекке қатысты дау-дамай болып тұрады. Мені таңғалдыратыны, пациенттер бір-бірімен дауласпай, сабыр сақтаса болады ғой. Мысалы, өткен аптаның сейсенбі немесе сәрсенбісінде пациенттер кезекке таласып, 413-кабинеттің есігін сындырып тастады. Ол есікті емхана өз есебінен қайта орнатты. Осы жайтты сізге бекер айттым-ау деймін. Маған зияны тиіп кетпей ме? Аты-жөнімді көрсетпей ақ қойыңызшы, – деді әлгі қызметкер.

Пациенттердің бұл қылығы емханадағы менеджменттің тиісті деңгейде емес екенін айғақтап тұрғандай. Сонымен қатар бұл жазылым уақытын сарыла күткен жұрттың кезекке орта жолдан біреу қосылғанда таусылуға шақ тұрған төзімі шытынайтынының нақты дәлелі болса керек. Егер кезекті реттейтін жүйе дұрыс жұмыс істеп, дәрігерлер әрбір қызмет алушыны уақытылы қабылдаса, мұндай ыңғайсыздыққа жол берілмес еді. Өйткені бір қызмет алушы емхананың тіркеу бөлімі, тағы бірі «Damumed» арқылы кезеккетұрады. Енді бірі дәрігер қабылдауына сол күні жазылып, дәрігерге емханаға келу ретімен қарала салуға тырысады. Дау негізінен осындайдан туындайтын болса керек.

Бір айта кетер жайт, «2ГИС» карта қосымшасына «JANUIA medical center» деп жазсаңыз, оның Тараз қаласындағы А.Пушкин көшесі, №41 мекенжайда орналасқанын көз алдыңызға әп-сәтте тоса қояды. Бір пайдалысы, мұнда жұртшылықтың емхана жұмысына қатысты пікір қалдыруына болатын тетік бар екен. Сол пікірлер бөліміне өтсеңіз, анонимді пікірлерге тап боласыз. Мысалы, 2026 жылдың 22 қаңтарында «Nura 66» деген осы картаны қолданушы «415 кабинет отмечает день рождения прямо во время работы несмотря на очередь» деп пікір қалдырыпты. Бұған бастапқыда аса мән бермеген едік. Алайда сол күні біз де бір жайтқа куә болдық. Анығы, сәрсенбі, яғни 22 сәуір күні күндізгі сағат 12.30 шамасында қолына бір бума гүл (букет) ұстаған бір топ қыз-келіншектен құралған мамандар төртінші қабат дәлізінде бір-біріне дауыстап, даурығып, дабырлай сөйлеп, ел назарын өздеріне еріксіз аударды. Әлден уақыттан кейін қатарына бір-екі адам қосылып, топталған күйде бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Сәуле Айтекованың кабинетіне (405 кабинет) кіріп, артынша қайта шықты. Сәуле Наятуллақызын кінәлаудан аулақпыз. Мүмкін ол маманның сол күні туған күні болған шығар. Алайда емхананың өзге кабинеттерінде пациенттерді қабылдап жатқан жұмыс уақытында әріптестердің гүлшоқтарын қуаныш иелеріне тасып, құттықтау рәсімдерінің жүріп жатуы, дәлізде олардың шулаған дауысы ауруына шипа іздеп келген қабағы қатулы халыққа майдай жағады деп айта алмаймыз. Демек, мұндайға емхана мамандарының еті үйренген деуге болады. Аталған жайт емхана әкімшілігінің бұған салғырт қарайтынын айғақтап тұрғандай.

«JANUIA medical center»-ге келесі күні, яғни 23 сәуірде де бардық. Мақсат – біз куә болған жайттар бойынша жауаптылардың айтар уәжін тыңдау. Біз емхананың тіркеу бөліміне келген шаруамызды айтып жатқанда оқушы қызды жетектеген бір әйел «Damumed» арқылы флюорографиядан өтуге кезекке тұрғанын, бірақ оны дәрігер «базадан көрінбей тұр» деп қайтарғанын айтып шағымданды. Оны сол жердегі мамандар қайта тіркеп жатты. Сондағы мамандардың жол бастауымен біз бас дәрігердің медициналық көмектің сапасы жөніндегі орынбасары Ардақ Дүйсенбековаға жолықтық.

