Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

МЕРЗІМІ КЕШІККЕН МЕКТЕПТЕР

МЕРЗІМІ КЕШІККЕН МЕКТЕПТЕР
ашық дереккөз
МЕРЗІМІ КЕШІККЕН МЕКТЕПТЕР
Уәденің үлкен-кішісі болмайды. Қазақ баласының көзге көрінетін ең ұлы қасиеті – уәдеге беріктігі. Кезінде қазақтың уәдеде тұратындығына шетелдіктер таңғалған екен. Бұл жайында зиялы ақсақалымыз Ақселеу Сейдімбек: «Біз уәдеге берік халық едік. Уәдеден тайдық. Уәде ұлы құндылықтардың бірі еді. Өте тағдырлы істер уәдемен шешіле беретін. Қазір уәде беріп, қолхат жазып тұрып қақпанға түсіріп кетеді. Осындай жоғалған құндылықтарды санап тауыса алмайсың», дейді. «Мұнымен айтпағыңыз не?» дейсіз ғой. Соңғы кездері уәдеде тұра алмау белгілі бір жоспарлы істі жүзеге асыруда жергілікті атқарушы орган қызметкерлері арасындағы кейбір жауаптылардың бойынан көрініп қалып жүр. Мәселен, облысымызда өткен жылдың басында пайдалануға берілмек болған кейбір мектептердің әлі күнге құрылысы толық бітпеген. Кейбірі жыл басында, енді бірі екінші тоқсанда толық берілуі керек болған. Бірақ үш мектептің де құрылыс жұмысына қатысты тірлік тындырымсыз болып тұр. Тарқата айтсақ, 2023 жылы білім беру саласында жиырма бір нысанның құрылысына 12,6 миллиард теңге бөлінген. Өткен жылы 11 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланған болатын. Соның бесеуі ел игілігіне ұсынылған. Олар – Тараз қаласы, Сүлейменов көшесіндегі 1200 орындық орта мектеп пен Жамбыл ауданының Шоқай ауылындағы, Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылындағы, Шу ауданының Төле би ауылындағы, Меркі ауданының Ақжол ауылындағы білім нысандары. Бұлар өз уақытында пайдалануға берілді. Ал үш мектеп уақытылы тапсырылмай отыр. Атап айтсақ, облыс орталығындағы «Арай» тұрғын алқабында, «Казарма» шағынауданында, Меркі ауданының Аспара ауылдық округіне қарасты Қайыңдысай ауылында салынып жатқан мектептердің жұмысы аяқталмай тұр. Жаз мезгілінде облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Данияр Темірбеков «Amanat» партиясы атынан сайланған депутаттардың алдында «Мектептің басына түнесем де нысан құрылысын бітіріп, желтоқсан айында ұсынамыз» деп уәде берген еді. Сол уәделі сөз қазір үдеден шыға алмай тұр. Бұл мәселеге кім кінәлі? – Бұл мектептердің құрал-жабдықтары желтоқсан айында қыстың қатал, яғни қар қалың жауғандықтан кешікті. Басты өнімдер Ресей мемлекетінен әкелінеді. Табиғаттың тосынсыйына не шара? Қар қалың жауып, керекті құрал-жабдықтар келмей қалды. Енді осы аталған үш мектепті қаңтар айының соңында пайдалануға береміз деп отырмыз, – деді құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай. Мерзімі кешіккен мектептердің мәселесі бойынша облыс әкімдігі білім басқармасының мамандарына хабарластық. Олардың айтуынша, биыл 18 нысан пайдалануға беріледі екен. Жоғарыда айтып өткен «Арай» тұрғын алқабындағы 600 орындық мектеп ғимараты қыркүйек айында берілуі керек болған. Нысанның бас мердігері – «БазисДорСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Тапсырыс беруші – облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы. Шілде айында облыстық мәслихаттың депутаты Оралхан Дәуіт те осы жайында маңызды мәселе көтеріп, «Facebook» әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазба жариялаған болатын. Аталған жазбада: «Ең алдымен, мектептің сыртқы бояуы мүлдем көз тартпайды. Сары және сұр түсті араластырып бояп қойған. Ғимарат көрер көзге заманға сай «жарқ» етпейді. Тым сұрқай. Жобалаушылар тарапынан бояудың дұрыс таңдалмағаны бұған дейін де әңгіме болған. Сол кезде де құрылыс басқармасы мамандары «оң шешім қабылдаймыз» деп уәде берген. Бірақ әлі күнге ешқандай шешім қабылданбаған. Мектептің ішкі жұмыстары әлі күнге бітпеген. Іші шаң, топырақ. Бірақ мектеп жиһаздары сатып алынып, ішке кіргізіліпті. Осылайша жап-жаңа жиһаздар құрылған күйі шаңның, топырақтың астында тұр. Ол жиһаздарды әлі ары-бері қозғайды, жылжытады, әр қабатқа тасиды. Яғни пайдалануға берілмей жатып қаншасы сынып, бүлініп, жарамсыз күйге түсетінін бір Құдай білсін?!» деп жазылған. Жаңа оқу жылына беріледі деген мектеп енді үшінші тоқсан басталғанда есігін айқара аша ма? Құрылыс басқармасының жауапты қызметкерлері «қаңтар айының соңына ұсынамыз» деп отыр. Айтуларынша, ең алғашқы мердігер компанияның үлкен басшылары уақытша қамауға алынып, іс тоқтаған. Екінші мердігер компания құрылыс жұмыстарын түгелімен аяқтаған. Инфрақұрылым қосылған. Жылу желтоқсан айында беріліпті. Енді мектептің биология, химия кабинеттерінің жиһаздары мен құрал-жабдықтары кеш тапсырыс берілгендіктен кешігіп келуде. Химия, биология кабинеттерінің тиісті жабдықтары да жеткізілмепті. Осындай майда-шүйде іс қалыпты-мыс. Ал «Казарма» елді мекенінде салынған 180 орындық мектептің құрылысы 2022 жылдың сәуір айында басталған. Өткен жылдың соңында пайдалануға берілуі керек еді. Міне, 2024 жыл басталды, әлі есігі ашылар емес. О баста бас мердігер – «ТаразҚұрылысИнвест» ЖШС еді. Кейіннен бұл істі «АЙНА-CITY» атты компания қолға алды. Тапсырыс беруші – облыс әкімдігінің құрылыс басқармасы. Бүгінде мектептің соңғы құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жиһаздар әкелініпті. Ішкі жұмыстардың аяқталуы да таяп қалған сияқты. Мектептің ауласы түгелдей жобаға сай әрленген. Меркі ауданы, Аспара ауылдық округі, Қайыңдысай ауылындағы 150 орындық мектептің де абаттандыру, құрылыс, сыртқы жұмыстары түгел аяқталған. Тек кейбір керекті құрал-жабдықтары жолда келе жатқан көрінеді. «Айтылған сөз – атылған оқ». Құрылыс басқармасы бұл жолы да уәде беріп отыр. Дана халқымыз «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені, емен ағаштың иілгені – сынғаны» дейді. Облыс әкімдігінің құрылыс басқармасындағы жауапты тұлғаларды кінәлаудан аулақпыз. Дегенмен уәде берерде тиісті мердігер компанияның әлеуетіне де қарау керек-ау немесе жұмысты әу бастан қарқынды жүргізу, істі дұрыс ұйымдастыра білу қажет. Берілген уәдеге ар-намыс мәселесі ретінде жауаптылар да, мердігерлер де қарауы қажет. Уәдеде тұру – сенім ұялатудың жалғыз жолы. Халыққа уәдені орындамағаны емес, босқа үміттендіріп, күткізіп қойғаны ауыр тиеді. Бұзылған уәде достықты, үмітті, мәрттікті өлтіреді. Сонымен қатар халықтың билікке деген сенімі жоғалады. Осыны ұмытпайық! Эльмира БАЙНАЗАРОВА
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар