Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Келер күннен күтеріміз көп...

Келер күннен күтеріміз  көп...
ашық дереккөз
Келер күннен күтеріміз көп...
Жаңа жыл қарсаңында өткен жылды қорытындылап, келер жылға жоспар құратын жақсы дәстүр бар. Өткен күнге өкпе жоқ, келер күннен үміт көп. Міне, қоян жылын да артқа тастап, ұлу жылынан бақ-береке күтіп отырмыз. Осы орайда «Жаңа жылдан не күтесіз?» деген сауал аясында бірқатар тұрғынның ой-пікірін білген едік. – Жаңа жыл мен үшін ерекше мереке. Ересек адам болсам да түрлі ғажайыптар мен күтпеген жақсылықтардың өмірімізде орын алатынына әлі күнге дейін сенемін. Жаңа жылдың уақыты таяп, сағат тілі 00.00-ге таяған сайын ойымдағы тілегімнің орындалатынына сенімім мол. Жылдағы жеке дәстүрім бойынша, әр жылдың соңына қарай өзіме есеп беруге тырысамын. «Не істелді, қай істі өз деңгейінде орындай алмадым?» деген сұрақтар бойынша ой қорытамын. 2023 жыл мен үшін кәсіби тұрғыдан өте жемісті болды деп айтуға болады. Өзім еңбек етіп отырған аудандық «Қордай шамшырағы» газеті 90 жылдығын үлкен тебіреніспен атап өтті. Біздің газеттің басты бағалаушылары – оқырмандарымыз. Олардың да ыстық ықыласына бөлендік. Газет оқырманы 2023 жылы бұрынғыдан да көп болды. 2024 жылға арналған жоспарларды жасап, аудан тұрғындарының мүддесі үшін сапалы жұмыс атқаруға тырысамыз. «2023 жыл қандай болды?» деген сұраққа жауап бере отырып, жеке өміріме келетін болсам, шыны керек, жақындарым мен туыстарыма өте аз көңіл бөлдім. 2024 жылға мүлдем басқаша жоспарлар құрып, алдағы жылы атқаратын істерімді параққа тізіп қойдым, – дейді «Қордай шамшырағы» – «Қордайский маяк» аудандық қоғамдық саяси газетінің директор – бас редакторы Шолпан Сабанова. Жаңа жылды дәстүр бойынша отбасымен қарсы алып, жақындарымызбен мерекелік дастарқанда бас қосатынымыз анық. Әрине, ізгі тілектер мен жылы лебіздер толассыз айтылады. Мұнда көпшіліктің айтылған тілектің қабыл болатынына сенімі жатыр. Көпбалалы ана Жазира Сапарбекова да сенім алдамайтынын айтады. Ол: «Бұл жыл елімізде бірнеше төтенше жағдай орын алды. Жан-жақта орман өрті, жел деген секілді табиғи апаттар көрініс тапты. Сонымен қатар 2023 жыл еліміз үшін әртүрлі жаңалықтарға толы болды. Қай ана үшін де баласының амандығынан асқан байлық жоқ қой. Көпбалалы аналарды түсінемін, әрқайсысы баласының амандығы, қауіпсіздігі, болашағы үшін уайымдайды. Өзім – 6 баланың анасымын. Балаларымның үлкендері жұмыс істейді, іссапарға жиі шығады. Баланың өсіп, өз алдына жұмыс істеуі, отбасы құруы – заңдылық. Осыдан артық ана үшін бақыт бар ма?! Дегенмен ана жүрегі қашанда алаңдаулы. Бала мен ана өлімі болмаса екен деп тілеймін. Қаншама халық қиналып қалды өзге елдерде. Ең біріншіден, біздің еліміз бейбіт аспанда, еркіндікте өмір сүріп жатқанымызға қуануымыз керек. Келер жылдың халқымыз үшін қауіп¬сіз, апатсыз, төтенше жағдайсыз болғанын тілер едім. Елдегі саяси өзгерістер, демократияға қадам жасалып, халықпен диалог орнатылып жатқаны, әлбетте, құптарлық іс. Алайда мұның жанында ел қауіпсіздігі ұмыт болмасыншы деген тілегім бар. Сапарға шыққан әрбір жолаушы үйіне аман-есен қайтатын, әр ана баласымен қуанышта қауышатын жыл болғай», – деді. Тараз қалалық мәслихатының депутаты Зарина Қуатова өткенге салауат айтып, болашаққа үмітпен қарайтынын тілге тиек етті. Ол 2023 жыл ерекше оқиғалармен есте қалғанын сөз етті. – Өткен жылға өкпе жоқ. Бұл жылы мен халық қалаулысы болдым. Отбасымда да көптеген жақсы өзгерістер орын алды. Өзім басқаратын телеарна да көп жетістікке жетті. Бір сөзбен айтқанда, 2023 жыл – тəуелсіз Қазақстанның жаңа бір дəуірге қадам басқан құтты жылы, тарихи оқиғаға толы өзгерістерімен тарих қойнауына еніп барады. 2024 жылдан да күтер үмітіміз көп, алға қойған мақсатымыз айқын. Біз саяси жаңару дəуірін бастадық. Құдайға тəубе, оның алғашқы қадамы сəтті басталды деп толық сеніммен айта аламын. Енді Президент Жолдауында алға қойылған жоспарлар мен талап-міндеттер жəне Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі ұсынған ұсыныстар толық жүзеге асады деген үміттемін. Себебі қазір билік те, зиялы қауым да сөзден іске, жалпылықтан гөрі нақтылыққа көше бастады. Жұрт та соны талап етіп отыр, – дейді Зарина Пердібекқызы. Біз сөзге тартқан тұрғындардың Жаңа жылдан күтер жақсылығы мен сенімі, үміті осындай. Жаңа жыл жақсылыққа толы болсын! Эльмира БАЙНАЗАРОВА elmira231284@mail.ru
AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар