Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БИЫЛ НЕНДЕЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?

БИЫЛ НЕНДЕЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?
ашық дереккөз
БИЫЛ НЕНДЕЙ ӨЗГЕРІСТЕР КҮТІП ТҰР?
Көшкен селдей, ескен желдей зымырап өтіп жатқан өмір-ай десеңізші! Қоян жылын қарсы алып, мәре-сәре болып жатқанымыз кеше ғана секілді еді. 12 айымыз 12 күндей көзді ашып-жұмғанша өте шығып, үлкен үмітпен, биік мақсатпен, асқақ арманмен Ұлу жылына қадам бастық. Жалпы 2023 жыл еліміз үшін есте қаларлықтай елеулі оқиғаларға толы болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жаңа бастамалары мен тың идеяларының нәтижесінде еліміз дамудың жаңа бағытына түсті. Қоян жылы қазақ елі үшін қандай құтты, қайырлы болса, табалдырықтан озған Ұлу жылы да жағымды жаңалықтарымен, іргелі өзгерістерімен ерекшеленеді деп сенеміз. Ендеше жақсылықты, игілікті жұртшылыққа жария етпек ниетте Жаңа жылдан бастап өмірімізде орын алатын өзгерістердің маңыздыларына тоқталып өткенді жөн көріп отырмыз. 70 МЫҢ ТЕҢГЕДЕН 85 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ДЕЙІН 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру мақсатында Қазақстанда ең төмен жалақы мөлшері 70 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 28 215 теңге, ең төменгі зейнетақы 57 853 теңге, айлық есептік көрсеткіш 3 692 теңге болады. Базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін күнкөріс минимумы 43 407 теңгені құрайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушілер жұмыскерлерге еңбекақыны ең төменгі жалақыдан төмен болмайтын деңгейде қамтамасыз етуге міндетті. Нәтижесінде 85 мың теңгеге дейін жалақы алатын түрлі меншік нысанындағы кәсіпорындардың барлық саласында жұмыс істейтін 1,8 миллионға жуық жалдамалы жұмыскердің, оның ішінде бюджет саласындағы 350 мың қызметкердің ақшалай кірістері өседі. Айлық есептік көрсеткіш мөлшерінің ұлғаюына байланысты мемлекеттік баждың мөлшерлері өзгереді. Осылайша биылдан бастап жеке куәлікті 738 теңгеге, 36 беттен тұратын стандартты паспортты 29 536 теңгеге жасатады. Неке қию туралы куәлік – 3 692 теңге және қайта алу – 1 846 теңге, жүргізуші куәлігі – 4 615 теңге және ажырасу туралы өтініш беру үшін 7 384 теңге төлейді. Айта кетейік, балалар паспорты екі есе арзандайды. Енді 16 жасқа дейінгі балаларға 24 беттік паспорт жасату үшін мемлекеттік баж 14 768 теңгені құрайды. ЗЕЙНЕТАҚЫ МЕН ЖӘРДЕМАҚЫ ӨСЕДІ 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заңда 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік жәрдемақылар мен базалық зейнетақы төлемдерінің барлық түрін ҚР Ұлттық Банкі айқындайтын инфляцияның болжамды деңгейіне сәйкес 7 пайызға, ынтымақты зейнетақыны 9 пайызға, яғни инфляция деңгейінен 2 пайызға ілгерілеп арттыру көзделген. 2024 жылы бюджеттен төленетін жиынтық зейнетақының орташа мөлшері 130 414 теңгені құрайды (2023 жылы – 120 838 теңге). Сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдан бастап бес жыл ішінде ең төмен базалық зейнетақыны ең төмен күнкөріс деңгейінің 70 пайызына дейін, ең жоғары – 120 пайызға дейін жыл сайын кезең-кезеңімен арттыру жүзеге асырылады. Мәселен, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап базалық зейнетақының ең төмен мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 60 пайыздан 65 пайызға дейін ұлғайтылатын болады, бұл 28 215 теңгені құрайды, ең жоғары мөлшері ең төмен күнкөріс деңгейінен 100-ден 105 пайызға дейін арттырылып, 45 578 теңгені құрайды. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап: - 1,2,3 баланың тууына берілетін жәрдемақы 131 100 теңгеден 140 296 теңгеге дейін, 4 және одан да көп бала тууына берілетін жәрдемақы 217 350 теңгеден 232 596 теңгеге дейін ұлғаяды; - мөлшері балалар санына байланысты көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы 4 баласы бар отбасылар үшін 55 304 теңгеден 59 183 теңгеге дейін, 10 баласы бар отбасылар үшін 138 000 теңгеден 147 680 теңгеге дейін ұлғаяды; - I топ мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топ – 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топ – 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) асыраушысынан айырылу және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша төлемдер 7 пайызға ұлғайтылады. Аталған төлемдер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға бюджеттен берілетін мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша жүзеге асырылады. ЖАЛАҚЫ КӨБЕЙЕДІ Қаржы министрлігі ұсынған есеп бойынша, 2024 жылы үй шаруашылықтарының кірістерін арттыру бағдарламасын жүзеге асыруға 3,5 триллион теңге қарастырылған. Оның 2,5 триллионы 1,5 миллионнан астам бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсалмақ. Балабақша тәрбиешілерінің жалақысын 30 пайызға көтеру үшін бюджеттен 96 миллиард теңге қарастырылған. 242 миллиард теңге ғылымды қаржыландыруға бағытталмақ. Нәтижесінде 616 жетекші отандық ғалымның жалақысы артады. Мемлекеттік табиғи және орман қорғау қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге 15 миллиард теңге қарастырылған. Сондай-ақ 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап су саласы қызметкерлерінің еңбекақысы орта есеппен 25 пайызға ұлғаяды. Мемлекеттік БАҚ құралдарында еңбек ететін қызметкерлердің де айлығы 30 пайызға өседі. Сонымен қатар биылдан бастап қауіпті өндіріс орындарында жұмыс істейтіндер әлеуметтік төлем алатын болды. Жаңа заң жобасын Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әзірледі. Бұл металлургия, энергетика, тау-кен секторындағы жұмысшыларға қатысты. Төлемақы 55 жасқа толғандарға 200 мың теңге көлемінде беріледі. Кеншілердің жалақысы да өсуі мүмкін. Ең төменгі табыс 300-400 мың теңге шамасында болады. Ал бүгінде қауіпті өндіріс орындарында 490 мыңнан астам адам жұмыс істейді. МОРАТОРИЙ АЯҚТАЛДЫ Қазақстанда шағын кәсіпкерлік, соның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерін барып тексеруге мораторий аяқталды. 1 қаңтардан бастап орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың тексерісі қайта жанданады. Елімізде бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтарда жарияланған болатын. Бастапқыда мораторий 2023 жылғы қаңтарда аяқталады деп жоспарланған. Алайда былтыр Президент оның мерзімін тағы бір жылға ұзартқан болатын. Сондай-ақ 2024 жылдан бастап бизнесті тексеруге адам қатыспайды. Өйткені елімізде тәуекелдерді басқару жүйесі автоматтандырылады. Нәтижесінде бизнесті жоспарлы тексеру 2 есе және айыппұлдар саны бірнеше есе азаяды деп күтілуде. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап бірыңғай жиынтық төлемнің қолданылу мерзімі аяқталады. БЖТ жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген, өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін 2019 жылы уақытша енгізілген болатын. Бірыңғай жиынтық төлемнің ай сайынғы мөлшері: республикалық маңызы бар қалаларда, астанада және облыстық маңызы бар қалаларда тұратын жеке тұлғалар үшін – 1 АЕК; ал басқа елді мекендерде тұратын жеке тұлғалар үшін 0,5 АЕК болды. Алайда Үкімет бес жыл бойы қолданылған бірыңғай жиынтық төлемді 2024 жылдан бастап алып тастауды жөн көрді. Шенеуніктердің сөзіне сенсек, БЖТ өзін-өзі ақтамаған. Сондай-ақ жалпыға бірдей декларациялаудың III кезеңі енгізіледі. Оның шеңберінде активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылар және дара кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынуға міндетті. «9-20-25» БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛАДЫ 2024 жылдан бастап Қазақстанда «9-20-25» жаңа ипотекалық бағдарламасы іске қосылады. Жыл сайын 8 мың қазақстандық бұл бағдарламамен баспанаға ие бола алады. Сыйақы мөлшерлемесі – 9 пайыз, бастапқы жарна – 20 пайыз және несие мерзімі 25 жылға дейін. Осы шарттар бойынша келесі жылдан бастап тұрғын үйді ипотекаға алуға болады. Іске асыруға 100 миллиард теңге бөлінеді. Тағы бір жағымды жаңалық, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Оған сәйкес, балаларға жыл сайын ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы есептеледі. Балалар 18 жасқа толғанға дейін инвестициялық кіріс мерзімінен бұрын алынбайды. АВТОГАЗДЫҢ ШЕКТІ БАҒАСЫ БЕКІТІЛДІ Энергетика министрінің 2023 жылғы 22 желтоқсандағы бұйрығымен республикадағы жанармай құю стансаларын тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа жеткізу жоспары аясында сұйылтылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің шекті бағалары бекітілді. Осылайша 1 литр үшін қосымша құн салығын есепке алғанда ең жоғары бөлшек сауда бағасы: Астана – 76 теңге; Алматы – 81 теңге; Шымкент – 64 теңге; Алматы облысы, Солтүстік Қазақстан облысы – 81 теңге; Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары – 54 теңге; Ақмола облысы, Шығыс Қазақстан облысы, Қостанай, Қарағанды облысы – 76 теңге; Жамбыл облысы – 71 теңге; Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстары – 64 теңге; Павлодар облысы – 74 теңге; Абай, Жетісу, Ұлытау облыстары – 76 теңге. Облыс орталығынан шалғайдағы (200 шақырымнан астам) елді мекендер үшін де шекті бөлшек бағалар бекітілді. Бұйрық 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Осы орайда жаңа жылдан бастап газ жабдығы бар көліктерде арнайы сәйкестендіру белгісі болуы міндеттелгенін атап өткен жөн. Леп белгісі және «GAS» деген жазуы бар, сары түсті үшбұрыш нышан газ баллонды жабдығы бар көліктердің барлығына жапсырылуы тиіс. Сондай-ақ бұл белгі жабық паркингтерге кіргенде автокөлік оңай танылатындай етіп орнатылуы қажет. Бұл газбен жүретін көліктердің жабық тұрақтарға қойылмауын бақылап, тұрғындардың қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі. ПЕТИЦИЯ ҮКІМЕТ ДЕҢГЕЙІНДЕ ҚАРАЛАДЫ 2024 жылы сәуір айынан бастап онлайн петиция берудің арнайы платформасы іске қосылады. Петицияны міндетті түрде қарау үшін аудандық, облыстық және республикалық деңгейде дауыс шегі бекітілген. Сол шекті мәнге жеткен петиция ғана қолдау тапты деп саналады: аудан әкімдігі қарау үшін – 2,5 мыңнан астам; аудандық мәслихат үшін – 5 мың; облыстық деңгейде – облыс халқының 1 пайызынан астамы; облыстық мәслихат – облыс тұрғындарының 2 пайызы; Үкімет деңгейінде қарау үшін 50 мың адамның қолы қажет. Петицияны электронды түрде де, жазбаша да беруге болады. Осылайша еліміздің бірқатар заңына енгізілген өзгерістер жаңа жылдан бастап күшіне енді. Әрбір өзгеріс елімізді жаңа белестерге, тек жақсылықтарға бастай бергей! Талғат НҰРХАНОВ
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар