Қылмыстық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оларды бейтараптықпен, тез және толық ашу, тергеп-тексеру, оларды жасаған адамдарды әшкерелеу және қылмыстық жауаптылыққа тарту, әдiл сот талқылауы және қылмыстық заңды дұрыс қолдану, адамдарды, қоғамды және мемлекетті қылмыстық құқық бұзушылықтардан қорғау қылмыстық процестің мiндеттерi болып табылады.
Қылмыстық процесті жүргiзетін орган қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi.
Жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипатына және ауырлығына қарай қылмыстық қудалау мен сотта айыптау жекеше, жекеше-жариялы және жариялы тәртіппен жүзеге асырылады.
Бұл ретте жекеше айыптау шағымдары бойынша іс жүргізу тәртібі мен ерекшеліктері Қазақстан Республикасы Қылмыстық ‑процестік кодексінің (әр қарай мәтіні бойынша-ҚПК) 47-тарауында толығымен белгіленген және бұл қылмыстық іс жүргізудегі заң нормаларын қалай қолдану керектігі өзгерістер мен толықтырулар енгізілген «Жеке айыптау істері бойынша сот тәжірибесі туралы» ҚР Жоғарғы Сотының 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 13 нормативтік қаулысында түсіндірілген.
ҚПК-нің 32-бабы 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы iстер жекеше айыптау iстерi болып есептеледі. Осы істер бойынша іс жүргізу жәбiрленушiнiң шағымы бойынша ғана басталады және оның айыпталушымен, сотталушымен татуласуына орай тоқтатылуға жатады.
Жекеше айыптауды тұлға (жәбірленуші) сотқа, соттылық туралы қағидаларды сақтай отырып, адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы шағым беру арқылы қозғайды. Егер мұндай шағым анықтау органына, тергеушiге немесе прокурорға берілген болса ол сотқа жiберiлуге жатады.
Осы тұрғыда жергілікті соттар жекеше айыптаумен байланысты істер бойынша қолданылатын заңнамалардың талаптарын дұрыс қолдану керек. Себебі мұндай істер бойынша шағымдарды іс жүргізуге қабылдаудан негізсіз бас тарту және оларды қайтаруда заңның талаптарын дұрыс қолданбаудан, азаматтардың сот төрелігіне қол жетімділігі қамтамасыз етілмей, олардың конституциялық құқықтарының бұзылуына алып келеді.
Жеке айыптау істері бойынша іс жүргізу тәртібі осы ҚПК-нің 407-413 баптарында белгіленген.
Осы Кодекстің 408-бабы 2-бөлігінің талабы бойынша шағымда ол берiлген соттың атауы, қылмыстық құқық бұзушылық оқиғасының сипаттамасы, дәлелдемелерi көрсетiле отырып, оның жасалған орны мен уақыты, сотқа iстi iс жүргiзуге қабылдау туралы өтiну, қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адам туралы мәлiметтер; сотқа шақырылуы қажеттi куәлардың тiзiмi қамтылуға тиіс. Егер шағымға талап арыз және талап қоюдың талаптарын растайтын қажетті материалдар қоса берілсе, шағымда азаматтық талап қоюды қарау туралы өтiну де қамтылуы мүмкiн.
Шағым сотқа істің аумақтық тұрғыдағы соттылығына сәйкес, өздеріне қатысты жекеше айыптау iсi қозғалатын адамдардың санына қарай көшiрмелерiмен бірге берiледi.
Егер жекеше айыптауды бiрнеше тұлға нақ бір адамға қатысты қозғаса, олар бір шағымды бірлесіп немесе әрқайсысы бiр-бiрiнен тәуелсiз жеке түрде бере алады.
Егер нақ бір қылмыстық жазаланатын іс-әрекетке қатысты жекеше айыптауды қозғауға бiрнеше тұлға құқықты болса және ол олардың бiреуiнiң арызы бойынша қозғалған болса, қалған тұлғалар басталып кеткен iс жүргiзуге қатысуға құқылы. Бұл жағдайда көрсетілген тұлғалардың әрқайсысының арызы бойынша өз алдына iс қозғау талап етiлмейдi.
Сондай ақ, егер бұл iс жүргізу қозғалған қылмыстық жазаланатын іс-әрекеттiң нысанасына байланысты болса, айыпталушы айыптаушыға қарсы айыптау бiлдiруге (шағым беруге) құқылы. Айыптау және қарсы айыптау бiр мезгiлде шешiлуге тиiс. Бұл ретте айыптауды кері қайтарып алу қарсы айыптау бойынша iс жүргiзуге әсер етпейдi.
Егер жекеше айыптау бұрын кері қайтарып алынған болса, ол қайтадан ары қарай қозғалмайды.
Сот шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдаған кезден бастап оны берген тұлға жекеше айыптаушы және жәбірленуші болып табылады және оларға заңда көзделген құқықтар түсiндiрiледі, бұл туралы судья және шағым берген тұлға қолдарын қойған хаттама жасалады.
Егер берiлген шағым осы Кодекстiң 408-бабының 2-бөлiгiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес келмесе, судья өзінің қаулысымен оны берген тұлғаға шағымды осы талаптарға сәйкес келтiрудi ұсынады және бұл үшiн қисынды мерзiм белгiлейдi. Нұсқау орындалмаған жағдайда судья өзiнiң қаулысымен шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тартады және оны берген тұлғаны бұл туралы хабардар етедi. Көрсетілген мән-жай бойынша шағымды қабылдаудан бас тарту қылмыстық жауаптылықтың ескіру мерзімі біткенше сотқа осындай шағымды қайтадан беруге кедергі келтірмейді.
Осы ретте айта кететін жайт, жоғарыда аталып өткен ҚР Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 3-тармағында көрсетілгендей, шағымда көрсетілген әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық құрамының немесе оқиғасының болмауына байланысты, соның ішінде жасалған әрекет маңызды емес, дәлелдемелер жоқ, шағымға бұрынғы соттылығы, айыпталушының психикалық жағдайы туралы және басқа да мәліметтер тіркелмегенін негізге алып соттар шағымды іс жүргізуіне қабылдамауға құқылы еместігін тікелей атап өткен.
Сонымен қатар, аталған қаулының 7-тармағында қылмыстық қудалау органдарынан түскен немесе тікелей сотқа нақты арызданушымен жіберілген шағым бойынша судья жәбірленушіні шақыртып және ол тұлғаны қылмыстық жауапқа тарту туралы шағымда көрсетілген өз өтінішін қолдай ма жоқ па, сондай-ақ оның дұрыс шешілуін қамтамасыз ететін басқа да мән-жайларды анықтауы тиіс екендігін көрсетілген.
Судья жекеше айыптау iсi бойынша шағымды қарап, үш тәулiк iшiнде: шағымды өзiнiң iс жүргiзуiне қабылдау туралы; шағымды оның тергеулігi немесе соттылығы бойынша беру туралы;шағымды iс жүргiзуге қабылдаудан бас тарту туралы қаулы шығарады. Егер шағым осы Кодекстің 408-бабының 2-бөлігінде көрсетілген талаптарға сәйкес келсе және сол соттың соттылығына жататын болса, сот оны өз іс жүргізуіне қабылдайды.
Егер шағым сол соттың соттылығына жатпаса немесе онда адамды осы Кодекстің 32-бабының 2-бөлігінде көрсетілмеген өзге іс-әрекеттерді жасады деп айыптау туралы өтіну болса, судья өз қаулысымен шағымды тиісінше – соттылығы бойынша сотқа немесе тергеулігі бойынша қылмыстық қудалау органына жібереді.
Бұл ретте шағымның авторы судьяның шағымды заң талабына сәйкес келтіру керек деген нұсқауын орындамаса не осы Кодекстің 35-бабында көзделген, қылмыстық қудалаудың басталуы мүмкін болмайтын мән-жайлардың бар екені анықталса, судья өз қаулысымен шағымды қабылдаудан бас тартып, көшірмесі тараптарға жiберiледi.
Сондай ақ сот отырысын тағайындау үшiн негiздер болған ретте судья шағым сотқа келiп түскен күннен бастап жетi тәулiкке дейiнгі мерзiмде өзіне қатысты шағым берiлген тұлғаны шақырып, оны iс материалдарымен таныстыруға, берiлген шағымның көшiрмесiн табыс етуге, сотталушының сот отырысындағы осы Кодекстiң 65-бабында көзделген құқықтарын түсiндiріп, бұл туралы одан қолхат алынады.
Судья жекеше айыптаушыдан және сотталушыдан олар сотқа шақыратын куәлардың тізімін беруін талап етеді. Өзіне қатысты шағым берiлген адам сотқа келмеген жағдайда, шағымның көшiрмесi сотталушының құқықтары, сондай-ақ қорғау куәларының тізімін сотқа ұсыну қажеттігі түсiндiрiліп, поштамен не басқа байланыс құралдары пайдаланыла отырып жiбередi.
Судья тараптарға татуласу, оның ішінде медиация тәртібімен татуласу мүмкiндiгiн түсiндiруге мiндеттi. Егер олардан татуласу туралы арыз немесе медиация тәртібімен татуласуға қол жеткізу туралы келісім түскен болса, iс бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң 35-бабы 1-бөлiгiнiң 5) тармағы негiзiнде судьяның қаулысымен тоқтатылады.
Егер тараптардың арасында татуласуға қол жеткiзiлмесе, судья iстi сот отырысында қарауды тағайындайды.
Жекеше айыптау iсiн сот отырысында қарау, осы Кодекстің 411-бабында белгіленген алып қоюларды қоспағанда сот талқылауының жалпы қағидалары бойынша жүргiзiледi.
Жекеше айыптау жөнiндегi iстi қарап, судья Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің қағидаларын басшылыққа ала отырып, мына шешiмдердiң бiрiн қабылдайды: 1) айыптау немесе ақтау үкiмiн шығарады; 2) iстi тоқтатады; 3) жариялы немесе жекеше-жариялы тәртіппен қудаланатын қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталған кезде істі сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргiзу туралы мәселенi шешу үшiн тиісті прокурорға жiбередi.
Соттың жекеше айыптау iсi бойынша шығарған мұндай шешiмдерiне тараптар осы Кодексте көзделген тәртiп пен мерзiмде жалпы негiздерде шағым жасай алады.
Жамбыл облыстық сотының судьясы Ғалымжан Қансейтұлы Нұрлықұлов
Есірткі – қоғам дерті
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024