Сапасыз құрылыстың сұрауы кімнен?
Осы күні қандай да бір құрылыс нысаны бой көтерсе, оның сапасына жұрттың күмәнмен қарайтыны рас. Өйткені елімізде сан түрлі бағдарламамен салынған тұрғын үйлердің кейбірінің қабырғасы жылу ұстап тұра алмаса, тағы бірінің шатырынан су сорғалауы, жертөлесінің сыз тартуы, қолданысқа берілгеніне жыл өтпей жатып қабырғаларының жарылуы, сылақтарының қабыршақтанып түсе бастауы секілді жайттар елдің құрылыс сапасына деген сенімін жоғалтқаны шындық. Бір кездері Қарағандыдағы «Бесоба» тұрғын үй кешені, Алматы қаласындағы «Алғабас» ықшамауданындағы үйлердің өзінен-өзі күйрей құлауы да жұрттың үрейін алғаны есте.
Бұл енді мердігерлердің өз міндетін толық атқармауынан болған жағдай. Дегенмен тұрғын үй сатып аларда жұрт құрылыс нысанының сапасыздығын бірінен-бірі естісе, ондай үйді сатып алудан ат-тонын ала қашады. Бұл жерде айтпағымыз, халықтың баспана алуға келгенде таңдау еркіндігі бар екенінде. Бұған өзіміздің облыс, оның ішінде Тараз қаласының тұрғындарының да арасында қолында нақты ақшасы барларының ескі де болса сапалы салынған үйлерді сатып алуға тырысуы дәлел. Ал халықтың таңдау жасап жүруіне мүмкіндігі жоқ нысандар сапасыз салынса ше? Мұндай жағдайда жергілікті тұрғындар болған іске амал жоқ көнеді, басқа жол жоқ.
Мәселен, халықтың табиғи өсіміне қарай балабақшалардың жеткіліксіздігін жою, бүлдіршіндердің, жеткіншектердің мектепке дейінгі тәрбиемен, орта біліммен қамтылуын қамтамасыз ету мақсатында салынатын мектеп, балабақша құрылысының сапасында мін болмауы керек. Өйткені ұлт ұрпағына тәрбие-білім беруде балаларға қауіп төнбеуі тиіс. Бірақ біздің артта қалған 30 жылдық тарихымызда бұл мәселелерге онша бас қатырмағандар болғанын несіне жасырамыз? Сапасыз салынған нысанды тапсырыс беруші мекемелердің жауапты адамдары мердігерлерден «бармақ басты, көз қысты» әрекет арқылы немесе таныс-тамырдың өтінішін жерде қалдырмау пиғылымен қабылдап алуын осы күнге дейін болмаған жайт деп кім айта алады? Ондай нысан қабылданып кеткеннен кейін жылдар өте анықталған кемшілік бойынша жауаптыларды іздеу, оларға шара қолдану бізде өте сирек кездесетін жағдай. Өйткені арада жылдар өткенде анықталған ақау бойынша нысан құрылысын жүргізгенді де, оны қабылдап алғанды да не Еңбек кодексімен, не Мемлекеттік қызмет туралы заңмен жауапқа тарта алмайсың. Мұны қазақ бірауыз сөзбен «түйе көпірден өтіп кетті» дей салады.
Жауаптыларға жаза қолдану жоқ емес, бар. Бірақ ол тек қана сапасыз салынған нысанда қандай да бір оқыс жағдай туындап, беті аулақ, оқушыны апатты жағдайдағы нысан басып қалғанда, яғни адам шығыны, адам денсаулығына нұқсан келуі немесе сол нысанды салуда, қабылдауда жауаптылардың қаржы жымқырғаны секілді жайттар анықталғанда ғана тиісті адамдар Қылмыстық кодекс бойынша іздестіріле бастайды. Құрылысты сапасыз салғандарды, оны қабылдап алғандарды арада қанша жыл өтсе де мемлекеттің бюджетіне немқұрайдылықпен қарағаны, мемлекетке материалдық шығын келтіргені үшін неге жауапқа тартпасқа?
Біз бір ғана мысалды айтайық. Мәселен, Меркі ауданының Меркі ауылында 2012 жылы пайдалануға берілген «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасының бес жылдан кейін оң қанаты қауіпті жағдайда екені анықталған. 2017 жылдан бері арада 6 жылы өтті. Бала өміріне қауіпті деп танылған осы мекемеде сол жылдардан бері ауыл балалары тәрбиеленіп келді. Қазіргі таңда онда 280 бала бар. Осы уақытқа дейін балаларды қауіпті орында қорықпай тәрбиелеуге рұқсат берген кім? Біз осыны анықтамақ болып Меркі ауданындағы білім бөлімінің басшысы Айгерім Алтынбаеваға хабарластық. Ол аталған нысан сейсмологиялық сараптамадан өткізіліп, нысанның «қауіпті» деп танылған оң қанатына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге рұқсат берілгенін айтты.
– «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасын келер жылы күрделі жөндеуден өткіземіз, қазір жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып жатыр. Өйткені нысан бойынша сейсмологиялық қауіпсіздік бойынша сараптама жүргізіліп, топотүсірілім, геология және техникалық зерттеу жұмыстары жасалып, тиісті мекеменің «нысанды күрделі жөндеуден өткізіп, пайдалануға болады» деген қорытындысы алынды. Соның нәтижесінде «Балдәурен» бөбекжай-бақшасы бұдан әрі жұмыс істей береді.
Балалардың қауіпсіздігіне келсек, нысанның оң қанаты қауіпті жағдайда деп танылса, бүлдіршіндер осы нысанның сол қанатында тәрбиеленіп жатыр.
Өзім Тараз қаласында еңбек етіп, осы ауданның білім бөліміне басшы болып кейінгі жылдары қызметке келдім. Сондықтан да нысанның сапасыз екені қабылдап алғандарға кезінде байқалды ма, байқалмады ма, әрине, ол жайлы ештеңе айта алмаймын, – деді Айгерім Аханқызы.
Осы орайда біз Меркі ауданының әкімі Жорабек Баубековтен бірқатар сұраққа жауап алуды жөн көрдік. Бүлдіршіндер үшін қауіпті жағдайда тұрған «Балдәурен» бөбекжай-балабақшасын қалпына келтіруге аз қаржы жұмсалмайтыны белгілі. Нысанды сейсмологиялық сараптамадан өткізуге қанша қаржы жұмсалды? Нысанның оң жақ қанатын қалпына келтіруге және нығайтуға алдағы уақытта қанша қаржы жұмсауды жоспарлап отырсыздар? Осы сейсмологиялық сараптама, күрделі жөндеу жұмыстарын қолға алу арқылы мемлекетке қанша теңге материалдық шығын келіп отыр? Мемлекеттік бюджет есебінен, яғни халықтың салығынан құралған қаржыға аталған балабақша құрылысын жүргізген, оны қадағалауда ұстаған жергілікті басқарушы органның сол кездегі жауапты маманы кім болғанын, сапасыз нысанды қабылдап алғанда тиісті құжатқа кім қол қойғанын анықтадыңыздар ма? Пайдаланылуға берілгеніне ең болмаса 7 жыл толмай жатып қауіпті деп танылған нысанның құрылысы жобалық-сметалық құжатқа сай жүргізілген бе? Құрылыс жобалық-сметалық құжатқа сай жүргізілсе, нысанның оң қанаты неліктен қауіп тудырды? Осы нысанды пайдалануға беруде, яғни ғимарат құрылысын жүргізуде, оны қабылдап алуда тамыр-таныстыққа, сыбайлас жемқорлыққа жол берілмегенін зерделедіңіздер ме? Нысанның салынғанына он жыл толғанда аудан қайтадан күрделі жөндеу жұмысын жүргізуге мәжбүр болып отыр. Бұл мемлекеттік бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді. Сондықтан кезінде осы істің басы-қасында болғандарды жауапқа тарту үшін неге қылмыстық іс қозғамай отырсыздар?
Біз аудан басшысынан осы жағдайдың орын алуына жауапсыздықтың, салғырттықтықтың, жемқорлықтың, тамыр-таныстықтың қайсысы себеп болғаны жөнінде нақты әрі уәлі жауап күтеміз.
Нұрым Сырғабаев
nurymsyrgabaev28@gmail.com
Келесі мақала