– Емхананың бұрынғы 4 қабатты ғимаратының алдына жаңадан екі қабатты нысан салынып, екеуі біріктірілді. Тозығы жеткен бұрынғы 4 қабатты нысан да толық жөндеуден өтіп, қабырғаларына дейін қайта сыланды, әрленді. Еденіне де беріктігі мықты қыштақталар (кафель) төселіп, жылу құбырына дейін жаңартылды. Сол кезде бұрынғы ескі нысандағы көзі нашар көретін адамдарға арналған Брайль жазуы, тактильді тақтайшалар түгел алынып тасталды. Бірақ тиісті тарапқа тапсырыс беріп қойғанбыз. Мысалы, мамыр айының 6-сынан кейін соңғы үлгідегі резинадан жасалған тактильді тақтайшалар орнатылатын болады. Оның артықшылығы сол, адам жүргенде аяққа кедергі жасамайды және өзі де сынып, мүжіліп кетпейді. Сонымен қатар скринингтің, екпе алудың маңыздылығы, азаматтардың медициналық көмек алудағы құқығы, емхананың ішкі тәртібі секілді стендтерге де тапсырыс берілген. Осының барлығы мамыр айының басында орнатылады. Бір жыл ішінде салынып, пайдалануға берілген нысанның салтанатты ашылу рәсімі де енді өткізіледі, оған дейін бұл мәселелер шешімін табады.

Бақытжан Дүйсенұлы бізде жарты жүктемемен, аптасына үш күн жұмыс істейді, бірақ ешқандай ем-шара жүргізбейді. Ол жүкті әйелдердің тісін тексеріп, қатты ауырсынулар бойынша тиісті тіс емханасына жолдама береді. Сол секілді біздің емдеу мекемесіне Тараз қаласындағы 8 орта мектеп қарайды. Ол мектептерде де тісі құртжегі, қанқұрт, тіс шіруі секілді басқа да ауруға шалдыққан балаларды тексеріп, анықтайды. Дәл қазір аталған тіс дәрігері сол мектепттерде балаларды скринингтен өткізіп жүр. Бұл скрининг мамыр айының 15-іне дейін жүргізіледі. Мектептен қолы қалай босайды, солай осында келіп, науқастарды қабылдап жүр. Өзіңіз де білесіз, аталған мектептерде оқушы көп, үлгеру қиын. Десе де біз бұл мәселені анықтап, қадағалайтын боламыз.

2024 жылдың желтоқсан айында бізге медициналық көмек алуға тіркелген адам саны39 587-ні құраған болатын. Тіркелушілердің қатары бір жарым жылдың ішінде едәуір өсіп, пациенттер саны қазір 51 679-ға жетті. Оның ішінде 11 мыңына «Ұлы дала» ықшамауданында жаңадан ашылған филиалымыз арқылы медициналық көмек көрсетілуде. Бұл жерде ұзын сонар кезек жоқ, сағат 11-ден аса кезек күткен бірен-саран ғана адам қалады. «Ұлы дала» ықшамауданындағы кезек кешке дейін созылуы мүмкін, өйткені ол жақта адам көп. Егер бізге қандай да бір пациент шағымданса, ол бойынша мәселе анықталады. Дәрігер бір науқасты тез арада, тағы бірін ұзақ қарауы мүмкін. Негізінде бір науқасты қабылдау, тексеру ары кетсе 10-15 минутқа созылады. Дегенмен 415-кабинетте пациенттің кезек күтіп ұзақ отыруының себебін, дәрігер қабылдауына кезексіз кірген ер адамның да кім екенін анықтайтын боламыз.

Негізінде науқастар шұғыл жағдайда немесе мүгедектігі бар азаматтар дәрігер қабылдауына кезексіз кіре алады. Сондай кезде дау туындап жатады. Сонымен қатар бізде үлкен кісілер де бар. Кейде олар дәрігер қабылдауына уақытынан кешігіп келіп, ішке кіруге жанталасады. Өткенде рентгенде кезекте тұрған бір жас қыз мүгедектігі бар, арбада отырған адамды кезексіз өткізгісі келмей, өз уақытын алға тартып, айқай шыққан болатын. 413-кабинеттің есігінің сынуы сондай бір жасы үлкен әйел адамның дәрігер қабылдауына уақытынан кешігіп келіп, ішке кіруге талпынуына, оны одан кейінгі адамның ішке жібермей, таласуына байланысты орын алған жайт. Қазір жүкті әйелдер мен баласы тым жас аналарды бұрынғыдай ішке кіргізіп жіберу түсінігі жастардан қалып барады.

Негізі анонимді пікір қаралмайды ғой, бірақ біз әлеуметтік желіде емхана атына сын-пікір айтылса, ол бойынша да зерделеу жүргіземіз. Бұл жерде ешкім заңсыздық пен тәртіпсіздікке жол бермейді. Өйткені қызметкердің кінәсі анықталса, оған жұмыстан шығаруға дейін жаза қолданылады. Дәрігерді туған күн мәселесімен құттықтау жағдайына келсек, әріптестер қуаныш иесіне гүлшоқтарын ұсынып, лезде қайтадан шығып кетеді. Ол жерде ешкім тілек айтып тұрмайды. Ал сіз айтып тұрған, емхана дәлізінде мамандар дабырласып, ел назарын өзіне аударған болса, ол бойынша түсіндіру жұмысын жүргізетін боламыз.

Медициналық қызмет алушы «Damumed» арқылы тіркеліп, ол базадан шықпай қалса, ол жайт та тексеріліп, науқас тіркеуге алынып, артынша дәрігер қабылдауына кіреді. Қанша дегенмен техникадан қателік кетуі, яғни расымен де базадан көрінбей тұруы мүмкін. Бірақ ол үйіне қайтарылмайды, мәселе сол жерде реттеліп, шешіледі, – деді Ардақ Рынбекқызы.

А.Дүйсенбековамен сөйлесіп отырғанымызда аталған медициналық мекеме басшысы оның жұмыс телефонына қоңырау шалып, журналист туралы сұрап жатты. Осыдан кейін біз «JANUIA medical center» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ратан Жошыбаевтың кабинетіне кіріп жолықтық. Келген шаруамызды айтып, өзінен қарамағындағы дәрігерге пациент ретінде кірсе, неге кезекке жазылмағанын сұрадық. Ол немересінің мәселесі бойынша дәрігерге шұғыл жағдайда кіруге мәжбүр болғанын айтты.

– Мен кезекте тұрған кісілерден рұқсат сұрадым. Немеремнің жай-күйін дәрігер тез арада қарап, артынша бізді шығарып жіберді. Біз рұқсат алып, ішке бір жас баласын дәрігер қарауына әкелген әйелмен қатар кірдік. Ол жерде әлгі әйел баласының сыртқы киімін шешіп, дәрігер қарауына дайындағанша біз де бір минуттың ішінде сыртқа шығып кеттік. Себебі ол дәрігер кезекте адам көп екенін айтып, жарты сағаттан кейін келуді өтінді. Менің дәрігер уақытын алмағаным айдан анық. Дегенмен дәрігер алдындағы келушілердің жарақатын тазалау, таңу жұмысын жүргізіп жатқанда уақыт созылған болуы мүмкін.

Негізінде өзім медициналық қызметтің сапалы ұсынылуына, ішкі тәртіптің бұзылмауына барынша мүдделімін. Сондықтан дәрігерге кедергі келтіруге мұнда жол берілмейді, тиісті талаптар қатаң сақталады, – деді Ратан Сейітханұлы. Біз өзіміз байқаған олқылықтар бойынша мекеме басшылығы тарапынан айтылған жауаптарды барынша қамтыдық. Негізінде сын жоқ деп айтуға болмайды. Сондықтан аталған емхана басшылығы кейбір мәселе бойынша сыннан нәтиже шығарады деген сендеміз. Себебі «Сын түзелмей, мін түзелмейді».

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар