
Мәселен, Тараз қаласында азаматтарды қабылдау «Mart» ойын-сауық орталығында, ал Жуалы ауданында Бауыржан Момышұлы ауылының орталық алаңында өтті.
Акция аясында апта басында құқық қорғау органдарының мамандарынан құралған мобильді кеңес тобы Жуалы ауданына барды. Облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің майоры Мейіржан Медетханов ауыл тұрғындарына қаржы пирамидалары туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізсе, Тараз қалалық полиция басқармасының киберқылмыстар бөлімінің бастығы, полиция капитаны Дидар Өскенбай интернет-алаяқтарынан сақтанудың жолдарын және алаяқтарды әшкерелеу мен ақшаны қайтару жолдарын түсіндірді.
Қоғамдық қабылдауда тұрғындар тарапынан қойылған көп сұрақ жергілікті атқарушы органдардың өкілдеріне жолданды. Атап айтқанда, Жуалы ауданы әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Жатқанбайдың қабылдауына келгендер көп болды. Ауыл тұрғындары газ тарту, ауызсу тапшылығы, «Көксай» демалыс аймағына апаратын жолды жөндеу сияқты мәселелерді көтерді. Мысалы, Қоныртөбе ауылының тұрғыны Гаухар Астаева ауылға су құбыры тартылғанымен, жеке аулаларға су кіргізу жұмыстары жүргізілмегенін айтты. Қ.Жатқанбайдың сөзінше, бұл жұмыстарды тұрғындардың өздері атқаруы тиіс. Бір метр су құбыры үшін 2 180 теңге төленеді, содан кейін «Жуалы су» мекемесі қажетті жұмыстарды атқарады.
Ал Қоныртөбе ауылының тұрғындары жергілікті медицина пунктінде жалпы тәжірибелік дәрігердің жоқтығына шағымданды. Бұл мәселе де акция барысында оң шешімін тапты. Орталық аудандық аурухананың бас дәрігері Батырбек Үсенбаев аталған медициналық пунктке терапевт маманның сол күні орналасатынын мәлімдеді.
Мұндай іс-шаралар алдағы күндері де жалғасын табады. Ұйымдастырушылар халықты барынша қамтып, көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға ниетті. Облыс прокурорының аға көмекшісі Нариман Тоқтарбековтің айтуынша, акцияға дайындық кезінде халықтан түскен өтініштер алдын ала қаралып, соған сай мобильді топтардың қайда баратыны анықталыпты.
Айта кетейік, қоғамдық қабылдаулар күн сайын сағат 11:00-ден 13:00-ге дейін Тараз қаласындағы «Mart» ойын-сауық орталығында және аудан орталықтарында өтеді.
Сонымен қатар, 2025 жылғы 24 маусым күні сағат 10:00-де облыстық прокуратурада «Ашық есік» күні өтті.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