Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

ХОББИДЕН БАСТАЛҒАН ФОТОӨНЕР

ХОББИДЕН БАСТАЛҒАН ФОТОӨНЕР
ашық дереккөз
ХОББИДЕН БАСТАЛҒАН ФОТОӨНЕР
Фотография – хас өнердің өзі. Фотоаппарат ұстағанның бәрі фотограф емесі анық. Онда тек құр кескін емес, сөйлеп тұрған бейне болуы шарт. Фотосурет – бақыттың, қуаныштың, той-томалақтың, туған күндердің жарқын бейнесі. Әркім өзінің қас қағым сәттерінің ең бір керемет сәтін фотомен таңбалауға құмар. Дегенмен ең қымбат фотоаппаратты сатып ала салып, небір таңғажайыпқа толы фотосуреттерді өмірге әкелемін деу бекершілік. Бірақ, суретке түсіру өнерінің қыр-сырын жетік меңгерген жандар жетерлік. Солардың бірі белгілі фотограф, «Instagram» әлеуметтік желісіндегі белсенді автор – Рустам Шарипов. Асылында адам бала күнінен қандай да бір іске қабілетті болып, сол қабілетін үнемі жетілдіріп отыратын болса, түбінде табысқа жетпей қоймайды. Рустам секілді. Ол оқушы кезінен-ақ ойдан оқиға құрастырудың хас шебері еді. Талдың ұшар басына шығып алып, ту-у биіктен айналадағы сұлулықты барлағанға бейіл-тұғын. Бірақ кейіпкеріміз ол кезде осының бәрі болашақ фотографқа керек қасиеттер екенін білмеген де...  width= Кейіпкеріміз өнерді жақсы көретін адамдардың қатарынан. Бала күнінен айналасындағы оқиғаларды, адамдардың әр сәттегі түрлі көңіл күйін фотосуретке түсіргенді ұнататын. Оқушы күнінде көкесі сыйға тартқан шағын фотоаппараты болатын. Шығармашылық ізденісті қажет ететін осы саладағы ең алғашқы жетістіктеріне оқушы кезінен қол жеткізген. Бірақ ол кезде жас жігіттің алдында белгілі бір бағыт болған жоқ. Айналадағы өзіне ұнайтын табиғат көріністерін, достарын, ағайын-туыстарын кадрға ала бастады. Содан біртіндеп таныстары той түсіруін өтінген. Осылайша кішігірім тапсырыстар келе бастайды. Ақыға түсіргендіктен әрине, сапа керек. Ол үшін жан-жақты ізденіс, еңбектену керек. Түрлі экперименттер жасап көреді. Уақыт сырғыған сайын кейіпкеріміздің де фотоөнерге деген махаббаты күшейе берді. Ол басына нендей бір идея келсе, соны жүзеге асырып көруден, жаңашылдыққа ұмтылудан шаршамайтын адам. Рустамның негізгі бағыты – портрет жанры. Бұл бағытта фото түсіретін жалғыз өзі ғана деп айтудан аулақпыз. Себебі Тараз қаласында портрет жанрында фото түсірумен әуестенетін өзге де фотографтар бар. Алайда кейіпкеріміз түсірген фотолардың ерекшелігі – әдемілікті беру. Әдемілікті жеткізу үшін түрлі эффектілерді қосып, өзіндік стилін қалыптастырған. Көбінесе нәзікжандыларды, жас жұбайларды, жұптарды, отбасылық фотосессияларды жасайтын болғандықтан оның суреттерінен шынайы сезімдерді байқай аласың. – Көбінесе сезімталдығы жоғары суреттерді жақсы көремін. Адамның жан дүниесін ашатын фотосуреттер жаныма жақын. Әрине, фотосурет те өнерге жататындықтан жақсы дүние жасау үшін шабыт, ептілік керек. Тағы бір назар аударарлық нәрсе – келген модельдің көңіл күйі де түсіретін суретке қатты әсер етеді. Модельдің ұйқысы қанық, көңілі жайдары болса суреттер де тамаша шығады. Ал техникалық тұрғыда айтар болсақ, ең бірінші фотоаппарат сапалы болуы тиіс. Оның объективі мықты болуы керек. Мен осы өнерге алғаш келгенде белгілі бір бағытым болмаған. Содан да болар, фотоаппаратымның қандай екендігін, тіпті эффект пен техника деген нәрсеге мән бермеппін. Бірде Ташкентте тұратын танысым Таразға келді. Жалпы, ол екеуіміз фотография өнері, портрет жанры жайында көп әңгімелесеміз, тәжірибе алмасып тұрамыз. Мен оған екеуіміз фотоаппаратымызды алмастырып жұмыс істеп көрейік деп ұсыныс тастадым. Ол бірден келісе кетті. Сонымен қыздарды, табиғатты түсіре бастадық. Нәтижесін қарасақ, досымның фотоаппаратымен түсірілген суреттердің бәрінің түсі қанық әрі әдемі болып шығыпты. Мен бұл қалай деп таңданып жатырмын. Сонда ғана досымның ақылынан білдім. Бұл өнерде ең маңызды нәрсенің бірі – жақсы фотоаппарат таңдай білу. Бұл жеке менің пікірім. Кейбіреулерге ғажайып фото жасау үшін жақсы аппараты болуы шарт емес. Өзімнің техникама келер болсам, жас күнімнен бері «Canon» аппаратын қолданып келемін. Фотоаппараттың осы моделі оң жамбасыма сай келеді, – дейді Рустам. Кейіпкеріміздің түсірген суреттерінің жалпы санын жобамен айтар болсақ, қоржынында 50-60 мыңнан аса фото бар екен. Солардың арасында өзіне ерекше ұнайтыны жүзге жуық. Қанша жылдық тәжірибесінде түрлі эксперименттер жасалды. Тіпті «Instagram» парақшасына жарияланбаған, модельдің өзіне бермеген суреттері де бар. Фотографтардың тілімен айтқанда осы уақытқа дейін 6 терабайт контент жасаған. Талантты өнер иесі өзіне үнемі сын көзбен қарайды. Үнемі ізденіс үстінде. Жаңа дүниелер жасауға құмартып, жаңа леп іздейді, бұрынғы жұмыстарын қайталағысы келмейді. Әлемге танымал фотографтардың жұмысын тамашалап, өзіне керек жерін алып, шеберлік курстарына қатысып, өзін-өзі дамытып отырады. Ол соңғы уақытта шабытты әсем әуезді әннен алып жүргендігін жасырмады. Белгілі бір әнді тыңдап отырып, әуеннің құшағына кіріп кеткендігі соншалық миына түрлі идеялар келе бастайды. Моделі кім, түсірілім алаңы қандай болады, қай эффект, қай түсті қолданады, образ қандай болады. Барлығы санасында сайрап тұрады. Сондай сәттерде ойына оралған әдемі өлең шумақтарын қағазға түсіруге асыққан ақындай қиялындағы идеясын жүзеге асыруға ұмтылады. Негізгі мамандығы заңгер азамат бұл ісін жай хобби емес, нағыз өнер деп есептейді. – Бұл салаға келгенімде ешқандай курсқа қатыспадым. Маған ешкім ештеңені үйретпеді. Фотосуреттің негізін түртпектеп жүріп үйрендім. Жаңағы оқулар осының негізін тез арада үйренуге мүмкіндік берді. Ал енді шеберлігіңді шыңдау фантазияңа байланысты. Әрбір түсірілім сенің қиялыңда шарықтайды. Соны тірілтіп, жан бітіргің келеді. Оған қоса, түсіруден шаршамау керек. Үйде болсаң да, сыртта жүрсең де, көлікте болсаң да, ұнаған сәтті қалт жібермеген жөн. Өз басым, камерасыз шығып кетсем, құр қол жүргендей боламын. Болашақта басқа салаға ауысатын ойым да жоқ. Бұл кәсіппен біте қайнасып кеттім. Қазір хоббиімді де, жұмысымды да бір-бірінен ажырата алмайсыз. Демалыссыз жұмыс істесем де, жаным рахаттанып, ләззат сыйлайды. Ал жасаған ісіңнен ләззат ала білу үлкен бақыт. Сол бақытты жоғалтқым келмейді. Сурет түсіру – менің өмірім, – дейді талант иесі. Кейіпкеріміздің айтуынша, бұл істі өнер ретінде де, кәсіп ретінде де бағалау керек. Себебі ақша болмаған жерде мотивация болмайды. Ол пайдаланатын техниканың жабдықтары арзан тұрмайды. Әрбір пайдаланатын құрал-жабдықтарын ақтау үшін кәсіп ретінде қарауға мәжбүр. Себебі оған қаражат керек. Ал енді екінші бір қырынан тек кәсіп деп қарайтын болса, өнер жағы кемшін түсуі бек мүмкін. Сол себепті, таразының басын тең ұстаған жөн деп санайды. Өнер жоқ жерде идея, жаңашылдық, ізденіс болмай қалады. Кәсіп жоқ жерде қаражат жоқ. Сондықтан фотограф екеуіне де тең қарайды. Фотографтың қазіргі табысы жаман емес. Әрине, табыс оңайлықпен келмейді. Демалыс дегенді білмейді. Шақыртулармен түрлі түсірілімдерде жүреді. Танымалдылығың артқан сайын көпшілік те жиі шақырады. Әсіресе «Instagram» арқылы тауып, хабарласып жататындар көп. Рустам тек өз елімізбен шектеліп қалмай шығармашылық жолында Өзбекстан, Түркия, Ресей секілді алыс-жақын шетелдерге шығып тұрады. Барған елінің әсем табиғатын, сұлуларын да өз нысанасынан тыс қалдырмай, оңтайлы сәтті пайдаланып түсіріп алады. Кейіпкеріміз өз сөзінде портет жанрының майталмандары Ирен Рудник, Игорь Булгак сынды танымал авторлардың жұмысынан шабыт алатынын сөз етті. Сонымен қатар фоторетуштың шебері швед фотографы Эрик Йоханссонның жұмыстарына қызығушылығы жоғары. Оның жанры тіптен бөлек. Double exposition дейміз, яғни ол иллюзия фотолар жасайды. Заттармен көп жұмыс істейді. Сондай жұмыстардан көп мотивация алатындығын айтып өтті. Қазіргі уақытта суретке түсірудің хас шебері болып алған Рустам аталмыш кәсіптің басты артықшылығы мен кем тұстары жөнінде сыр шертті. Оған қоса, ол бұл салаға енді ғана қадам басып келе жатқан жас фотографтарға өз кеңесін берді. – Бұл саланы енді ғана үйреніп келе жатқан қыз-жігіттерге айтарым – өзіңе сену және біреудікін жалға алғанша өз фотоаппаратың болғаны абзал. Несиеге алсаң да, өзіңдікі болғаны дұрыс. Әрине, оған жету оңай емес. Мен де бұл жағдайға бірден қол жеткізгенім жоқ. Алайда тырыссақ бүкіл мақсат орындалады. Барлығы өз қолымызда. Содан кейін, мен мықты түсіремін деп қателік жібермеу керек. Сенің жұмысың өзіңе үнемі ұнамау керек. Өзіңе ең қатал сыншы болған жөн, – дейді фотограф. Фотографтың алға қойған арман, мақсаттары аз емес екен. Болашақта жеке студия ашсам деп армандайды. Ал әзірге оның «студиясы» – кең дала, табиғат аясы, «моделі» – қарапайым адамдар. Солардың күнделікті тіршілігі оның негізгі нысанасы.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар